Әлемді құтқарып қалатын сұлулыққа кез келген адам құмартып, жан біткеннің бәрі сұқтанатыны сөзсіз. Сондықтан дүниежүзі ғалымдары неғұрлым жас болудың жолын қарастырып, ұзағырақ қартаймай жүрудің қыр-сырын зерттеп жатыр. Әсемдіктің небір түрін ұсынып, қай жерде болмасын жарқырап жүруіне ықпал етіп, өмір сүруге деген құштарлығын арттырудың ерекше әдіс-тәсілін ойлап табуда. Оны эстетикалық косметология деп атайды. Бұл озық мемлекеттерде, әсіресе, Корея, АҚШ, Бразилия, Жапонияда кеңінен танымал. Енді еліміздегі эстетикалық косметология түрлері мен оның бағасына тоқталып көрелік.
Биоревитализация – теріні терең қабатынан гиалурон қышқылымен қанықтыру арқылы тері кемшіліктерін алдын алу және түзету әдістерінің бірі. Теріні тереңнен нәрлендіру және тері серпімділігін қайтару.
Плазмолифтинг – адамның өз қанының тромбоциттермен байытылған плазмасының бет терісіне енуі, ол инновациялық емдеу-жасарту тәсілі арқылы жүзеге асады.
Филлер – бет пен денедегі кемістікті немесе терең әжімдерді түзу мақсатында енгізілетін инъекциялық гель. Көбінесе, жақ, иек, кеуде, ерін сынды мүшелерді әдемі формаға салумен қатар, күлгенде ерін мен мұрын арасындағы (носогуб) сызықта пайда болған әжім орнын толтыруға қауқарлы препарат.
Блефаропластиканың атқаратын қызметі – жоғарғы және төменгі қабақтағы созылған, әрі артық теріні ота түсірде алып тастау. Айта кетерлігі, блефаропластикаға көбіне азиат типтегі жандар жүгінеді. Қысық көзді ашу үшін де қолданылатын тәсіл.
Мезотерапия – аз мөлшердегі гиалурон қышқылы мен дәрумендер кешені. Айтулы процедура теріні тереңнен нәрлендіру, қартаю процессін баяулату және ылғалдандыру үшін инъекция, яғни ине арқылы терінің терең қабатына енгізу арқылы жүзеге асады.
Ботокс – бұл ботулотоксинді препарат. Ол жүйке жүйесін тыныштандыра отырып, терідегі мимикалық бұлшықеттерді жұмсартып, әжімді жоюға үлкен әсер етеді.
Эстетикалық косметология неше тұрады?
Сонымен эстетикалық-косметолигиялық сұлулықтың құны қанша тұрады? Оның бағасын біздің арулардың қалтасы көтере ме? Бұл үшін біз Алматы қаласындағы эстетикалық косметологиямен айналысатын орталықтардың бағасын сарапқа салып көрдік.
Қызмет түрі | «Tiffany Plaza» | «Dalida» | «Be Allure» |
Биоревитализация | 50 000-70 000 тг | 35 000 тг | 12 000-20 000 |
Плазмолифтинг | 20 000-100 000 тг | 55000 тг | 10 000 тг |
Филлер (Носогубка) | 75000 тг | 30 000 тг | 30000 тг |
Мезотерапия | 20 000-50 000 тг | 15 000-25000 тг | 10 000 |
Ботокс бутулотоксин (1 бірлік) | 1600 тг | 1000 тг. | 400-500 тг |
Блефорапластика | 150 000 тг | – | – |
Қорытынды | 316 600-446 600 тг | 136 000-146 000 тг | 62 500-70 500 тг |
Міне, бұл эстетикалық косметологияға кететін қаржы есебі. Әлбетте, шамамен.
Аталмыш орталықтардың бағаларының сан алуан болуына бірнеше себеп бар. Мәселен:
1. Дәрілік препараттардың сапасы және қай мемлекеттен өндірілгеніне байланысты. Айталық, Франция, Корея және Швецариялық препараттар құны жоғары.
2. Сұлулыққа қол жеткізем деп таңдаған эстетикалық орталықтың деңгейі де бағасына әсер етеді. Өз өзін жарнамалап, маркетингтік жұмысты қолға алған атақты орталықтардың бағасы ерекше қымбат.
3. Процедураны жасайтын маманның кәсібиліге де құн нарығына әсер етеді. Негізі бұл процедураларды тек кәсіби дерматолог дәрігер жасауы тиіс. Бірақ, қазіргі таңда косметикалық тренингтерге барып, сертификатқа ие болып, сұлулық инъекциясын жасап жүрген мамандар жетерлік.
Қорытынды
Сонымен, біз бүгінгі таңда сұранысқа жоғары 6 процедураға ғана тоқталдық. Оның бесеуі ине салу арқылы жүзеге асса, біреуі ота жасау арқылы қол жеткізуге болатын дүние. Әрине, біз жіктеп берген 6 процедураның барлығы бір адамға қажет болады деп айту артық.
«Шымшық сойса да қасапшы сойсын» деген сөзді есіңізге алып, тек кәсіби маманға жүгінгейсіз!
Иә, сұлулықтың өзіндік бағасы болады! Бұл – ақиқат.