Жан әлеміӨкініш

ЖАРЫҒЫМ-АЙ…

«Жақсыкелді өмірден озыпты» деген суық сөз, суыт хабарды естігенде есімнен адасқан жандай, әй-шәй жоқ, гитарама жүгіріппін. Оны қос қолдап ұстап, ұзақ отырып қалдым. Жанарыма жас іркіліп, өн бойымды үрей мен қорқыныш билеп, саусақтарым тынымсыз гитара шектерін шерте берді. Бір белгісіз әуен үзіле, үдей түсті. мен енді үнсіз егілмей, сол әуенмен қосыла, еңкілдеп, еңірей жыладым. Жанары жанбай, жарық дүниеге деген сағынышы басылмай кеткен, жарығым-ай...

Өмірде сырлас, өнер жолында сыйлас болған, қайран, азаматым! Алты алашқа атыңды мадақтап айтып, мақтан тұтар анадан артық туған арысым! Сенің сахнада тұрған сәнің, жүректен жүрекке жетер жан толқытар әнің қандай еді, жарығым! Ия, неге солай жаратты екен адамды?! осы сауалдың кімкімді де мазалары анық қой. Адам баласының маңдайына жазылған ала-құла дүние-ай! Жақсыкелді, қос жанарың сөніп, жарық дүниені көре алмасаң да, көкірек көңіліңмен бәрін сезіп, біліп, кім-кімді де танып тұрушы едің. Сен өзің құшқан жардың ақ дидарын жанарыңмен аймалап, түрсымбатына тамсана, таңдана қарай алмай өттің-ау…


Өзіңнің көшірмең болғандай өмірге келген балаларыңның мұңайып не шаттанып тұрған жүздеріне де сүйсіне қарай алмай кеттіңау… Сен ән салғанда залда лық толы көрерменнің ортасында өзіңе ғашық небір ару бойжеткендердің, қыз-келіншектердің көздеріне мөлдіреп тұнған тамшыларды да байқай алмадың. Бірақ, халықтың ықыласы мен ду қол шапалақтар сені аспанға көтеріп, ілтипат-қуанышқа бөлейтін. мына бір кем дүниеде сен мойымадың, жасымадың, жалықпадың.


Өмірге деген құштарлығың, өнерге деген махаббатың өрлей түсті. Атаққа таласпадың, таққа жармаспадың, мұңға, сырға толы әндерің мен халқың жақсы көретін Жақсыкелді бола білдің. мен Жезқазған қаласынан Бурабайдың баурайындағы сұлу Көкшеге қоныс аударғанда қимастықпен қоштасып тұрып: – Болат, бауырым, өзіңмен бірге жүрген күндерім, ән салған кештерім, сенің ақыл-кеңесің, қамқорлық-шапағатың мына сыр сандықтай жүрегімде мәңгілік сақталады. ризамын саған! Қайда жүрсең де аман жүр. Ұмытпа бізді. Хабарласып тұр… мен соңғы уақытта мына түйткілі көп, түйіні жоқ тіршілікте тынымсыз күй кешіп жүріп, өзіңнен хабар үзіп алып едім. енді, өзіңді мына өмірде жоқ деуге сене алмаймын, сені енді қайтып келмейді дегенге көне алмай отырмын.


Жарық дүниені жанарыңмен бір шолып, көре алмай кеткен, жарығым.  мұңлы әуен әуелей шертілді. Күйініп, күйзеліп отырдым. осылайша, «Жарығым-ай» әні өмірге келді. Саған арнадым, Жақсыкелді. Айтпақшы, жақында теледидардан «Каспий» тобының орындауындағы «Жарығым-ай» әнін тыңдап қалдым, тіпті бейнебаян да түсіріліпті. Алғашқыда түсіне алмадым. Қалай еді өзі?.. Түрмеден келген жігіт арақ іше ме, сосын отбасымен табыса ма… Жо-жоқ, негізі олай болуға тиіс емес еді. Бұл – Жақсыкелді Сейілов сияқты біртуар өнерлі азаматтың қан қысымы көтеріліп, аяқ астынан өмірден озғанында шыққан ән еді. Кешір, досым.


Бұл бейнебаянның құрылымына өзім де түсіне алмадым. мен жалпақ жұртқа жар сала айтамын, «Жарығым-ай» әні саған, тек саған арналған. Жезқазған қаласында өзіңді еске алу кешінде алғаш орындағанымда, жанарына жас алмаған жан болмап еді… Жарық дүниенің бір сәт те сәулесін көре алмай өмірден озған жарығым-ай… мәңгілік мекенің жарық болғай!

Ләззат ҚАПЫШЕВА, телерадиожурналист