Сұлулық құрбандықты талап етеді. Бүгінгі таңда сұлулық үшін құрбандыққа баратындар көп. Десек те, сыртқы келбетімізді мінсіз күйде ұстауға арналған күнделікті әрекеттердің пайдасынан гөрі зияны басым, ал кейбіреулері ақша мен уақытты құр босқа жұмсауға мәжбүрлеп қана қоймай, теріге залал келтіреді. Сол себепті «Сырласу» бүгінгі мақалада сіздермен сұлулықты сақтаудың сырларымен бөліспек.
№ 1 аңыз: “Күнделікті макияж теріге зиян”
Шын мәнінде теріге макияж емес, бояулы бетпен ұйқыға жату көбірек зиян келтіреді. Неге десеңіз, түнде тері демалып, оттегімен қанығуы керек. Ал күндізгі уақытта УК-сүзгілері, ылғалдандырғыш және қорғағыш қасиеттері бар заманауи косметика бет терісін қоршаған ортаның агрессивті әсерінен қорғап, пайдасын тигізеді.
№ 2 аңыз: “Егер косметикалық құралда «гипоаллергенді» деген жазу болса, онда ол кез келген теріге жарамды”
«Гипоаллергенді» косметика құрамына спирт кірмейді. Сондықтан да зат сатып алудан бұрын, тіпті ең қауіпсіз құралдың да құрамын мұқият оқып шығу керек. Табиғи өнімдерге негізделген косметика бәріне бірдей қолайлы болмауы мүмкін.
№ 3 аңыз: “Ылғалдандырғыш крем әжімдердің алдын алмайды”
Шын мәнінде бүгінгі күні көптеген ылғалдандырғыш кремдер әжімдердің пайда болуымен күреседі. Ең бастысы, күнделікті қолданатын креміңіздің құрамында УК-сүзгілері мен антиоксиданттары бар дәрумендер болуы қажет.
№ 4 аңыз: “Крем теріге тез үйренетіндіктен, әсері де жылдам жоғалады. Сол себепті уақытылы ауыстырып отыру керек”
Кейде жаңа кремге ауысу теріге күйзеліс әкелетіндігі рас. Бірақ әр маусым үшін теріні күту ережелері әрқалай екенін есте ұстаған жөн. Егер жазда рН оңтайлы деңгейін ұстап тұруға арналған кремді қолдану жеткілікті болса, суық ауа райының басталуымен теріні тікелей күн сәулесінен, жел мен шаңнан қорғауға арналған қоректік және ылғалдандырғыш элементтері бар кремді қолданған дұрыс.
№ 5 аңыз: “Кремді бетке төменнен жоғары қарай жағу керек”
Көп адамдар бетке крем қолданудың арнайы ережелері бар екеніне сенімді. Жоғарыдан төменге қарай айналмалы қозғалыстар кремнің әсерін күшейтеді. Шын мәнінде, арнайы ережелері бар, бірақ қол қимылдары айтарлықтай рөл ойнамайтындығын ұмытпаңыздар!
№ 6 аңыз: “Әжімдерден арылу үшін суды көп ішу керек”
Халық арасында «Жеткілікті мөлшерде тұтынылатын су терінің қартаюын баяулатады» деген аңыз кең таралған, десек те ол дәлелденбеген. Эпидермистің жоғарғы қабаты өлі жасушалардан тұратындықтан, олар ылғалды іштен алмайтындығын біліп жүріңіздер.
№ 7 аңыз: “Күнделікті бет гимнастикасы әжімдерден арылтады”
Бет – бұлшықеттері тікелей теріге бекітілген жалғыз дене бөлігі. Тұрақты созылулар мен жаттығулар әжімдерді тегістеуге ықпал етпейтіндігін естен шығармаған жөн.
№ 8 аңыз: “Безеуге күн сәулесі пайдалы”
Күн сәулесінің теріні құрғататындығы рас, бірақ тері тесігін бітеп тастайтын майды бөліп, оған жауап береді. Сонымен қатар күн сәулесінде қорғаныссыз ұзақ уақыт жүру күн аллергиясын туғызуы мүмкін, оның салдары, керісінше, теріде безеулердің көбеюіне әкеліп соғады.
№ 9 аңыз: “Бірқалыпты күнге күю – сау терінің көрсеткіші”
Күнге күю – бұл терінің зақымдануына қарсы қорғаныс реакциясы. Күнге тегіс күю теріге зақым келгендігінің әрі өзін қорғауға тырысқандығының белгісі.
№ 10 аңыз: “Меңді жою – денсаулыққа зиян”
Мең – бұл терідегі пигментті форма. Олар түрлі пішін мен түрлі түсте болады. Туа біткен дақтардың көпшілігі қауіпсіз болып келеді, бірақ сыртқы факторлардың әсерінен олардың кейбіреулері меланомаларға айналады, сондықтан терідегі, әсіресе ашық жерлердегі қалдарды алып тастаған жөн. Аталмыш медициналық процедура толығымен қауіпсіз болып табылады.
№ 11 аңыз: “Бетті мұзбен сүрту – пайдалы”
Бетті мұзбен сүрту бәріне бірдей пайдалы емес, кей кезде төмен температура теріні зақымдауы мүмкін: қан ағымы бұзылып, ісіну және тамырлы жұлдыздар пайда болуы ықтимал. Сонымен қатар май бездері функциясының төмендеуі икемділіктің жоғалуына әкеліп соғады.
Бұл процедураны жиі пайдаланбаған жөн, ал құрғақ терілі адамдар одан мүлдем бас тартқаны дұрыс. Бет терісі үшін көптеген косметикалық құралдар бар, олардың пайдасы мұзға қарағанда әлдеқайда зор.
№ 12 аңыз: “Тісті әр тамақтанудан кейін тазалау керек”
Тамақтанғаннан кейін бірден тісті тазалау пайдалы ғана емес, сонымен қатар зиянды да, оны соңғы зерттеулер растап отыр. Тамақ өнімдері арқылы ауыз қуысына енетін қышқыл тіс эмаліне сіңіп, оның эрозиясына ықпал етеді. Егер тамақтан соң, жарты сағат ішінде тісіңізді жуып отырсаңыз, тіс эмалі тез зақымданады.
№ 13 аңыз: “Лак – тырнаққа зиян”
Тырнақ – өлі жасуша. Егер тырнақ пластинасы тыныс алса, онда лак жоғары ылғалдылыққа байланысты көп тұрмайтын еді.
Тырнаққа оттегі қажет емес, себебі ол кутикула астындағы капиллярлар арқылы қоректенетіндігін ұмытпаңыздар!