СұқбатСыр-сұқбат

Айдана Омарова: Табысты болу үшін әйел өзін дамытуы қажет

Қазақстандағы нөмір бірінші «Omabelle» тондар дүкенінің акционері, жас ана, дизайнер Айдана Омарова жас та болса сан алуан жетістікке жетіп, көпке үлгі болған қазақ қызы. Десе де, Айдана осы жетістіктерімен тоқтап қалмақ емес. Алға қойған мақсаттары да толағай. «Үрімдей жас қыз бұл жетістікке қалай жетті» деген көпшіліктің сауалына бүгін Айдана өзі жауап бермек.

Айдана, әңгімемізді «Aydana Omarova Couture»-дан бастасақ? Жеке брендіңізді құру туралы ой қайдан келді?

А.О: Кішкентай күнімнен сурет сала­тынмын. Басқа балалар асыр салып ой­нап жүргенде, мен сурет салып, шы­­ғармашылықпен айналысқанды ұнататынмын. Бөлмемде отырып, түрлі жобалар сызып, тігін ті­ге­тін­мін. 6-сыныпта армандар кар­тасын жасадым. Ол кезде осылай жа­сау керек дейтін ешкім болмады, ғаламтор да қолжетімсіз болды. Ішкі түйсігімнің дегенін істедім. Се­не­сіз бе, осыдан үш жыл бұрын кар­тамды ашып қарасам, ішіне киімдер дүкенінің суретін жапсырып қо­йып­пын. Расымен, уақыт өте келе жаным шығармашылық іспен айналысуды қалады. Осылайша «Aydana Omarova Couture» дүниеге келді. Мен ұсын­­ған киімдер қазақы нақышта. Ұлт­тық құндылықтарымызды дә­ріп­тей отырып, ою-өрнектермен көм­ке­ріле жасалған. Қазір «Aydana Omarova Couture» киімдерін жас буынның жиі сатып алып жат­қа­нын көремін. Бұл мені аса қуантады. Бо­лашақта Қазақстанда ғана емес, Еу­ропа мен Ресеймен де жұмыс істеу ойда бар.

Шығармашылық жандар үшін шабыттың маңызды екенін жақсы білеміз. Ал сіз шабытты қайдан аласыз?

А.О: Көп идеялар түсімде келеді. Әсіресе қатты қиналып, бір сұрақтың жауабын таба алмай жүргенде жауаптар өздігімен түсіме кіреді. Содан таңғы 4-5-те оянып, оны қағазға түртіп қоямын. Киімдердің сұлбасы, түрлі жобаларды көремін. Оянғаннан кейін: «Бұл менің басыма бұрын неге келмеген?», – деп ойланып қаламын. Сондай-ақ, кез келген жобаға жаңашылдық әкелу үшін өзіме үйреншікті болған нәрселерді өзгертіп тұруға тырысамын. Адам даму арқылы ғана алға жылжиды. Мен қартайсам да тұлға ретінде даму үрдісін жалғастыра беремін деп шештім.

Білуімше, сіз сондай-ақ, «Omabelle» Қазақстандағы нөмір бірінші тондар брендінің акционерісіз. Жалпы компанияда атқаратын міндетіңіз қандай?

А.О: Иә, мен «Omabelle» компаниясының акционерімін. Компанияның дүниеге келгеніне биыл 8 жылдан асты. Бізде әр акционер өз жұмысын атқарады. Біреу логистикаға, біреу өндіріске жауап береді. Ал менің жұмысым – дизайн. Біздің Түркия елінде жеке өндірісіміз бар. Барлық тондарды өзіміз тігеміз. Басты қағидамыз – сапа, сапа және ең жоғарғы сапа. Осы бағытқа аса қатты көңіл аударамыз. Сатып алушыларға тек үздік өнімді ұсынғымыз келеді. Тондардың, жалпы сыртқы киімдердің дизайнын өзім дайындаймын. Бізде экслюзивті тондар бар. Олар тек бір екі данадан ғана, арнайы тапсырыспен шығады. Дүкенімізге танымал адамдар жиі келеді. Мен олармен етене жұмыс істеп, болашақ тонның дизайнын таңдап беремін. Сондай-ақ, дүкенге келген қыз-келіншектердің түр-әлпетіне, мүсініне қарап, олардың қандай тон киетінін біліп тұрамын. Менің басты жұмысым сол.

«Omabelle» тондарының өзгелерден қандай артықшылығы бар?

А.О: Жоғарыда айтып өткенімдей біз сапаға жұмыс істейміз. Сондай-ақ, дүкенге келуші клиенттеріміздің әрқайсысына көңіл бөліп, олардың не қалайтынын түсінуге асығамыз. Әрдайым бағалы сыйлықтар ойнатып, тон сатып алған адамға өзге де сырт киімдерді сыйға тартамыз. Компанияның өзі тон сатып алған адамға таза былғарыдан тігілген белбеу, түйреуіш, экосөмке, көзге арналған маска сыйлайды. Дүкенімізде жеңілдіктер де жиі болып тұрады, сондай-ақ бөліп төлеу мүмкіндігі де бар.

