Жан әлеміӨкініш

Күйеуім ата-анамды сыйламайды!

Тұрмысқа шыққаныма үш жылдың жүзі болды. Күйеуім екеуіміздің ара-қатынасымыз күннен күнге нашарлап барады. Оның жүзін көргім келмейтін кездер жиі орын алады. Оның өзіндік бір себебі бар. Ол менің ата-анамды, туған туыстарымды мүлде сыйламайды.

Күйеуім екеуіміз бір ауылда туып-өстік. Ол жетінші сыныпқа көшкенде ата-анасы табыс табу мақсатынмен қалаға кеткен болатын. Біраз уақыт өтіп, қалада орнықаннан соң баласын өздерімен бірге алып кетті. Содан кейін ауылға қайтып оралмаған. Ал мен қалаға тек студент күнімде көшіп бардым. Күйеуім содан «қалалықпын» деп өзін менен жоғары санайды. Ата-анам, туған туысым қанша жерден ауылда тұрса да, төрт түлігі бар, көрші-қолаңға сыйлы, ешкімнен көмегі мен малын аямаған жандар. Күйеуімнің ата-анасы қалада қатты қиналды. Соған қарамастан балаларының жарқын болашағы үшін еңбек етіп, қалада қалуға міндетті еді. Жиырма жыл тырбанып, тырысса да, қалаған деңгейлеріне жете алмаған. Тұрақты үйлері болмаған соң, менің әке-шешем «жалдамалы пәтерлерге көшіп-қонып жүргенше, кішкентай болса да өз ұяң болсын» деп қаржылай көмек көрсетіп, Алматыдан бір бөлмелі пәтер сатып алып берді. Оны күйеуім «Бір бөлмеге қайсымыз сиямыз? Кезек-кезек кіріп өмір сүреміз бе? Алып берсе жақсысын, тым болмаса екі бөлмелі пәтерді алмады ма?! Әлде ата-анамды шығарып жіберейін бе?» деп ашуланды. Ата-анамның жағдайы жақсы болса да, оларды адам құрлы көрмейді. Күйеу бала болып, ауылға барып оларға көмектесуді білмейді. Тым болмаса хал-жағдайын сұрап қоюға шамасы жоқ. Мереке күндері құттықтаса, соның өзі бақыт. Ортамызда баламыз бар. Кейде ештеңеге қарамастан одан кетіп қалғым келеді. Қазір тіпті еркек құрлы көре алмаймын. Үнемі көңілі толмай жүреді. Менің ата-анам ештеңе сезбейтіндей жүре береді.

Үш жылда күйеу балаларына бір шағымданып көрмеген. Бәрібір жағдайымды көргенде жүректері ауыратын шығар. Ата-енем өте жақсы адамдар. Қиындықты көрген, өмірдің ащы-тұщы дәмін татқан жандар өмірге жан-жақты қарайды екен. Тек жұмыс-жұмыс деп жалғыз балаларының тәрбиесіне көп мән бермеген. Үйленгенге дейін күйеуімнің осылай 180 градусқа өзгеріп кететінін білдім бе? Білсем ат тонымды ала қашар едім.

Жанымда өзіме қамқор болатын, батыл да ер-жүрек жанның болғанын қалаймын. Күйеуім тұрақты жұмыс істей алмайды. Көп дегенде жарты жылдан артық бір орында тұрақтамайды. Ата-анам бір қой беріп таныстары арқылы жақсы жерге (құпия болсын) жұмысқа тұрғызды. Ол жұмыста бір кісіні алдап, аз уақытта біраз адамның ақшасын жымқырыпты. Істің арты ашылғанда қайын әкем баласынан теріс айналып, ешқандай қаражатпен ұлының кінәсін жаппайтынын айтты. Ал менің әкем әдеттегідей менің жайымды ойлап, кешірім сұрап, жапа шеккен адамға қаржылай көмек көрсетті.. Күйеуіммен ажырасуға бел будым. Осы жағдайдан кейін одан мүлде көңілім қалды. Соңғы жағдайлардан кейін күйеуім мінезін тиып, өзгеруге бел буғанын айтты. Дегенмен оған деген сенімім жоқ. Ата-анамның соры болдық.