Cән мен сұлулықБет күтімі

Табиғи қасқа қол жеткізудің  қарапайым әрі маңызды 7  ережесі

Жіңішке, қияқтай қастар сәннен қалғалы көп болды. Қазір трендте - табиғи формадағы барынша қалың қастар.  Ал, қастарын жұлып, жіңішкертіп тастағандарға не істейміз? Табиғи қалың қастарды қалпына келтіре аламыз ба?!  

Мамандардың сөзіне сенсек, қастың қайта қалыңдап, қалпына келуі үшін 4 ай уақыт қажет. Бірақ, қасыңызды жіппен жұлған болсаңыз, бір жылда әрең өседі, тіпті одан да  көп уақытқа созылса, таң қалмаңыз. Ендеше, ұзақ күтумен бірге, мына ережелерді сақтасаңыз – сөзсіз жетістікке қол жеткізесіз.

Brow-bar-ға (қас күтімі салоны) барыңыз

Алғашында маманмен кеңесіңіз. Одан қасыңыздың әдемі формасы мен түсін таңдап беруін өтініңіз. Әуелі қас маманы жақсылап қас пошымын сызуды үйретсін, сосын жаңа формамен ұялмай жүре беретін боласыз.

Қысқышты (пинцет) ұмытыңыз

Бұл аса маңыздысы әрі тым қиыны. Бірнеше ай бойы қысқышпен қасты жұлуды мүлде ұмытыңыз. Әдеттеніп қалған әдісті лезде доғару қиынға соғады, алайда шыдам қажет. Бұдан шығар төте жол – тек осы.

Қасты іштен нәрлендіру

Шаштың өсуіне арналған биологиялық белсенді қоспалар мен дәрумендер қастың да қалыңдауына үлкен әсер етеді. Шаш өсіретін препараттар мынадай: биотин (суда еритін  В дәрумені) және вивикал (шаштың түсуін тоқтатып, өсуіне ықпал ететін амин қышқылдыминералды қосылысы).

Қасты сырттан нәрлендіру

Өз косметикаларыңыздың ішіне міндетті түрде қастың өсуіне көмектесетін  кондиционер немесе майды қосып қойыңыз. Ошаған және кастор майларын жағатын халықтық әдістерді де пайдалана беріңіз.

Сәтті әрі қажетті тәсілді қолданыңыз

Негізі біраз уақыт сұрықсыздау қаспен жүре тұруға дайын болыңыз. Қабақтың айналасындағы артық өскен кемшілікті қарындаш, сүрме, балауыз, гель тәрізді арнайы косметикалық өнімдер арқылы көрсетпеуге тырысыңыз.

Қаперіңізде жүрсін

Негізі қасыңыздың ұшын қалпына келтіру қиынға соғады. Дәл сол  тұсы көңіліңізге қонбай тұратын болады. Оны тіпті косметикамен жасыра алмайсыз. Олай жасауға тырыссаңыз, артық қылам деп тыртық қылып аласыз. Қастың ұшындағы артық қылшықтарын жұлғызың келсе, саусағыңызды қастарыңызды ортасына қойып, қарындашпен контур жасап алыңыз. Сосын біраз уақытқа ұстамауға бел буған қысқышты қайта қолға алып, артық өскен талшықтардан құтылыңыз.

Бұрынғы қателіктерді қайталамаңыз

Бірнеше айдан соң қастарыңыз өсе бастайды және қайта формаға салғыңыз келеді. Бұрынғы «тұзаққа» ілікпей,  бірден жақсы маманға барыңыз.