Жан әлеміӨкініш

Жан құрбым күйеуіме көз тікті

Сәлем менің Сырласуым. Есімім жасырын болып қалғанын қалаймын. Күйеуіммен отасқанымызға екі жыл. Арамызда 5 айлық тәп-тәтті қызымыз бар. Менің айтайын дегенім, күн өткен сайын "жан" құрбымның қылықтарын түсіне алмай келемін.

Біз Айжан екеуіміз бала күнгі доспыз. Студенттік шағымыз да бір оқу орнында өтті. Жасым жиырмаға келгенде жүрек қалауым, жан-жарымды кездестірдім. Оны екінші кездесуде-ақ жар дегенге жалғыз жан құрбыммен таныстырдым. Ол маған жігітімнің тым жақсы екенін айтып, сүйсініп отыратын. Жігітім расымен де қыз қызығарлық қылығы мен сымбаты бар болатын. Екі жылдан кейін отау құрдық. Осы уақыт аралағында құрбым үнемі жанымызда жүретін. Тойға қамданған кезде де оның рөлі басым болды. Бір сөзбен айтқанда отбасымыздың бір мүшесіне айналып кеткен еді. Енді сол құрбым телефон шалса болды, күйеуімді сұрап қояр емес. Не істеді, не қылды, бәрін білгісі келеді. Өзі туралы ештеңе айтқысы келмейді. Біздің үйге де жиі келіп тұрады. Оның күйеуіме тесіліп қарайтынын байқап жүрмін. Енді тіпті үйіне дейін шығарып салуды өтінетінді шығарды. Құрбым түр-әлпеті, мүсіні келіскен қыз. Әлі тұрмыс құруға асықпаймын дейді. Еркектермен әмпей-жәмпейі бар еді. Бірақ ұзақ уақытқа дейін жамандыққа қимай жүрдім. Енді уақыт өткен сайын менің дәл көз алдымда күйеуіме қырындауды қояр емес. Ызаға булығып кетемін, бірақ, құрбымның бетіне ашып айта алмаймын. Күйеуім қызым екеуімізді тастап кете ме деп қорқамын. Өзімді күтіп, оның көңілінен шығу үшін бәрін жасап жүрмін. Күйеуім де мені сүйеді. Бірақ құрбымның қылықтары маза берер емес.