бесбармақ
Ас мәзіріНегізгі ас

Бесбармақ: Қазақтың ұлттық асы “бесбармақ” дайындайық

Сурет Sandyq мейрамханасының парақшасынан алынды

Бесбармақ – қарапайым тілмен айтқанда “асылған ет”. Қарапайым болғанымен қазақ халқы сүйіп жейтін ас көбіне жылқы етінен әзірленеді. Қазы-қарта, жал-жая қосылып асқан етке жетер тағам ба ма, шіркін?! М-м-м-м…

Әлбетте, сиыр және қой етінен де бесбармақ жасауға болады. Десе де, халқымыз жылқы етін ерекше дәмі мен денсаулыққа пайдасын ескере отырып, соғым ғып сойып, бесбармақ әзірлеуге қолданған.

Сонымен, 3 адамға арналған бесбармақ тағамын әзірлеу үшін:

  • Жылқы еті – 1 келі
  • Қазы немесе шұжық – 300 гр
  • Қарта- 300 гр
  • Жал-200 гр
  • Жая- 300 гр

Қамыры үшін:

  • Ұн – 400 гр
  • Су – 100 мл
  • Тұз- 0,5 шәй қасық
  • Жұмыртқа – 1 дана

Тұздық үшін:

  • Пияз – 2 дана
  • Жасыл пияз – 2 дана
  • Қара бұрыз – татымына қарай
  • Тұз- татымына қарай

Көркемдеу үшін:

  • Картоп – 2 дана
  • Сәбіз-1 дана

Дайындау әдісі:

Бесбармақ дайындау үшін алдымен жылқының дайын етін үлкендеу кәстролге салып, үстінен таза суық су құйып отқа қоямыз. Етіңіздің татымына қарай тұздауды да ұмытпаңыз. Қайнағанын күтеміз. Бір қайнаған соң отты бәсеңдетіп қоямыз. Бұл өте маңызды.

Баяу отта қайнаған ет былбырап жұмсақ болып піседі. Қатты отта қайнаған ет қатты болып қалады. Еттің пісу уақыты асылған жылқы малының жасына байланысты. Жас малдың еті 1,5-2 сағатта пісіп қалады. Ал, бесті биенің еті 3-4 сағатта піседі. 

Етіміз қайнаған сәтте көбігін алуды ұмытпаймыз. Көбігін уақытылы әрі жеткілікті алып отырмасаңыз бесбармақтың сорпасы тұнық болмайды. Ет пісе бергенде көркемдеу үшін дайындап қойған картоп пен сәбізді сорпаға салып жіберіңіз.

Қамырын дайындаймыз:

Қамырды әзірлеу үшін ұнға жұмыртқа, суға араласқан тұзды қосып жұмсақтау қамыр иелейміз. Бесбармақ қамыры қатты болмауы шарт. Оны тындыру үшін жылы жерге жарты сағатқа қалдырыңыз. Кейін 1-2 рет иін қандырып илеп қойған абзал. Әбден иі қанған қамыр тез әрі оңай жайылады. Дайын жаймамызды ет пісіп қалғанда жайып, сәл қаязытып кептіріп алған дұрыс, сонда қамыр жабыспайды.

Тұздық әзірлейміз:

Бесбармақ пісіп дайын болғанда тұздық дайындаймыз. Ол қамыр мен етке әдемі дәм беріп, тәбет шақыруға қажет. Ол үшін пиязды турап, кішкене табаға салып үстінен қажетінше тұз, бұрыш салып, үстінен бесбармақ сорпасының майлы жерінен құйып аламыз. Баяу отта бір рет бұрқ еткізіп қайнатып аламыз. Тұздық дайын.

Бесбармақты дастарханға ұсыну:

Піскен етімізді сорпадан сүзіп алып, сорпаны да түзілген көбік пен сүйек қалдықтарынан тазалап шығамыз. Сорпаны жақсылап қайнатып алып, жаймамызды пісіреміз. Піскен жайманы табаққа немесе астауға сүзіп салып, үстінен мүшеленген бесбармақ етін немесе туралған ет, қазы-қарта, жал-жаямызды саламыз. Енді үстінен тұздық құямыз. Әрлеу үшін картоп пен сәбізді қиғаштап турап қоямыз да, жасыл пиязымызды турап себеміз.

Сурет Sandyq мейрамханасының парақшасынан алынды

Бесбармақ дайын! Кез келген иісі қазақ бұл астың алдында жайбарақат тұра алмайды. Қараңызшы, суреттің өзінінен тәбетіңіз ашылғаны рас қой?! Астарыңыз дәмді болсын!

Ұқсас мақалалар:

Сірне әзірлейік!