1. Сауда жасауға жалғыз бар. Психологтар әйел заты құрбыларымен бірге жүргенде ақшасын көбірек шашып жібереді дейді.
2. Супермаркетке барғанда арбаға жармаса кетпей, себетті ал. Өйткені, азын-аулақ зат алсаң, арба бос тұрған сияқты көрінеді де, аяқ астынан басқа да заттармен толтыруға деген ықыласың оянып кетуі мүмкін.
3. Дүкенге бар ақшаңды алып жетіп барма, жаратқанда орны ойсырап қалмайтындай соманы ал.
4. Сатушының сені көндіруіне мүмкіндік берме. Олардың қызметінен сыпайы, бірақ сенімді түрде бас тарт.
5. «Жеңілдік» деген жазудың «азғыруына» жол берме. Жеңілдік болмаған жағдайда алуға тиісті затыңды ғана сатып ал.
6. Затты қалайда өлшеп, көріп барып ал: киім – ілгіште тұрғанда басқаша, адам үстінде басқаша көрінеді.
7. Жаңа затты таңдап жатқанда оны немен, қашан киетініңе ой жүгірт. Тек көзің жеткен соң барып ал.
8. Егер күмәндансаң, затты орнына қоюды сұра да, кетіп қал. Алда-жалда осы затқа айналып соққың келсе, кел де, сатып ал.
9. Бірден барлық жаңа стильдегі киімдерді сатып алма. Жаңаны ескімен араластырып, үйлестіре киюді үйрен.
10. Стиліңді анықтап ал. Бұл классикалық үлгіде киінетін сен сияқты Түймеқыздың ойланбай рэперлердің шалбары мен бейсболкасын сатып алуынан «сақтайды».
11. Киіп көрген киімдеріңнің ешқайсысы ұнамағанын сатушыға айтудан қысылма. Өйткені киімді киетін – сен, ал, затты сыпайылық үшін ғана сатып алу – ақымақтық.
12. Кез-келген дүкен кассасының жанында тізіліп тұратын майда- шүйде заттар сенің көзіңді қызықтыру үшін, кезек күтіп тұрғанда дереу сатып ала қою үшін әдейі қойылған. Берілме!
Айсұлу ЕРБОЛАТ