Жан әлеміӨкініш

Өзімнен 21 жасқа үлкен еркекпен көңіл қосып шалыс бастым

Өмір бойы ата-анамның үмітін ақтаймын деп жылдар бойы білімнің соңынан қуған мен қалай ғана оң босағада отырып қалған қыз атанғанымды білмей қалдым. Жоғарғы оқу орнын тәмамдағаннан кейін шетелге барып, білімімді шыңдауды жөн көрдім. Оқу, қызмет деп жүріп 30-дан асып кеткенімді де сезбей қалыппын.

Осы кезден бастап болашағымды ойлап, тезірек отбасылы болуды қалайтын болдым. Бірақ амал не, өзіме жар болуға тұрарлық жан таба алмадым. Осынша жасқа келіп, өмірде ештеңеге жетпеген, жалаңаяқ жігітке тұрмысқа шыға алмайтынымды білдім. Сол себепті, әлбетте, ер азаматтың қалтасына қарауға мәжбүр болдым.

Таңдаған тазға жолығар деген бар емес пе? 35-ке келгенде өзімнен 21 жасқа үлкен шалға тұрмысқа шықтым.

Қайнар мен жұмыс істейтін компанияның акционері еді. Үнемі басшылықтың жиналыстарына келген сайын маған көңіл білдіріп кететін. Өзінің қызымен жасты аруға қалай ғана сөз салып жүргенін мен қанша тырыссам да түсінбедім. О баста оның жасына қарамай маған қылымсығанын көргенде қатты ашуым келетін. Десе де, бес жыл бұрын әйелінен айырылған ер адамның өзіне жар болар жанды іздестіріп жүргенін білдім.

Ол өзіммен қатар жігіттер секілді мені кездесуге шақырып, уақыт жоғалтпайтын. Араға көп уақыт салмай “маған тұрмысқа шығасың ба?” деп сауалды төтесінен қойды.  Оның жасы үлкен болса да мені сыйлайтын, еркелігімді көтере алатын ер адам екенін білдім. Оған қоса қалтасы қалың күйеуімнің  мені ренжітпесіне анық сенімді болдым. Сондықтан көп ұзамай оған келісімімді бердім.

Өзге қос-ғашқытар секілді аста төк той жасамай, артық адамдарсыз некеге тұрдық.  Ал отбасылық өміріміздің екінші күні Қайнар бірінші әйелінен баласы болғандықтан, екінші рет әке атану жоспарында жоқ екенін айтты. Мұны естіп, төбемнен жай түскендей болды. Ақ көлек киіп, қыз күнімдегі арманымды орындамағаным былай тұрсын, енді ана атану мүмкіндігінен де айырып отырғаны қалай деп тағы ашуландым. Десе де, Қайнар дегенін істететін, істете алмаса, түрлі амалдарды ойлап табатын адам. Не десе де, оның сөзімен келісуге мәжбүр болдым.

Уақыт өте келе шалмен құрған шаңырақтың ұзаққа бармайтынын сезе бастадым. Өміріміз бірсарынды өте берді. Күйеуім Құдайдың құтты күні төсек тартып, жатып қалатын болды. Ал менің күнім ас бөлмесі мен дәріхананың арасында өтетіп жатты. Тіпті, балалы болу арманым күннен күнге сөне бастады. Шалым бір балама айналды. Жыныстық өмір, төсек ләззаты дегенді айтпай-ақ қойсам да болар. Күйеуіме жар емес, күтуші керек болған екен. Кейде өзімнің өмірімнің осылай өтіп жатқанына налыймын. Қайнардан кетуге бірнеше рет оқталғаным бар. Бірақ неге екенін білмеймін, оны тастап кете алмаймын. Өзімді әркез кінәлі сезінемін. Алдағы өмірімнің қалай жалғасатынын білмеймін.