С: Сізді көпшілік «Шетелдегі қазақ балалары» жобасы арқылы таниды. Бүгініңіз туралы бірі білсе, бірі біле бермейді. Қазір қайдасыз, нақты немен айналысып жүрсіз?
Мен үш жыл бұрын Астанадан Атырауға қызмет бабымен ауысып келгенмін. «Қазақстан-Атырау» телеарнасының директорының орынбасары және бас редакторы болып жұмыс істедім. Осында жолдасыммен танысып, бірге бас қостық. Оның да жұмысы Атырауда болғандықтан, осы жерде тұрып жатырмыз. Өткен жылы жазда отбасы жағдайыма байланысты телеарнадағы жұмыстан кеттім. Қазір тек өз-өзімді дамытумен, алған білімімді бөлісумен айналысудамын.
С: Тренинг жүргізіп жүр екенсіз. Онда қандай тақырыптарды қозғайсыз?
Тренинг жүргізу – арнайы жоспарланған мақсатым емес. «Басқалар жасап жатыр, мен де жасайын» деген ой болған жоқ. Жантану әлеміне ден қойғаннан кейін, ғайыптан осындай ой келді. Бұл идея менімен көп жыл өмір сүріпті. Менің босауымды, еркіндікке шығуымды күтіп жүріпті. Өмірлік тәжірибемнен жинақтаған ілімімді мұқтаж адамдармен бөліскім келді. Білгенімді басқаға жеткізу – менің миссиям тәрізді. Өткен жылы үш тренинг және журналистикадан бір мастер-класс өткіздім. Тренингтің екеуі Атырауда, біреуі Оралда болды. «Әйелге энергия не үшін қажет?», «Бастағы найзағайлар соқтығысын қалай тоқтатуға болады?» «Тұрмысқа шығу үшін әрекет ету керек. «Қалай?» немесе «Экс-кәрі қыздан құнды кеңес» деген тақырыптарды қозғадым. Қыз-келіншектер өте жақсы қабылдады. Қазір инстаграмдағы тікелей эфирімде: рухани практика, табысқа жету жолдары, айналаңмен, жолдасыңмен қарым-қатынас туралы айтамын. Әйел адам-ның қызметтегі рөлі, өзін қалай ұстауы, әйелдің негізгі міндеті, негативті эмоциядан құтылу туралы да әңгімелеймін.
С: «Мен психолог емеспін» деп бірнеше рет көрсетіпсіз. Сонда ақыл-кеңестер тек өмір тәжірибесінен алынған ба?
Иә, психолог емеспін. Мен мотиватормын. Ақыл-кеңестер өмірлік тәжірибемнен алынған. Оның бәрі маған катарсис арқылы келген. «Катарсис» деген не десеңіз, ол грек тілінен аударғанда тазару, рухани өрлеу, жаңғыру деген мағынаны білдіреді. Яғни, өміріңде болған уайым-қайғы, түрлі сәтсіздіктерді жеңіп, сабақ ала отырып, тазару, басқа деңгейге көтерілу.
Міндетті түрде қосымша материалдар пайдаланамын. Түрлі кітаптар оқып, лекциялар тыңдаймын. Менде көбінесе бірнеше ілім қосылып, бір арнаға тоғысып жатады. Соның бәрін ой елегімнен өткізіп, адамдарға жеткіземін.
С: Өзіңіз шетелдік азаматпен бас қостыңыз. Өзге ұлт өкіліне тұрмысқа шығу жөніндегі бұрынғы және қазіргі ойыңыз?
Бұрынғы және қазіргі ойым деп бөліп жарып айта алмаймын. Әрине, өзім қазақ болған соң, қазақ қызының қазаққа тұрмысқа шығып, қазақтың ұрпағын өсіргенін қалаймын. Алайда әркімнің тағдыры әртүрлі. Мұстафа Шоқай айтқан ғой, «Жаман мемлекет жоқ, жаман адам бар» деп. Сондықтан жақсы адам да, махаббат та ұлтқа бөлінбейді. Қазақтың ішінде де жаманы бар. Біз бәріміз адамбыз. Барлық ұлт өкіліне бірдей қараймын. Бірақ насихаттап, үгіттеудан аулақпын. Бұл менің тағдырым, мен оны қабылдадым.
С: Бірде «Тұрмысқа шыққаннан кейін атақты болдым» деп көрсетіпсіз. Бұрынғы Жанар мен қазіргі Жанардың айырмашылығы бар ма?
Ол менің әзілдеп жазған сөзім. Әлбетте, жасыратыны жоқ, тұрмысқа шыққаннан кейін мен туралы: «Шетелдегі қазақ баласын түгендеген қызымыз басқа ұлт өкіліне тұрмысқа шығып кетіпті» деген түрлі ақпараттар көп тарады. Бұның астында жағымсыз нотада айтылған небір пікірлер де жазылды. Мен кез келген пікірді дұрыс қабылдаймын.
