Жан әлеміӨзіңді дамыт

Мақсатыңызды айқындаңыз! Брайан Трейсидің «Мақсатымды көремін» атты кітабынан үзінді

Американдық атақты тәлімгер Питер Дракер: «Кез келген құлдыраудың негізінде нашар жоспарлау жатыр» деген екен. Алдын ала ақылға салмай, жоспар құрмай әрекет ету - кез келген сәтсіздіктің бастауы. Адамдар «жоспар құруға уақытым жоқ» дейді. Алайда қаншама өмірі босқа өтіп жатқандығын байқамайды. Егер олардың әр күнге, аптаға, айға, жылға, бүкіл өміріне арналған нақты жоспарлары болып, соны орындап отырса, өзі күтпеген дүниелерді жасауға болар еді.

Нақты мақсат жоспары

Көз алдыңызға елестетіп көріңізші, мен сізге 100 000$ сыйлық ұсындым делік. Мен: «Ақша қаладағы бір қызғылт үйдің қонақ бөлмесінде, диванның астында, конвертте тұр. Соны жай ғана барып аласыз» деймін. Сіз сол кезде менен ол үйдің мекенжайын сұрайсыз. Мен: «Айтпаймын, қаланы аралап жүре берсеңіз, тауып аласыз» деп болмаймын. Сіз: «Бұл үлкен қалада не көп, қызғылт үй көп емес пе? Ол үй алыста ма? Картамен таба аламын ба? Үйдің сыртында не бар?» деген сияқты сұрақтарды жаудыратсыз. Мен: «Жай ғана барыңыз да, тауып алуға тырысыңыз» деп айтамын. Сонда ол үйді тауып алуға қанша уақытыңыз кетер еді? Әрине, бүкіл өміріңіз.

Дәл осы мысал іспетті адамдар мақсатқа жету үшін қанша уақыт жұмсайды? Бүкіл өмірін жұмсайды! Себебі бағыты анық емес, мекенжайы жоқ. Eгep нақты жазылған мақсат, міндеттеріңіз болса, қолыңызда жолды дәл көрсететін компас бар деген сөз. «Мақсатсыз адам –желкенсіз кеме, жел қайда айдаса солай жүреді» деген ескі мәтел бар емес пе? Ең бірінші, сіз армандайсыз, сосын егжей-тегжейлі нақты ойластырып, тұжырымдайсыз. Шебер және сауатты жоспарлау, ойыңыз бен күшіңізді бір арнаға тоғыстыруға мүмкіндік береді.

Бір мысал

Әуелде әйеліміз екеуміз шағын бір бөлмеде тұрдық. Жеке үйіміз болғанын қаладық. Ол күн де жетіп, үй сатып алдық. Кейін жоқшылыққа ұшырап, оны сатып, қайтадан пәтер жалдап тұрдық. Бірақ біз армандауды тоқтатпадық. Бір күні өзімізге «шын мәнінде біздің үйіміз қандай болу керек?» деген сұрақ қойдық. Әйелім екеуміз «үйдің үлкен конақ бөлмесі, балалар бөлмесі және арт жағында өте әдемі ауласы болады» дедік. Бірде осының бәрін жазып коюды ұйғардық. Үйімізге қатысты 42 мінездеме жаздық. Әр ай сайын жағалауда ерекше дизайнмен салынған, бау-бақшасы жайқалған әдемі үйлердің суреттері бар журналдар сатып алдық. Журналдарға қарап отырып, болашақ үйіміздің қандай болғанын қалайтынымыз туралы ой бөлісіп, талқылайтынбыз. Көп ұзамай өмірімізде бәрі өзгере бастады. Ісіміз оңға басты. Жақсы ауданнан жақсы бір үй алатындай дәрежеге жеттік. Бірақ ол үйлер біз армандағандай болмады. Үш жыл ішінде 150 үйді көріп шықтық. Ақыры біз оны таптық. Қазір сол үйді аралаған сайын, оның соншалықты әдемі екеніне көз жеткіземіз. Осылайша өзіміз армандаған үйде 19 жылдан бері тұрып келеміз.

