СұқбатСыр-сұқбат

Найля Аппасова: Әлеуметтік баспанаға әркім де хақылы

Найля - балалық шағынан тағдыр тауқыметін тартса да, өмірдің тосын сынақтарынан сүрінбей өтіп, жеңімпаз атанған жан. Көп жылдардан бері құрылыс саласында қызмет етіп, нәзік жандыға аса тән емес кәсіпті құрған ол жетістікке жету жолымен бөлісті.

Болмысын өз қолымен қашап жасаған Найля бүгінде қазақ қоғамындағы арулардың рухын көтеретін «Спроектируй будущее» кітабының авторы. Бүгінде «ANA ASTANA» компаниясының құрылтайшысы ғана емес, 2017 жылдан бастап Қазақстанның іскер әйелдері қауымдастығының мүшесі, ААҚ Басқармасының мүшесі. Нұр-Сұлтандағы әйелдер күштері альянсының басшысы.

С: Найля, сырғалыға тән емес кәсіпке қалай келдіңіз? Жобалау ісімен айналысуыңызға не түрткі болды?

Н.А: Мен инженер-механик факультетін инженер-құрылысшы мамандығы бойынша бітірдім. Ол кездері мемлекетіміздің астанасы қарқынды дамып келе жатты және дәл осы сәтте елге көптеген жобалаушылар қажет болды. Сол себепті еш тәжірибесіз елордамызға қоныс теуіп, бірден жобалаушы болып жұмысқа тұрдым.

Әуелде мансабымның алғашқы сатысында сәулетші, құрастырушы болып қызмет атқардым. Кейіннен жобалаушы компанияда жобаның бас инженері болдым. Сондай-ақ, BI-Group компаниясын жобалау ісі бойынша басқардым.  Ал уақыт өте өз компаниямды ашу туралы ой келді.

С: «Ana Astana» компаниясы дүниеге қалай келді?

Н.А: «Ana Astana» компаниясы 2013 жылы құрылды. 2006 жылдан 2013 жылға дейін «Азбука Жилья», «Найза Құрылыс», «Альянс Строй Инвест» сынды компанияларда қызмет еттім. Осы алты жылда біраз тәжірибе жинаған соң, өз кәсібімді ашуға ниеттендім. Осылайша Ana Astana компаниясы дүниеге келді. Қазір елордамызда жабалау ісі бойыша жетекші компаниялардың бірі.

С: «Нұр Отан» партиясының партияішілік сайлауы Праймеризге қатысып жатқаныңызды білдік. Жобаға қатысуыңыздағы басты мақсат қандай?

Н.А: Праймеризге қатысуымның негізгі мақсаты – өз салам бойынша қоғамға пайдалы болу. Қазіргі таңда елімізде әлеуметтік баспана мәселесінің кең етек жайғаны жасырын дүние емес. Жыл сайын бұл проблема жаңа толқынмен шарықтап, өз шешімін таба алмауда. Сол себепті мен өзімнің сайлауалды бағдарламаммен 3 шартты, яғни, мемлекет, кәсіп пен азаматтық қоғамды біріктіруді ұсынамын. Сонда бұл мәселелер өз шешімін табады. Егер халықтың көмегімен мен депутат болып, осы мәселенің жауабын қысқа мерзімде тапсам, ең бақытты жан болар едім. Себебі адам өмірінің мәні –  қоғамға пайдалы болу деп білемін.

С: Бүгінде екі баланы тәрбиелеп отырған анасыз. Жұмыс пен жеке өмірді қалай қатар алып жүрсіз?

Н.А: Иә, он алты және он жасар ұл мен қыздың анасымын. Ұлым шығармашылық бағытты таңдады, сол саланы меңгеруде. Ал қызым көркем гимнастикамен айналысады. Жеке өмірім мен жұмысымды барлық өзге аналар секілді қатар алып жүремін. Маған бұл ретте уақытымды тиімді жоспарлау, яғни, тайм-менеджмент жақсы көмектеседі. Кешкілік уақытта келесі күнге жоспар құрамын. Әдетте әрбір сағатымды алдын ала жоспарлап қоямын. Сол сияқты балаларымның да бос уақыты жоқ.

С: Байқасам, әлеуметтік желіде өте белсенді екенсіз. Үнемі оқырмандарыңызбен байланыста жүресіз…

Н.А: Әлеуметтік желіде белсенді екенім рас. Соңғы кездері, кітабым шыққаннан кейін өзімнің нәзік жандыларға немесе өз кәсібін бастағысы келетіндерге пайдамды әкелгім келетінін түсіндім. Сол себепті әлеуметтік желіні ұтымды пайдаланып жүрмін деуге де болады.