Негізінен, өзімді журналистикаға үлесімді қосқан адаммын деп есептеймін. Бұрынғы Жанар мен қазіргі Жанардың айырмашылығы жер мен көктей. Қазір мүлде басқамын десем де болады. Құрбыларымның айтуынша, 180 градусқа өзгеріппін. Өзгермегені: адалдық, өтірік айтпау, жағымпазданбау, жамандық жасамау, өмірді таза күйінде қабылдау.
С: «Кеш тұрмысқа шыққаным – тағдыр жазуы» дейсіз. «Болашақ – өткен іс-әрекетің мен ойлаудың нәтижесі» деген де бар ғой?
Әрине, ол тағдырдың жазуы. Біз көлікті таңдап, сатып ала аламыз. Күйеуді олай сатып ала алмаймыз. Неке көкте қиылады. «Болашақ – өткен іс-әрекетің мен ойлаудың нәтижесі» дегенге де келісемін. Бірақ нағыз өз адамыңды жер бетінен қолыңа шырақ алып іздесең де таппайсың. Ол бір Жаратушының асқан шеберлігінің арқасында болатын дүние дер едім.
С: Жасы келген қыздар ең басты нені ескеру керек?
Жасы келсе де тұрмысқа шықпай жүрген қыздар ең бірінші рухани практикамен айналысып, жалғызбастылықтарын қабылдау керек. Аллаға мойынсұнып, айналасына жақсылық жасауы тиіс. Бұл – тұрмысқа шығуды мүлдем ұмыту деген сөз емес. Қайғыңды ұмытып, басқа адамдарға көңіл бөлу. Туысқаныңа, көршіңе, әріптестеріңе мейіріміңді төгу. Көшедегі ит, мысықты тамақтандыру. Ең бастысы – «мен жалғызбын» деп үйде жатып алмау, «бәрі бітті» дегенді санадан алып тастау! Барлығы біздің өзімізге байланысты екенін ұқса екен деймін.
С: «Мен қазаққа тұрмысқа шықпаймын» дейтін қыздар бар. Бұл туралы не айтасыз?
Ол қыздардың ойында басқа дүниелер болуы мүмкін. «Басқа ұлт өкіліне тұрмысқа шықсаң жағдайың жақсы болады, олар көп мүмкіндік береді, үй шаруасына да көмектеседі» дейтін болар. Өз басым «қазаққа тұрмысқа шықпаймын» деп айтқан емеспін. Олай ойлайтын қыздарға айтарым – қазаққа шықпаймын деп емес, жаман адамға шықпаймын деген жөн болар. Ең бастысы – жолыққан күйеуі жақсы адам болсын деп тілеймін.
С: Тәжірибелі маман ретінде жас журналистердің қай әрекетін қолдайсыз, қай ісіне күйінесіз?
Журналистика – ең қасиетті сала. Ол кез келгеннің қолынан келмейтін жұмыс. Жазу өнері екінің біріне берілмеген. Әлеуметтік желі дамып тұрған заманда бәрі жазғыш болып кетті ғой. Бірақ жақсы, жаман деп ештеңе айта алмаймын. Рухани практикамен айналысқаннан бері ешкімді сынап, мінегім келмейді. Әркімнің өз өмір жолы, әлемді қабылдауы бар. Бір ғана айтарым – журналис-тер ар-ожданды бірінші орынға қойып, әдепсіздікке жол бермей, қателіктерінен сабақ алса екен.
С: Қазір блогерлер көбейіп кетті. Тіпті, кейбірінің жазбаларын тұрпайы болса да ел оқуға құмар. Бұған не дейсіз?
Әлеуметтік желіні ауыздықтау өте қиын. Сондықтан ол адамның өзіне байланыс-ты. Әр блогердің өз аудиториясы бар. Демек аудитория өзіне сай дүниелерді қабылдайды. Адамның барлығы жоғары ойлау деңгейіне ие емес қой. Тұрпайы жазбаларды оқитын болса, санасы сол деңгейде деген сөз. Интелектісі жоғары адам ондай дүниені оқымайды. Кейбір адамның психикасы керексіз дүниелерді қабылдап алып, сол бойынша өмір сүруі мүмкін. Мұның бәріне уақыт сарапшы. Ғаламдық жүйе әрқайсысын өз орнына келтіреді деп сенемін.
С: «Шетелдегі қазақ балалары» бағдарламасы сияқты үлкен жобаларды қолға алу ойда бар ма?
Бағдарлама жабылғалы 3-4 жыл өтті. Бірақ әлі де Жанар Байсемізова десе, ассоциация – «Шетелдегі қазақ балалары». Бұл бағдарламаны аса құрметтеймін. Мен ол үшін көп нәрсені құрбан еттім. Өзім үшін де көп пайдасы тиді. Одан кейін авторлық бағдарлама жасамадым. Осыған ұқсас жобаны іске асырмақ болып едім, өкінішке қарай, кедергілер кездесіп, орындалмады. Алдағы уақытта дәл мұндай болмаса да, жоғары деңгейдегі жобалар жасауды ойлап жүрмін.