Жан әлеміӨзіңді дамыт

Сүйіктіңіз сізді қадірлей ме?

Қос ғашық арасындағы үйлесімділік тек екі тараптыің жұмыла жұмыс істеуі мен үнемі өзін-өзі дамытып отыруының арқасында пайда болады. Алайда ерлі-зайыптының біреуі психикалық тұрғыдан әлсіз болса, қарым-қатынасты берік етіп ұстап тұру өте қиын. Осы орайда сыралғы құрбыңыз адамның ауыр мінезі мен психикалық ауытқуының аражігін ажыратуды жөн көрді.

Екінші жартыңыз өзін сізден жоғары қояды

Ондай адамдар екінші жартысының өзінен асып, қандай да бір жетістікке жеткенін қаламайды. Олар: «Сенің-ақ қолыңнан түк келмейді екен», «Мен болмасам, сен кім болар едің» деген сөздерді жиі айтқанды ұнатады.

Мұның барлығы сіздің күш-жігеріңізді әлсіретіп, сізді өзіне тәуелді ету мақсатында жасалады.  Сіз өзіңіз де оның сөздеріне мойынсұнғаныңызды байқамай қаласыз.

Сүйіктіңіз сізге немқұрайлы қарайды

Ондай адамдар екі сөйлегенді не аяқ асты шешімін өзгерте салғанды ұнатады. Мәселен, ол бір күні сізді сүйетінін айтса, екінші күні мүлде назарға да елемеуі мүмкін. Ең сорақысы, кейде немқұрайлылық қатыгездікке ұласуы ықтимал.

Өз кінәсін ешқашан мойындамайды

Біз бұған дейін айтып өткендей, ондай адамдар үшін екінші жартысын басқару – маңызды. Олар өздерінің деңгейі түсіп кетпеуі үшін өз кінәсін мойындамай, түк болмағандай жүре береді. Оған сізді кінәлі еткен әлдеқайда жеңіл.