Жан әлеміӨкініш

Күйеуімнің тегіне өткелі жолым бір болмады…

Осыдан екі жыл бұрын солтүстік Қазақстанның Әлжан есімді жігітіне тұрмысқа шықтым. Оның алдында болашақ жарыммен төрт жыл қыз-жігіт болып жүрдік. Екеуіміз бір ауылдың балалары едік. Әлжан мен жоғарғы оқу орнына түскен кезде сөз салып, қызы болуға ұсыныс тастаған еді. Содан бері студенттік ең қызықты шақтарымда жанымда болды. Жұбымыз бір жазылған жоқ.

Әлжан өте қайсар, айтқанынан қайтпайтын жан. Шынымды айтсам оны осы қасиеті үшін жақсы көріп қалдым. Бойдақ күнімізде нағыз ер азаматқа тән мінездің бәрі тек Әлжанда бар деп ойладық қой.

Осыдан екі жыл бұрын сүйіктім оқу бітіру кешінде барлық жақындарымның сөзінше тұрмысқа шығуға ұсыныс тастады. Мен қуана келісімімді бердім. Себебі оның жақсы отағасы болатынына кәміл сендім. Алайда бәленің бәрі мен “иә” деп жауап бергеннен кейін басталды.

Әуелі болашақ күйеуім оның тегіне өтуім керек екенін айтып, шарт қоя бастады. “Менің тегіме өтпесең, той да болмайды” деді. Сүйіктіме менің сезімімнен гөрі тегіне өткенім маңыздырақ болғанына іштей құлазыдым. Десе де, ода тұрған ештеңе жоқ шығар деген оймен, Әлжанның сөзіне құлақ астым.

Тұрмысқа шығып, күйеуімнің тегіне өткен күнінен бастап өмірім тозаққа айналды. Күн сайын түрлі келеңсіз жағдайларға ұрына бастадым. Жоғарғы оқу орнын тәмамдағаннан кейін біліктілігімді жоғарылатайын деп магистратураға құжат жинадым. Алайда дәл емтихан күні жол апатына түсіп, ол мүмкіндіктен де айырылдым. Жаным аман қалды дегенде көп ұзамай үйімізге ұрылар түсіп, бағалы заттарымды қолды қылды. Оған да барынша төзімділік танытып, өмірімдегі қиындықтардың бәрі уақытша деген соқыр сеніммен жүре бердім.

Жаңадан отбасы құрғандықтан күйеуім екеуіміз барлық ерлі-зайпытылар секілді қаржылай қиындықтардан өттік. О баста 18 шаршы метр жерде тұрып, күн көруімізге тура келді. Кішігірім баспананың ақысы да айтарлықтай көп болған жоқ. Алайда тұрған жеріміз менің денсаулығыма кері әсер етіп, өкпеме суық тиіп, жиі ауыра бастадым. Амалдың жоғынан тұрғылықты жерімізді ауыстыруға тура келді.

Мен де жұбайым да тұрақты жұмысқа тұра алмағандықтан жеке кәсіппен айналысуға бел буып, несие алған болатынбыз. Алайда бастаған ісіміз өңбей кетті. Қанша тырыссақ та қарыздан көз ашпадық. Тығырыққа тірелгеннен туыстарымыздан ақша сұрауға мәжбүр болдық. Дәл қазір өмірімде ешқашан кезіктіріп көрмеген қиындықтар басымнан өтуде. Оларды қалай жеңетінімд білмеймін. Жарыммен болашағым бұлыңғыр екен деген ойлар келіп жүр. Адамның есімі, тегі оның өміріне әсер ете алады дегенді естуші едім. Расымен де, күйеуімнің тегіне өткелі бері келеңсіздіктерден көз ашпадым. Жолым болмай кетті….

Әлия, Қарағанды қаласы