Жан әлеміӨзіңді дамыт

Арманыңды кейінге қалдырма…

Адам өмір сүруіне аз уақыт қалғанын білгенде ғана өмірдің қаншалықты маңызды екенін ұғына бастайды. Алтын уақытыңызды өзіңізге ұнамайтын дүниелерге жұмсаған дұрыс па? Өмір бір мезетте өзгеруі мүмкін. 

Менің құрбым кәсіби деңгейдегі дәрігер, хирург. Оның бұл салада көптеген тәжірибесі бар. Жақында оның омырауында қатерлі ісік бар екені анықталды. Бұл жаңалықты ол қалай қабылдағаны туралы маған сыр шертті. Әңгіме барысында өзі дәрігер болғандықтан аталған диагнозға дайын болғанын айтты. Алайда, кез келген адам секілді ол да өз өмірі үшін қорықты. Десе де, оның екінші ойы мынадай болды: «Жақсы болды. Енді бірнеше ай жұмысқа бармасам да болады!»

Менің таңқалғанымды байқап, құрбым жағдайды түсіндіре бастады: «Мен расында қатты шаршадым! Әр күнім басқа адамдарға қараумен өтеді. Бірде операция жасасам, бірде аурулаға консультация беріп, олардың туыстарымен сөйлесемін. Ал, омырауымдағы қатерлі ісік – әрине, қауіпті аурудың бірі. Соған қарамастан оның да жақсы жағы бар. Бұл маған өзімді ойлауға мүмкіндік берді. Мен ұзақ жылдардан бері саяжайда тұруды армандап келдім. Таңертең оянғанда көліктердің кептелісте тұрып гуілдеген дауысын емес, құстардың сайраған әнін естігім келеді. Сонымен қатар, жұмыста басымнан өткен қызықты оқиғалар жайында мақалалар, мүмкін толық кітап жазсам деген жоспарым бар. Алайда, мұның бәріне менің күшім де, уақытым да жетпеді. Бұл өз болашағымды ойламау деген сөз емес. Тек, дәл қазір армандарымды орындауға толық құқылымын».

     Мұның бәрін тыңдаған соң, санамда мынадай пікір туындады: расында, заманауи әйелдер қалауынша өмір сүрулері үшін міндетті түрде науқастануы шарт па? Өмірлік қажеттіліктерді өзіне сыйлау соншалықты қиын ба? Біз жұмыс пен үйдегі шаруаларға үлгеруге тырысып, кейде өзіміздің арманымызды ұмытып та қалатынымыз тағы бар. «Міне, тағы бірнеше ай шыдасам, бәрі жеңілірек болады. Балаларым да, бастығым да демалысқа шығады», – деп өзімізді алдап қоятынымызды айтпасқа болмайды. Арада бірнеше ай өтсе де, оның орнына жаңа жұмыстар пайда болып, қалай болғанда да, бізге жеңіл болмайды. Әрине, менің құрбым жауапкершіліктен арылу үшін қатерлі ісік ауруына шалдықты деп сендірмеймін.

Тек жағымсыз науқастықтан емделу оған ұзақ жылдар бойы аңсаған ісімен айналысуға мүмкіндік берді. Өмірдің мәнін түсінуге, осы күнге дейінгі істерін саралауға аталмыш ауру себеп. Өзіңіздің жүрегіңізге құлақ түру үшін,  ауруға шалдыққанды күтуді тоқтатқанымыз жөн. Дәл осы сәттен бастап, біз қалай өмір сүрудеміз, оны қалай өзгерткіміз келетінін ойланып көрелік…

«Армансыз адам болмайды, қанатсыз құс болмайды» дегендей, әр адамның арманы, мақсаты болады. Адам еңбек етпесе, онда арманға да қол жеткізе алмауы мүмкін. Бірақ, біз оларды үнемі соңғы орынға апарып қоя береміз. Ойлаған арманға қол жеткізудің өзі үлкен еңбек емес пе? Дегенмен, біз «алдымен балалар өссін, кейін жұмысым азайсын, содан соң мақсатыма қол жеткіземін» дейміз. Нәтижесінде, тіпті, арманымызды ұмытып қаламыз.

      Иә, біз түсініксіз уақытта өмір сүрудеміз. Бақытты болу үшін психологиялық тренингтерге қатысудың өзі ерсі көрінетіні рас. Әркім бақытты болу үшін қалай өмір сүру керек екендігін білеміз деп есептейді… Түпкі жан дүниемізбен оны сезгенмен өзімізге, яки, жұртқа білдіруге қорқамыз… Қалай болғанда да, психологиялық тренингтер үлкен сұранысқа ие. Олардың көбінде адам өміріне бір жыл уақыт қалса не жасағысы келетіндігі туралы тізім құру тапсырмасын ұсынады. Содан соң қатысушыларға уақыттың мөлшерін алты айға қысқарғандағы тізімді құруды бұйырады. Кейіннен бір ай, бір апта және бір күн қалған уақыт турасында сөз қозғалады.