С: Қарапайым жұмыс күніңізді сипаттап беріңізші? Таңыңыз неден басталады?

Н.А: Күнім таңғы 6-да басталады. Таңертең міндетті түрде орталық саябақта жүгіремін. Үйге келе сала душқа түсіп, таңғы асымды ішемін. Содан кейін балаларды мектептеріне жеткізіп салып, жұмысқа барамын. Жұмыс күнім 9-да басталады, сол себепті оған дейін медитация жасап алуыма болады. Ал кешкісін үйге келгеннен кейін балаларыммен уақыт өткізіп, келесі күнге дайындаламын.

С: Негізгі кәсібіңізден бөлек, зергерлік бұйымдар брендіңіз бар екенін білдік. Сол туралы айта кетсеңіз…

Н.А: Өзіңіз білесіз, жобалау мен құрылыс саласы әйел затына арналған сала емес. Сол себепті өткен жылы әйелге тән кәсіптің түрімен айналысып көргім келді. Осылайша Әсем Ысқақтың сурет салу бойынша онлайн-марафонына қатыстым. Бір қызығы, сурет салуға деген қызығушылығым күн санап артты. Кейінірек бірнеше келіссөздер мен кездесулерден кейін мен зергерлік бұйымдардың кескінін сыза бастадым. Осылайша өз кәсібімді дөңгелеттім.

С: Кітап жазу туралы идея қайдан келді?

Н.А: Кітапты жазу идеясы кенеттен туды. Ana Astana компаниясының әлеуметтік желідегі парақшаларын дамытуды қолға алған кезімде біраз адамдармен келіссөздер жүргізген едім. Тіпті әңгіме арасында балалық шағымды да сөз еттік. Басымнан өткен жағдайларды оларға бүкпесіз баяндап бергенімде олар: «Найля, сізге кітап жазу керек» деді. Мен бір күліп алып, кітап жазатын жаста емес екенімді айттым. Десе де, олар мені барынша райымнан қайтаруға тырысты. Сөйтіп біраз уақыт өткеннен кейін бір шешімге келіп, небәрі төрт айда кітапты жазып бітірдім. Қазіргі таңға дейін оқырмандарымнан жылы лебіздер естіп жатамын. Сондықтан кітап жазу идеясын басыма салып, мені барынша қолдаған жандарға алғысым шексіз.

С: «Спроектируй будущее» атты кітабыңызда өміріңіздегі қиын-қыстау кезеңдер мен тәлкекке толы балалық шағыңыз туралы ашық жазыпсыз. Анаңыз бен ет жақындарыңыз кітапты қалай қабылдады? Қандай баға берді?

Н.А: Кітап жазу барысында есіме түсіргім келмейтін жайттар болды. Олар туралы тіпті, жазғым келген жоқ. Алайда Bestsellers.kz кітап баспасының меңгерушісі Ербол Сәлімов оқырманмен барынша ашық болған дұрыс екенін айтты. Ол елімізде әйелдердің басым бөлігінің «ұят» ұғымының кесірінен жан айқайын жеткізе алмай жүргенін сөз етіп, барынша қолдау білдірді. Сол себепті анам мен балаларыммен ақылдасып, кітап жазу туралы шешімге келдім. Әрине, ол үшін мені сынағандар да болды.

С: Балалық шағыңызда нені армандадыңыз? Бүгінде ол арман орындалды ма?

Н.А: Әжемнің айтуы бойынша, бала күнімде біреу келіп: «Өскенде кім боласың?» деп сұраса, «Бастық боламын, көлікпен жүремін» деп жауап береді екенмін. Неліктен бұлай жауап бергенімді білмеймін. Алайда жасөспірім кезімде расымен көлік мініп, үй алу арманыма айналды. Ол кезде көп қиындық көрген едік. Десе де, 2008 жылы арманыма қол жеткіздім.

С: Болашаққа деген жоспарыңызбен бөліссеңіз?

Н.А: Алдағы уақытта Праймеризге қатысып, белсенді болуды жоспарлап отырмын. Сондай-ақ, әлеуметтік баспана мәселесі бойынша адамдарға көмегімді тигізгім келеді. Бұл менің алдағы бес жылға қойған ең басты мақсатым.

С: Оқырмандарымызға тілеріңіз болса, мархабат.

Н.А: «Сырласу» журналының оқырмандарына болашақтарын бүгіннен бастап жобалауды қолға алуды тілеймін. Барлығы өзіңізге байланысты екенін ұмытпағайсыз. Сіздің кез келген арман-мақсатыңыз, тілегіңіз міндетті түрде орындалады. Әлемде мүмкін емес нәрсе жоқ.

Сұқбатыңызға рақмет!