қынаменде
Отбасы

«Қынаменде» деген қандай салт?

Қынаменде – қазақ халқынан ертеден келе жатқан дәстүрлі сауық кеші. Ол күйеу жігіт қалыңдыққа алғаш рет келген күні аталып өтетін болған. Онда қалыңдық пен күйеу жігіттің жолдастары түрлі-түсті киініп, тырнақтарын бояп, көңіл көтеретін ойын-сауық күні деуге де болады. 

Бүгінде заты түгілі атының өзі көнеріп, ел есінен шығып кеткен салттың бірі – қынаменде. Сондықтан, біз ең әуелі салттың өзін емес, атауын нақтылап алсақ. Ол үшін біре анықтамаға назар аударып көрейік.

ҚСЭ-ның 7 томында «Ұлттық ғұрыпымызда салтанатты да, көңілді кештің бірі. Құда түсіп, уәде пісіп, қалың мал төлеген соң күйеудің атастырған қалыңдығын алғаш рет көруге келген тойы «қынаменде» деп аталады. Шығыс халықтарында «қынаменде» кеші қыз абыройының тазалығын білдіру үшін қалыңдықпен бірге болған күннің ертеңіне де өткізіледі. Ән, күй, би қатар жүргізілетіндіктен «қынаменде» жас жұбайлардың шаттық кешіне, жастардың махаббат мұратына жету символына айналған» деген анықтама берілген. Осы тектес тағы бір анықтаманы 1968 жылы шыққан «Абай тілі» сөздігінен де көруге болады. Аталған кітапта «Қынаменде – күйеуді қалыңдықпен алғаш рет кездестіру кеші, ойын-сауық», – делінеді.

Осы екі анықтаманың алғашқысындағы «Шығыс халықтарында қынаменде кеші қыз абыройының тазалығын білдіру үшін қалыңдықпен бірге болған күннің ертеңіне де өткізіледі» деген жолдар көп нәрсеге жетелейді.

Егер сөздің түп төркініне үңілетін болсақ, «қына менде» дейтін екі сөздің бірігуінен жасалынғанын аңғару аса қиын емес. Осы жерде әлі күнге дейін Оңтүстік қазақстан облысының кейбір өңірлерінде сақталған «ақ жайма жаю» дәстүрін еске алсақ та жетіп жатыр. Яғни, қыз абыройының қаны жұққан ақ жайманы сыртқа іліп қою арқылы қалыңдықтың адал екендігін білдіру – ескі салттан қалған бір көрініс. Қынаның қызыл болатындығын ескерсек, «қына менде» немес «қыз абыройы менде» мағынада айтылған сөз екені анық. Күйеу осы жолы өзінің болашақ жарын көріп, танысып-білісіп, тілдесіп, көңілін демдейді. Және бұл қынаменде салты қыз ұзатылуға тақау, нақты мерзімі көрсетілгеннен кейін барып атқарылатын болған.

Абайдың «Біреудің кісісі өлсе, қаралы ол» деп басталатын белігілі өлеңінде:

Күйеу келтір, қыз ұзат, тойыңды қыл,

Қыз таныстыр – қызыққа жұрт ыржаңшыл.

Қынаменде, жар-жар мен беташар бар,

Өлеңсіз солар қызық бола ма гүл?,

– деп келетін бір ғана шумақ бар. Мұнан басқа «қынаменде» туралы жырды қазақтың ескі жырларынан да таппаймыз. Бұл «қынаменде» сөзінің ел арасында аса көп айтыла бермегенін аңғартады. Керісінше  «қалыңдық  ойнау», «ұрын келу» деген атпен ел есінде көбірек сақталып қалған. Бүгінге де осы атаумен жеткен.

Осы жерде тағы есте ұстайтын нәрсе – құда түскенімен, келісім жасалғанымен күйеудің қыз ауылына «ұрыннан» бұрын келуге хақы жоқ. Егер келе қалса, қыздың туыс-туғандары (аға-інілері) қазақ әдет- ғұрыпын бұзғаны, тәртіпсіздігі үшін оны сабап жіберетін заң тағы бар. Демек, құда түсумен бірге оның ереже-қағидалары мен тәрбиелік ғұрыптары әдеп пен тәртіпті талап етеді.

Күйеудің келуі «ұрын келу» деп аталса, қыздың атастырылған күйеуін көруін «қыз қашар» дейді. Тойдың тараптарын екі түрлі атағаны болмаса, бір-бірінен айырмашылығы жоқ. Қай-қайсысы да екі жастың бірін-бірі көріп, тілдесуі үшін ұйымдастырылады. Қалыңдық жігітке қыз белгісі – орамалын берсе, оның іні-қарындастарына да түрлі сыйлықтар тарту етеді. Екі тойда да: есік ашар, ентікпе, балдыз көрімдік, күйеу табақ, сүт ақы, ат байлар, босаға аттар, сәукеле байғазы секілді толып жатқан түрлі кәделер жасалады.

Күйеу ұрын барғаннан кейін құдалық шарты бұзылатын болса, қазақ заңында өте ауыр іс. Тіпті, мұндай істің аяғы бітіспес дау-дамайға ұласып кетуі мүмкін. Күйеу өз қалыңдығынан себепсіз бас тартса, бұрынғы берілген мал қайтарылмайды және айып салынады. Батаны қыз жағы бұзатын болса, жігіт жағы берген қалың мал толық қайтарылады әрі айып төлейді.

Ұқсас мақалалар:

Дәстүр: Кемер белбеу – белге сән