 Бірнеше психологпен сөйлесе келе тренинг қатысушыларына ұсынылатын тапсырмалар мен ақпараттардың ұқсастығын байқадық. Негізі, бір жылға жоспарланған тізім қызықты мәліметтерге толы. Мысалы: «мен Индияға барып, тылсым күшке табынамын; осы жылы Парижде тұратын боламын;  жұмысты тастап, ролик тебуді үйренемін немесе вокал курсына қатысатын боламын; диета туралы ойламайтын боламын». Ал, алты айға құрылған тізімде: «өзімнен аяған барлық затты дүкеннен сатып аламын; ну орманда өмір сүріп, құстар әнін тыңдаймын; күніне 3 немесе 4 рет тәттіні жеймін; танго билеуді үйренемін», – деген нұсқаларды кезіктіруге болады.

Уақыт қыскарған сайын жауаптар қатты өзгере бастады: «мен балаларымның әр сөзін қалт жібермей тыңдаймын; әр күн сайын жолдасыма оны қаншалықты сүйетінімді, оның қасында бақытты екенімді айтамын». Аталмыш тізімде, тойып алу әлде жеңіл ойларға уақыт табылмайды. Ешкім өмірінің соңғы сағаттарын қарнын тойдырып, асқазанының ауырғанын қаламайды. Міне, осыған да көңіл бөлген абзал.

Маңдайыңызға 1-2 күн өмір сүру жазылғанын сезінгенде көлемі қызықтырмайтын заттар өз мәнін жоғалтары айдай анық. Өмір солай – қуанумен, қайғырудан құралған. Қазір өзіңізді саумын деп санасаңыз, дәрігер сіздің науқас екеніңізді анықтайды. Тіпті, сізде ұзақ әрі жақсы өмір қалса да, ол сырғып тез өтеді. Жылдамдылығы сонша, оны немқұрайлы заттарға бөлуге де үлгермейсіз. Сондықтан, тату-тәтті ғұмыр кешкіңіз келсе, қазір тамаққа тойып қана отырудың қажеті шамалы.

Егер сіздің өмір сүруіңізге көп уақыт қалмағаны жайында хабар алсаңыз, дүниеде қалай жасаушы едіңіз? Қымбат уақытыңызды жолдасыңыз үй шаруасына көмек бермеді деп ұрыс шығарамысыз? Әлде, өмірдің соңғы күндерін үштік алған ұлыңызға ұрсып, оны музыка пәнін оқуға мәжбүрлейсіз бе? Я, болмаса жақсы жалақы береді екен деп, қаланың шетіндегі жұмысқа барасыз ба? Ойланыңыз…

        Уақыт барда, өміріңіз бен арманыңыз турасында бір сәт ойланып қараңызшы. Өзіңізден: «Мен дүниеден не күтудемін? Менің арманым не?», – деп сұрап көріңіз. Сонда, мүмкін сіз көзіңізге мөлдір жас та аларсыз. Рас, адам өмірден озарда: «Арманым жоқ», деп айтуы үшін де ұяты азаптамайтын ұлағатты күн кешуі керек екен-ау. Әрине, тірі пенденің тілегі таусылмақ емес. Алайда, адам ғұмыры мәңгілік емес қой. Өмір таусылғанша, пенделердің де армандары ада болмайды. Дегенмен, адамның өзін өзі қаншалықты бағалайтыны арманынан аңғарылып тұрады. Әркімнің-ақ көкірегін өзіне сай арман әлдилейді. Бірақ, кез кел­геннің арманға жете алмайтыны тағы бар. Сондықтан, жасыңызды сүртіп, күнделікті мақсатты орындау жолында пенделік кері­тартпа дағ­дылардан арылып, тө­­зімділікпен тер төгіп, бір іс жасаңыз. Үміттің рақатына бөлеп, өмірдің тәттілігін сезіндіретін арман атты құндылықтың нарқын біліп, аппақ арманның иесіне айналудан қорықпаңыз. Өйткені, біздің әрқайсымыз “Арманым орындалды-ау…” деп бақыттан басымыз айналып отыратын қайталанбас сәтке толығымен лайықтымыз!

Ғалия Орынбай