Бала тәрбиесіОтбасы

Қыз қылығымен: Қалыптасқан қағидалардан қалай құтыламыз?

Бұрындары қыз бала тек тұрмыс құрып, бала тәрбиелеп, үй шаруашылығымен ғана айналысқаны жөн деген пікір қалыптасқан еді. Ал қазір бұл қағида ескіріп барады. Бүгінгінің сылқымдары отбасылық өмірмен қатар, өзінің жаны қалаған істі алып жүруге, тұлға болып қалыптасуға мүмкіндік алды. Заманауи отбасындағы ата-аналар қыздарының бақытты болып өсуі үшін қандай қағидалардан бас тартуы қажет?

№1 қағида. Шектеудің шегі бар

Қыздың бойында ер адамның алдына түспеу, бірінші болып хабарласпау, өз дегенінде тұрып алмау секілді қылықтардың бәрі болуы тиіс. Дегенмен, қыз бала аталғандардың барлығын бірдей қолданса да, бақытқа да, өз-өзіне деген сенімділікке қол жеткізе алмауы мүмкін. Сондықтан қызыңызды шектей бермей, жаны қалаған іс-әрекеттерін жасауға да мүмкіндік беріңіз.

№2 қағида. Тұрмыс құруға мәжбүрлеу

Баланың мінез-құлқы отбасынан беріледі. Бірақ қазір тәрбиелі, үлгілі, толыққанды отбасынан шыққан қыз ерте тұрмыс құруға асықпауы да мүмкін.

Заманауи қоғамда әйел адам да еркектер секілді өзін-өзі дамытуға мүмкіндік алған. Сіздің қолыңызда қызыңызды бақытты ете алатын құралдардың барлығы бар. Дегенмен, қызыңызды тұрмыс құруға мәжбүрлеген дұрыс емес. Ол өмірлік жолын өзі таңдайды.

№3 қағида. Шешім қабылдай ала ма?

Әрине, әрбір қыз ата-анасының сөзіне құлақ асып, ақылдарын өмірлік жолында қолдана білуі тиіс. Олардан естігенін қорытып, өздігінен шешім қабылдай алуы – есейгендігінің белгісі. Ата-ананың міндеті – қызының шешімінің дұрыстығына көз жеткізу.

Бағынышты болуды талап ету – баланың жауапкершілігін тежейді

Қыз бала ата-анасының айтқанын мүлтіксіз орындап, өз пікірін білдіре алмаса, болашақта бағынушылық комплексі пайда болуы мүмкін. Нәтижесінде ол өз отбасын құрғанда, зорлық-зомбылық көріп, қиындыққа төтеп бере алмайды. Өздігенен шешім қабылдауға қабілетсіз болады.

№4 қағида. Қызға қамқорлық қажет

Отбасыдағы балалар әпкелерінің емес, ата-анасының қамқорлығын көріп өсуі керек. Десе де, өзінің іні-сіңлілеріне қамқорлық таныту – қыздағы аналық сезімнің оянғанының көрсеткіші. Жақындарына мейірімді болу – жақсы адамның ең маңызды қасиеттерінің бірі. Бірақ, қызыңыз ата-ананың тарапынан жеткілікті қамқорлық алып жатыр ма, соны да ескеріңіз.

№5 қағида. Үй шаруасы барлық балаға бірдей

Бұрынырақта әйел адам тек үй шаруасымен айналысу керек десе, қазір жағдай мүлде басқа. Заманауи отбасыларда шаруашылық екі адамға теңдей жүктелген. Қарапайым тамақ түрлерін жасау, бөлмені таза ұстау, жуылған кірді жаю секілді істер қыздың ғана емес, әрбір баланың қолынан келуі тиіс.

 №6 қағида. Қыз баланы баса бермеңіз                           

«Өзіңді ұл секілді ұстайсың» – бұлай айтқан кезде ата-ана жынысты емес, темпераментті меңзейді. Қыз болсын, ұл болсын белсенді, үнемі қозғалыстағы баланы басып отырған дұрыс емес. Мұндай әрекеттер оның психикасының бұзылуына әкеп соғады. Егер қызыңыз ағаш үстінде өрмелеп ойнағанды ұнататын болса, оны спортқа не өнерге баулып өсіріңіз.

№7 қағида. Төзімділіктің ара жігін ажырата білсін

Төзімділікке екі жақты қараған абзал. Қыз бала жақындарына, үй шаруашылығына, үй тапсырмасына төзімділікпен қарау керек. Бірақ қызыңызға біреудің өзіне тіл тигізіп, жеке басына қол сұғуына төзуге болмайтынын түсіндіріңіз.

№8 қағида. Тұлға болып қалыптасуына шек қоймаңыз

Ертеден әйелдер ерлері арқылы қоғамдық өмірге белсенді араласқан. Жоспарлау, ұйымдастырушылық қабілет, мәселеге жан-жақты қарау – табиғаттың әйел адамға берген жақсы қасиеттері. Қыз бала үшін көшбасшылық әлі игеруді қажет ететін қабілет болса да, оның жеңіске деген құштарлығын елеусіз қалдыруға болмайды. Қызыңыздың тұлға болып қалыптасуына шек қоймаңыз.

ӘЛЕУМЕТТІК ПІКІР:

Әрбір әйел табысты болуды қаламаса да, бақытты болуды қалайтыны анық. Ал қыз бала бақытты болып өсуі үшін отбасы, туыс-туғандары бақытты болуы тиіс.Біріншіден, қызыңызға жақындарын қолдап, басқаның көңілін ойлау керек екенін ұқтырыңыз. Ата-ана қызына «бақыт деген – жанына жақын адамдарды тыңдай білу, жақсы қарым-қатынаста болу, қуаныш-қайғыда көмек қолын созу» деп үйретсеңіз еш ұтылмайсыз.