Сипаттап жазу әдісін кез келген жағдайда қолдану

Мысалы, сіз жалғызсыз, өзіңізге ұнайтын өмірлік серік тапқыңыз келеді. Олай болса отыра қалып, болашақ жарыңыздың бойынан көргіңіз келетін барлық қасиетті, айналасына көзқарасын, адамдармен қарым-қатынасын талдап жазыңыз. Толық сипаттаңыз. Осы арқылы сіз іздеген адамыңызды өзіңізге тартатын бойыңыздағы зор күш-қуатты қозғай аласыз.

Бірде мен ұзақ уақыт бойы жалғыз тұрып келе жатқан өте ақылды қызбен сөйлестім. Оның жігіттерден жолы болмапты. Олардың бірде-бірі қыздың ойынан шықпаған. Мен оған: «Ең алдымен, сен армандаған адам қандай болу керек? Оның бойынан қандай қасиеттерді көргің келеді? Осыларға жауап ізде», – дедім. Ол маған үш күннен кейін келіп: «Тізімімнің саны 51 болды, өз адамымнан осы артықшылықтардың табылғанын қалаймын», – деді. Әлгі қызды мен біраз уақыттан кейін кезіктірдім. Мүлдем өзгеріп кетіпті. Өзі сипаттаған адамды жолықтырғанын да мойындады. Бұл өте таңғаларлық дүние болды. Ол бұрын өзіне нақты қандай адам керек екенін анықтай алмай жүрген болып шықты.

Сондай-ақ, менің кәсіпорыныма маркетинг бөлімін басқаруға бір адам қажет болды. Мен ол адамның бойынан көргім келетін 38 сипатын тізіп жаздым. Екі аптадан кейін маған бейтаныс біреу хабарласып, жұмысқа тұрғысы келетінін айтты. Мен оны кездесуге шақырдым. Ол келді. Өзі туралы айтып беруге 30 минуттай уақыт бердім, сосын  жұмысқа алдым. Үш айдан кейін мен оған тізімді көрсеттім. Ол жерде көрсетілген барлық сипаттамалар оның бойында бар болып шықты. Бұл сипаттардың ішінен ол тіпті, өзінде бар деп ойламаған мінездемелерді кездестірді. Бұл жағдайда таңдай қақтырды.

 

Әрдайым ең маңызды нәрсені жазып отыру

Мақсаттарыңыз жайында айқын бір ой қалыптасқан кезде, дереу оған жеткізетін әрекеттердің тізімін жасаңыз. Ол тізімді үнемі түзетіп, толықтырып отырыңыз. Уақыт өте келе жағдай өзгеріп, жаңа ақпарат аласыз, сол кезде ойыңызға басқа дүниелер келуі мүмкін. Осының бәрін қағазға түртіп коюды ұмытпаңыз.

Eгep сіз менеджер болсаңыз, нағыз жұмыскердің бойынан қандай қабілеттерді көргіңіз келетінін жазыңыз. Армандаған үйіңізге қол жеткізгіңіз келсе, сол үйді толықтай сипаттап жазыңыз. Ойдағыдай адамның немесе үйдің, жұмыстың, серіктестіктің және тағы басқалардың жай ғана сипатын тізіп жазудың өзі қандай мүмкіндіктер туғызғанын, өзгерістер алып келгенін көріп таңғалатын боласыз.

Мақсаттарды таразылау

Мақсатыңыз барынша айқын және нақты болсын, тіпті оған жеткеніңіз, я жетпегеніңізді жас баланың өзі ажырата алатындай болу керек. Мен мұны неге айтып отырмын? Себебі кейбір кісілер мақсаттарын былайша сипаттаған: «Менің бай болғым келеді. Атақты болғым келеді. Менің бақытты болғым келеді, менің саяхаттағым келеді. Маған үй керек. Маған көлік керек». Бұлар қалау, қиялдау, армандау. Бірақ, мақсат емес! Арман – ол қуатты ағыны жоқ мақсат. Жер бетіндегі адамның 90%-ы ешқандай пайдасыз, нәтижесіз өмір сүріп келеді. Оның себебі: олардың мақсат пен арманды шатастырып алуында. Шындығында оларда арманнан басқа ештеңе де жоқ. Сондықтан дәл қазір өз мақсатыңызды айқындаңыз!