Компания тек тондар мен өзге де сырт киімдерді ғана емес, сөмке, зергерлік бұйымдар сатумен де айналысады екен…

АО: Иә, қолғап, сөмке, жол сөмке, белбеу – бәрін өзіміз тігеміз. Жалпы сапасы жоғары таза былғарыдан жасалған ер мен әйелдерге арналған заттарды өндіреміз. Бүгінгі таңда өндіріс технологиясын арттырдық.

Әлеуметтік желідегі парақшаңызға қарап, сіздің жұмысбасты екеніңізді аңғаруға болады. Тіпті, бір бос минутыңыз жоқтай көрінеді. Кәсібіңіз жеке өміріңізге кедергі келтірмей ме?

А.О: Әлеуметтік желіде өмірімде болып жатқанның барлығын бірдей көрсетпеймін. Жеке өміріме уа­қы­тым жетеді деп айта аламын. Де­малыс күндерін отбасыммен өт­кіземін. Үй шаруашылығында кө­мек­шілерім бар, ал баланың тәр­би­е­сі өзімнің бақылауымда. Оған жіті көңіл бөліп, баламмен өткізетін уақытты жоспарлап қоямын.

Отбасыңыз жайлы айтып беріңізші. Жұбайыңыз сізді немен баурап алды?

А.О: Жұбайым менен 4 жас үлкен. 19 жасымда оқуға түсе алмай қал­ған­дық­тан, колледждің заң факультетіне түстім. Ол кезде қалай да грантқа тү­су­ді мақсат еттім, сол үшін жұмыс іс­тедім. Колледжді тәмамдағаннан кейін тест тапсырып, Халықаралық қа­тынастар және әлем тілдері университетіне түстім. Оқуға түспей тұрып, бір ай бұрын жұ­ба­йым­мен таныстым. Ол сол кезде мен түскен жоғарғы оқу орнын бітіріп жат­қан еді. О баста екеуіміз жай ғана дос болдық. Кейіннен бір-бірімізді ұна­тып, төрт жыл кездесіп, отбасын құрдық.

Ұлыңыз Адрианды АҚШ-та бо­санған екенсіз…Ондағы мақсатыңыз не еді? Балаңыздың есімін кім қойды?

А.О: Өзімнің жүкті екенімді білгенде жұбайым екеуіміз баланы АҚШ-та босану туралы ойды талқылай бас­та­дық. Бұл тақырыпта бірнеше рет сөйлескеннен кейін билет сатып алып, тек жарты жылдан кейін ғана туристік визаға тапсырдық. Ел­ші­ліктен рұқсат алғаннан кейін, ұшуға екі күн қалғанда АҚШ-қа кете­ті­німізді ата-анамызға айттық. Олар шешімімізді мақұлдады. Америкаға барудағы басты мақсат – ұлымның сол мемлекеттің азаматы болғанын қаладық. Кәмелет жасқа толған кезде ол Америка азаматы болып қала ма, әлде Қазақстан аза­мат­ты­ғын ала ма, өзі біледі. Ең бастысы, ұлым жақсы білім алса, болашақта еліне көмегі тиетініне сенемін. Есіміне келер болсам, Адриан деп атын әкесі қойды. Грек тілінен аудар­ғанда мықты, күшті деген мағынаны білдіреді.

Табысты болу үшін әрбір әйел нені ескеруі керек?

А.О: Әрбір адам өз алдына мақсат қоя білу керек. Мақсатсыз жан өзінің қай бағытта жүріп келе жатқанын білмейді. Өз басым үнемі жақсы нәрсені ойлап жүремін. Табысты болу үшін әйел адам өзін жан-жақты дамытуы қажет деп ойлаймын. Курстарға жазылып, жаңашылдыққа ұмтылған дұрыс.
Мен үнемі басқа адамдарға қалай көмектесе аламын деп ойланамын. Себебі өзгеге жақсылық жасасаң, ол саған екі есе болып қайтады. Бумеранг заңы сондай. Мәселен, адамдарды азық-түлікпен қамтамасыз етіп көрдім. Бірақ, адамға дайын дүние берсең, ол екінші күні сенен оны қайта күтіп отырады екен. Қазір адамдарға тың идея айтып, олардың ісі алға басып кету үшін жарнама жасап көмектесемін. Одан расымен де нәтиже бар екен. Бүгінде жетістікке жеткен адамдар келіп, жылы лебіздерін білдіріп кетіп жатады. Бұйырса, болашақта өз ісін бастағысы келетін қыз-келіншектерге көмектесу мақсатында әлеуметтік жоба бастамақпын.

Жуырда отандық телеарналардың бірінде өзіңізді жүргізуші ретінде сынап көрген екенсіз…

А.О: Бала күнімде нені армандасам, қазір соған жетуге тырысып жүрмін. Жүргізуші болу бала күнгі армандарымның бірі. Әуелде телеарнадан шақырту алдым, өзімнің де қызығушылығым болғандықтан өзімді сынап көрейін дедім. Мүмкіндікті құр жібергім келмеді. Арнаға барып, оншақты күн жұмыс істеп көрдім. Жүргізуші болған ұнады, десе де одан өзге жұмыстарым көп болғандықтан, әзірге бұл арманымды кейінге қалдыра тұрдым.