ОтбасыОтбасы бюджеті

Үнемдеудің үлгісі

1.04K (1000)Қаралымдар

ҮНЕМДЕУДІҢ ҮЛГІСІ

Дүкенге бару бұрынғыдай күнделікті тұрмыстық қажеттілік емес. Біз сауда жасарда әуелі психологиялық проблемамызды шешуге тырысамыз. Өзімізді қуанту үшін, сабырға келу үшін немесе менде бәрі жақсы дегенге іштей илану мақсатында барамыз. Адамның сатып алған затына қарап оның не ойлайтынын немесе өмірге деген көзқарасын байқауға болады. Қазір көпшілік жандар күнделікті шығындарын қысқартуларына мәжбүр. Одан дүкендер мен сауда үйлері босап қалды ма? Мүлде олай емес! Психологтар ғажайып құбылыстардың бар екендігін әрдайым айтып отырады. Әйел адамдар табыс азайған сайын киім кешек алу арқылы өздерін алдайды. Көптеген құрбыларымыз «жақындарым мен туыстарыма түрлі сыйлық жасай алатын мүмкіндігім болса демек, менде бәрі жақсы» деп ойлайды.

ШЕШІМ ҚАБЫЛДАУҒА СІЗДІ НЕ ИТЕРМЕЛЕЙДІ?

Сауда жасауға келіп тұрған адамның бір иығында періште, екінші иығында шайтан отыр деп елестетуге болатын сияқты. Бұндай сезімді әрбір жан басынан өткеруі ықтимал. Белгілі бір затты сатып алғымыз келген сәтте біздің миымыздың екі бөлігі жұмыс істей бастайды. Мәселен, мидың бір бөлігі сатып алған затымыз үшін қуанатын сәтті ойлап тұрады. Ал, екінші бөлігі ол заттың құны туралы және кететін шығын жөнінде ойланады. Осыданкейін адам сатып алсам ба, жоқ па деген ойға беріледі. Ақшаны үнемдегіш кісілер дәл сол сәтте бір қолайсыздықты сезінуі де қалыпты жағдай.

БІЗДІҢ КЕҢЕС: Егер сіз бір ғана дүкеннен бірнеше тауар сатып алсаңыз ол заттардың бағасы туралы ой сізді мазалауы мүмкін. Мәселен, киім-кешекке он мың теңге жұмсасаңыз мың теңге тұратын футболка алудан бірдеңе өзгеруі неғайбыл. Сондықтан сауданы әртүрлі дүкендерде жасауға тырысыңыз. Әр жерде әмияныңызды бірнеше рет қолыңызға алсаңыз ақша туралы көп ойламауыңыз мүмкін. Ал, бір дүкеннен бірнеше зат алып, ауқымды қаржы тастап кету көңіл-күйіңізге кері әсерін тигізуі мүмкін.

БІРНЕШЕ ЗАТТЫ АРЗАНҒА САТЫП АЛУ ТУРАЛЫ. ҰСЫНЫСТАРДАН САҚ БОЛЫҢЫЗ

Британдық психологтар қызық тәжіребие жасапты. Олар адамдарға бірнеше тауардың фотолары мен бағаларын көрсеткен. Тәжірибеде анықталғаны кісілерге тым қымбат заттардың суретін көрсеткен кезде адамдардың миындағы ауыртпалыққа жауап беретін бөлігі сыр берген. Ал, адамдарға «жеңілдік», «арзан тауар» немесе «тауар бағасы төмендетілген» деген сөзді көрсеткен кезде мидың рахаттанатын бөлігі дереу іске қосылып отырған. Бұл құбылыс бағалардың жоғарылығына қарамастан қайталана берген екен.

БІЗДІҢ КЕҢЕС: Кәсіпкерлер арзан бағаға тауарларын өткізіп жіберуді немесе маусымдық жеңілдіктер жасап пайда түсіруді көздейді. Бірақ, заттар тым арзан да болмайды. Мәселен, екі немесе үш затты бір бағаға саудалайды делік. Бұл шараға тез алданып қалатын адамдар өздеріне қажетсіз де заттарды сатып алады. Ол қажет па, емес па деген сұраққа сауда жасап тұрған кезінде ойланбауы да мүмкін.

САУДА ҮЙІНІҢ СИНДРОМЫ

Сауда үйлері  жыл сайын көбеймесе бәсеңсімейді. Шағын дүкендер азайып, ірі сауда орталықтарының мәртебесі биіктеп жатыр. Біз гипермаркеттерге тек сауда жасау үшін ғана емес, демалып, сейілдеп қайту үшін де барамыз.

БІЗДІҢ КЕҢЕС: Мейрамдар алдындағы қарбалас пен адам көп жиналған өте үлкен дүкенге кіргенде (әсіресе әйелдер) трансқа түскендей күй кешуі ықтимал. Тұтынушылар уақыттың өтіп жатқанын аңғармайды. Және бірнеше сағаттар бойы дүкен аралап жүруге әзір. Бұл сәтте адамның рахаттану гормоны өте көп бөлінетіні де аңғарылған. Психологтардың айтуынша мұндай күйге басқа да іспен айналысып түсуге болады. Мәселен, шығармашылықпен айналысу керек немесе қолөнермен шұғылданған жөн. Сіз сурет салып отырғанда, тігін тіккен сәтте ми қабаттарында сауда жасаған кездегідей күйге бөленуіңіз ықтимал.

ТЕК ҚАЛТАҢЫЗДАҒЫ ҚАРЖЫНЫ ЖҰМСАҢЫЗ

Біздің көптеген компанияларымыз жалақыны пластикалық карточкалармен бере бастаған кезде еліміздің тұрғындары дабыл қаға бастады. Оған себеп те бар. Егер сіз сауданы қалтаңыздағы қаржыға жасасаңыз миыңыздың қиналған сәтке жауап беретін бөлігін мазалайсыз. Ал, карточкада сақталған виртуалды ақшаны адамдар тез жұмсап тастайды. Сондықтан көп уайымдамайсыз да. Мәселен, ақшаны қолма-қол жұмсасаңыз әмияныңыз көз алдыңызда босап, үнемге үйренесіз.

БІЗДІҢ КЕҢЕС: Қалтадағы қаржысын ғана жұмсау ақшаңызды бақылап отыруға көп мүмкіндік береді. Ал, карточкамен сауда жасайтын адам болсаңыз «айлығымның тең жартысын жұмсап тастадым енді үнемдеудің қажеті қанша деген» ой туады.

ЖАБЫРҚАУЛЫ КӨҢІЛ-КҮЙ – ҚЫМБАТ ҒАНИБЕТ

Гарвардтың психологтары да қызық тәжірибе жасапты. Бұл шараға қатысқан адамдарды екі топқа бөліп тастаған. