СұқбатСырласу қонағы

С. Байқошқарова: Еріме “төрем” деп төрімді ұсынамын

Дәрігер болуды бала кезімнен армандадым. Бірақ, бедеулік мәселесімен айналысуға мені тағдырдың өзі алып келді. Мен өзге әйелдерге көмектесіп, ана бақытын сезінуге үлес қосқым келді. Жүктілікті күтіп жүрген шақта ұйықтап кетсем түсімде өзімді нәресте күтіп жүрген ана кейіпінде көретінмін. Ал, оянғанда көңілім су сепкендей басылып, құлазып, көз жасымды көл қылып жастыққа төгуші едім. Мұндай күй балаға зар болып жүрген барлық аналарда болатынын білемін...

…Тағдырдың қатал сынын өткеріп жүрген шағымда өмірлік серігім маған қолдау көрсетіп, үміттендіріп отырды. Ол «біздің де қолымызға қарға тышып, біздің де бақта бұлбұл сайрайтын болады», – деп мені сендіретін. Тіпті, «бір перзентке зар болып өтсек те мен сенімен ылғи да бірге боламын», – дегенді айтудан жалықпайтын. Әрине, осындай қолдаудан кейін оны кезіктірген тағдырыма айтар алғысым шексіз.

Біздің бақытты күндеріміз тұңғышымыздың дүниеге келуімен байланысты. Оған дейінгі 7 жылда бір шақалаққа зар болғанымыз рас.

Ұзақ күткен жүктілік
Отбасылық бақытқа қол жеткізіп, ата-ана атану Батыр екеуіміз үшін тым ұзаққа созылды. Мен ерте тұрмыс құрғаныммен тұңғыш перзентімді 7 жылдан соң ғана алақанымда аяладым. Одан кейін де екінші баламызды тым ұзақ күтіп, араға 15 жыл салып қана ұлымызға бауыр сыйладық. Күттім деген айтуға ғана жеңіл ғой, ал ақиқатында ем қабылдап, ауыр оталарды басымнан кешірдім. Есесіне Жаратқан біздің төзіміміз бен еңбегімізді еледі. Тұңғышымызды тысқа алғаш рет серуендетуге алып шығып бара жатқандағы Батырдың көз жасы әлі күнге дейін менің жадымда қалыпты.

Мен оны пір тұтамын
Ол намысты, қазақтың нағыз мінезді жігіті. Отағасы ретінде жанұя мүшелерінің өзіне бағынғанын қалайды. Ең бастысы – оған сенім артуға болады. Отбасы жауапкершілігіне немқұрайлы қарай алмайтын отағасын мен осы қасиеттері үшін жақсы көремін. Сүйікті әке, өжет әрі қажет жерде тез шешім қабылдай алатын ерімнің осы мінездері үшін оған бағынып, құрмет тұтамын, төрем деп төрімді ұсынамын. Талапшыл әрі отбасында бірінші кезекте тәртіптің болуын қадағалап отыратын ол кісі, бізден де осы қасиеттердің табылуын қалайды. Маған достық пейілін білдіру мақсатында жастық шағымызда әке-шешесімен бірге менің әкемнің алдынан өтуді жөн деп тауыпты.

Бір қызығы, әкем мен жолдасымның мінездері бірдей. Әкем де қатаң тәртіпті қалайтын жан. Біздің әкелеріміз сыры мен мұңын тең бөліскен достар болған.
Біз дәстүр жолымен қос әкенің ризашылығын алып шаңырақ көтердік және ол әрекетіміз үшін ешқашан өкінбейміз. Бүгінгі жастардың көбісінің оңай танысып, оңай табысып, одан соң оп-оңай отбасын ойран ете салатын қылықтарына қайран қаламын. Әкесі мен шешесінің көзі тірісінде балалары жетім қалып, көздері жәудіреп қалатындығы туралы олар мүлдем ойланбайтын секілді. Бағындырған биіктерім мен жеткен жетістіктерімнің барлығы ата-ана мен Батырымының қолдауы арқылы жүзеге асты.
Ол маған мейірбандық пен махаббат жайында күнде сөз етеді десем жалған болар. Алайда, оның жанарында маған деген махаббаттың ұшқыны бір сәтке де жоғалмағанын күнде көріп жүрмін.
Менің балаларымның әкесінің осындай жан болғанына Жаратқанға мың сан шүкірлік етемін.