Бала тәрбиесіОтбасы

Ас үйде балаңыз кедергі жасамасын десеңіз…

Тез арада кешкі ас дайындауыңыз керек делік. Бірақ балаңыз етегіңізге жармасып, мүмкіндік берер емес. Мұндайда не істеуге болады? Әлбетте, баланы қасыңызға алыңыз! Ол да азық-түліктермен өз бетінше айналыссын.

Асхана ойындары: Моншақ жасау

Тесік көздері бар, түтікше тәрізді әртүрлі макарондарды алыңыз. Балаға жіп немесе бауды беріп, кеспелерден моншақ жасауды көрсетіңіз. Анасына, әжесіне арнап, білезік пен алқа жасауды тапсырыңыз. Оларды жіпке тізу үшін бала көп уақытын жұмсайды.

 Сапыру

Баланың қолына кішкене кәстрөл мен түрлі өлшемдегі шөміштерді беріңіз. Алдына су өткізбейтін алжапқыш тағып, шашыраған суды сүртетін шағын майлық қойыңыз. Нәтижесінде 20 минут бос уақыт табасыз.

Көңіл көтеру

 Жиынтықтар қатарына бұршақ, макарон, дәнді-дақылдар, аскөк, ақжелкен сияқты табиғи өнімдер мен ермексазға арналған пышақты қосыңыз. Оның өзбетінше көңіл көтеруіне мүмкіндік беріңіз. Оған қарап өзіңіз де жадырап қаларыңыз анық.

 Көңілді кесінділер

Мұндайда тәрелке мен тәтті нандардарды кесуге арналған әртүрлі пішіндегі темірлер қажет. Сондай-ақ сэндвичке арналған нан, жұқа кесілген ірімшік, қияр тілімдері де керек. Олардың көмегімен балаға бутерброд жасауды көрсетіңіз. Осылайша сәбиіңіз анасына, әкесіне және өзіне арнап жасаған жұлдызшалары мен жүрекшелеріне мәз болып отырсын.

 Ұнтақ жармасы

Жалпақ табақ немесе үлкен ыдысқа көптеп ұнтақ жармасын төгіңіз. Оны тегістеп жайып, баланың қиялына ерік беріңіз. Саусақпен сурет салсын, бетін дәнді дақылдармен безендіріп немесе оларды көміп қойып, сүзгішпен қайта тауып алсын. Ұнтақ үстінен ұзақ жолдар салып, кішкене көліктер мен шағын адамдарды ойнатсын.

 Асханалық шығармашылық

 Енді ас бөлмеге қоюға болатын немесе кешкі ас кезінде әкесіне көрсететін туынды жасатып көріңіз.

Макарон аппликациясы

Қағаз бетіне жұқалап түссіз желім жағыңыз. Оған құрғақ макарондарды жабыстырып, сәбиіңіздің шығармашылық шабытын оятыңыз. Болған соң оны кептіріп, үстінен неше түрлі бояларды сеуіп, бүркиді. Қандай әдемі сурет шыққанын балаңызбен бірге тамашалаңыз.

Preparing a healthy meal

Ұнтақтардан сурет жасау

Қатты қағазға қарындаш желіммен түрлі бейнелер салып, үстінен ұнтақ себеміз. Артығып төгіп тастаймыз. Ол кептен соң, алуан түсті гуашьпен бояуға болады.

 Дәндер туындысы

Қатты қағазға ермексазды қалыңдау етіп жағыңыз да, балаға асбұршақ, үрмебұршақ және күріш беріңіз. Сөйтіп оны өз еркіне қоя беріңіз. Өз қиялымен теңіз немесе табиғат пейзажын салып шығады. Макароннан жан-жағына жиектеме жасаса әдемі көрінеді.

Қамырдан жасалған қолөнер

Бір стақан ұнды бір кесе тұзбен араластырыңыз. Оған су қосып, қамыр илеңіз. Қаласаңыз, иісі үшін ванилин қосыңыз (кейбір аналар қамырды көбірек илеп, келесіге де сақтап қояды). Кешікпей ол қамырдан түрлі мүсін жасаңыз. Кепкен соң, қиялға ерік беріп, түрлі түсті гуашьпен бояп шығыңыз.

Қамырды бояудың мынадай нұсқасы да бар. Қамырды бөліктерге бөліп, әр ыдысқа салыңыз. Әрқайсына шай қасықтың ұшымен ас бояуын құйыңыз. Енді одан төмендегідей нәрселерді жасауға кірісіңіз:

  • қамырды оқтаумен жайып, шанышқымен, тиынмен және шыныаяқпен әртүрлі ізтаңбалар қалдыру;
  • Сарымсақ үккіштің көмегімен шаш пен құрттар жасау;
  • Шприцпен әріптер мен сандар, өрнектер салу.