Ас мәзіріНегізгі ас

Наурыз көже қалай дайындалады?

Наурыз мейрамын көжесіз елестету мүмкін емес. Тағамға қосылатын әрбір астың өзіндік сыры бар дейді білетіндер. Мысалы, айранды ақтың мол болуын ырымдап қосады. Сонымен қатар, ол ас қорытуды жеңілдетеді. Ал, дәнді дақылдардың пайдасы шаш етектен. Оларды бір тамырдан қаулап өскен дәндей ұрпағымыз көп болсын деген ниетпен салады.

Халық арасында Наурыз көженің бірнеше нұсқасы бар. Біз барынша қарапайым әрі кең таралған түрін ұсынуды жөн көрдік.

Құрамы:

ет, қазы-қарта

100 грамм бидай

100 грамм күріш

100 грамм тары

тұз

3 литр су

құрт

1 литр айран

Дайындалуы: 

Қазанға су құйып, ет, қазы-қартаны салып, қайнатыңыз. Алғаш қайнағанда сорпаның көбігін алуды ұмытпаңыз. 1,5-2 сағаттай қайнатып, етті сүзіп алыңыз. Енді дәндерді жақсылап жуып, бірінші бидайды салып, 5 минут қайнатыңыз. Екінші жарманы және күрішті салып,. 5 минут қайнаған соң, тарыны салыңыз. Талғамыңызға қарай тұздаңыз. Дәндер пісіп болды-ау дегенде оттан түсіріп, салқын жерге қойыңыз. Қазаннан түсірілген еттерді ұсақтап турап, барлығын сорпаға айранмен қосып араластырыңыз.