Екеудің құпиясыЖан әлемі

Күйеуім бұрынғы әйелімен жасырын кездеседі

Тұрмыстамын. Үш жасар қызым бар. Жақында күйеуімнің бұрынғы ғашығының үйіне барып жүргенін білдім. Олардың ортақ 14 жастағы некесіз қыздары бар. Айтуынша, қызын көру үшін ғана барады екен. Алайда өзі оны ешқашан біздің үйге әкеліп, баламмен таныстырған емес. Анасыз жүре алмайтын кішкентай сәби емес. Қалаған уақытынба әкесінің үйіне келіп тұрса болады ғой?! Жоқ. Міндетті түрде күйеуім бұрынғы сүйіктісінің үйіне барып тұруы керек екен. Не сыртта, кафеде, саябақтарда да кездеспейді.

О баста маған жан жарымның қалаған уақытында ескертпестен қызына кетіп қалатыны ұнамайтын. Одан екінші бұлай істемеуін өтініп едім. Ол болса тек уәде беріп құтылады. Қызымен кездесуіне қарсы емеспін. Керісінше, үйімізге ертіп әкел, сіңлісімен таныссын деймін. Алайда ол сөзімді құлағына ілер емес.

Кейде күйеуім сол әйелге қайтып барғысы келетіндей көрінеді. Оған бұл туралы айтсам, еш мойындамайды. Онымен қосылғым келсе саған үйленбей, отбасын құрмайтын едім дейді. Не істерімді білмеймін. Ол сылқым күйеуімнің басын айналдырып ала ма деп қатты уайымдаймын. Қазір де қызын сылтау қылып жүргендей көрінед.