Екеудің құпиясыЖан әлеміӨкініш

Баласын тастаған қайырымсыз “әкенің” күйі

Көрші аулада тұратын балаларды әкесі тастап кеткеніне бірнеше жылдың жүзі болды. Байқағаным сол, күні бойы ауру шешелеріне қарап қалған көгенкөздер әрдайым кездейсоқ әкесі келіп қалатындай көшеге телмірумен жүреді. Кейде жаным ашып «Құдайым-ау, осы періште көңілдердің тілектерін қабыл көріп, әкесімен қауыштырса игі» деймін. Содан соң бірден «өзіндік міндетін орындай алмай, оңашада қамсыз жүрген қатыгез әкенің қажеті қанша?» деп өзіме кереғар пікір қалыптастырамын. Әйтсе де, қандай жағдай болмасын әке орны ерекше екен. Шеттей бала-шағаны көзіне де ілмей, қу тізесін құшақтаған шөпжелкенің соңынан еріп кете берді. Мұндағы сенім артып отырған ұл-қыз да, адал жарда жайына да қалды. Әлі де бесіктен белі шықпаған балалар көше кезіп, өз тіршілігін жасап бағуда. Ал, анасы байқұс жанына батқан аурудың салдарынан төсекке танылған.

Осынша аянышты сәтті өз көзіңмен көру қиынның қиыны. Қолыңнан келген көмегінді көрсеткің-ақ келеді. Бірақ, үнемі демеу болу мүмкін емес. Өйткені, әрбіріміздің өз отбасымыз, тағдыр тауқыметіміз жетіп артылады. Айтып тұрғанымдай қиыншылықты көрсе де қаймықпаған балалар әкесінің үйге оралатынына әлі де үмітті. Көшеден қайтқан бойда «Әкем келді ме?» деп сұрайды. Құртақандай сәби жүрегіндегі әкеге деген сағыныштың басылмауы таңқалдырады. Жігерлілік, құштарлық, сабырлық, төзімділік сынды қасиеттерге толы балалардың арман-тілегі асқақ. Опасыздық жасаған әкеге кешіріммен қарап, оның тек отбасыға оралуын қалайды. «Әкең жоқ» дегеннен жүректері шайлыққан болу керек. Кібіртіктеген көздерінде «Тек әкем келсе екен» деп сан мәрте қайталап айта береді.

Дегенмен, өз ордасынан түлен түрткендей қашып кеткен қайырымсыз әкенің үйіне оралатын ойы жоқ. Әлі де болса уақытша сезімнің рақатына бөленіп, бақыттан бас айналып жүр. Мұндағы көздері жәутең қағып қарап отырған ұл-қызына деген сағынышы сағымға айналып, жүрегі тасқа айналып кеткен сынды. Осындай жүрексіз пендеге жұдырықтай баланы қалай ғана қияды екен? Әлде, бұл да жаратқан иенің адамзатқа деген кезекті сынағы ма? Десек те көздері қаяуға толы, жарым көңіл балаларға әке орны ерекше. Оның келуін күтеді. Әсіресе, енді ғана тілі шыққан баланың «Әке, үйге қашан келесің?» деген сөзіне тұла-бойым елжіреп, жылап жіберуге шақ қалам. «Әркімді өз егесімен қинасын» деген осы да. Бәлкім, ақылға келіп, әкесі туған үйіне оралар деген ойдамын. Сонда сағыныш пен мұңға толған жанарлардан қуаныш табын сезінерміз. Иншаллах, солай болса игі.

Қалмажай, Оймауыт ауылы.