Бала саулығыБала тәрбиесіСаулық үшін

Сәбилерге уқалау процедурасы не үшін қажет?

Массаж сау балалар үшін де, денсаулығында қандай да бір ақауы бар балалар үшін де пайдалы. Профилактикалық мақсаттағы кешенді массаж моториканың дұрыс дамуына, бұлшықеттердің, жүйке және иммундық жүйелердің нығаюына ықпал етеді.

Массаж – бұл тек тынығудың бірден бір тәсілі ғана емес. Бұл – адам ағзасына механикалық және рефлекторлық әсер етудің тұтас кешені. Үйкелеу, ұқалау, сылау-сипалау секілді түрлі техниканың көмегімен бұлшықеттерді жақсы қалыпта ұстап, жалпы сауықтыру әсеріне қол жеткізуге болады.

Емізулі балаға массаждың қажеті қандай?

Бір жасқа дейінгі балаларға массаж аса қажет. Емізулі  сәбилер үшін бұл сауатты күтімнің бір бөлігі және сау балалар үшін оның маңызы жоғары. Себебі:

  1.   Теріге физикалық әсер етудің арқасында импульстардың бүкіл ағыны перифериялық жүйке жүйесінен миға өтеді. Бұл психикалық және психологиялық дамуға ықпал етеді.
  2. Қан айналымы жақсарады, тіндер оттегімен қанығады.
  3.  Ішке жасалған массаж баладағы желді шығаруға көмектеседі және ас қорытуды жақсартады.
  4. Барлық жаңа туған нәрестелерге тән гипертонусты жеңуге мүмкіндік береді.  Массаж балаларға емдік мақсатта жүргізілуі мүмкін. Әдетте оның көмегімен бір жасқа дейінгі балаларда келесі мәселелер жойылады:
  •  Туа біткен мойын қисықтығы.
  •  Дисплазия.
  •  Сколиоз.
  • Жамбас сүйектерінің дұрыс орналаспауы.
  • Жүйке жүйесінің дисфункциясы: бұлшықеттің шамадан тыс кернеуі, қимылдардың дискординациясы және басқа да мәселелер.

Қай уақыттан бастап нәрестеге массаж курсын тағайындауға болады?

Педиатрлар балаларға жалпы массаж жасауға кеңес береді. Себебі бұл жүрек бұлшықеті мен тыныс алу қызметін жақсартады. Оны тек педиатр немесе невропатолог тағайындай алады. Сәби өмірінің 1,5-2 айынан бастап массаж курсын қабылдай алады. Балаларға массажды тек білікті мамандар жасайды. Егер оны біліктілігі жоқ маман жасаса, нәрестенің денсаулығына зиян тиіп кетуі де мүмкін. Сондықтан, бұл мәселеде тәжірибесі жоғары маманды іздестіруден шаршамаңыз.

Егер нәрестенің ішкі ағзасының қызметі бұзылғандығы немесе табан жалпақтығы, грыжа, мойын қисықтығы, бұлшықеттердің гипертонусы анықталған болса, мұндай жағдайда ауруды емдеу үшін нәрестеге массаж курсын тағайындау қажет.

Сәбилерге арналған массажды қанша күн алу қажет?

Массаждың бала ағзасына тиімді әсер етуі үшін педиатрлар он күндік курс тағайындайды. Егер жақын арадағы клиникаға бару мүмкін болмаса, онда массаж жасайтын маманды үйіңізге шақырыңыз. Балаларға арналған массаждың бағасы қолжетімді.  Сондықтан әрбір ата-ана баласының денсаулығына қамқорлық жасай алады. Массаж курсын дәрігердің нұсқауынсыз өткізуге болмайды. Егер балаға массаж курсы 3 айында тағайындалған болса, онда келесі курсты алты айда жасауға болады. Мамандардың айтуынша, балаға екпе салынған не қандай да бір өзге процедура жасалған күні массажға барудың қажеті жоқ. Егер бала сеанс кезінде мазасызданып, жыласа, ол күні массаждан бас тартқан абзал.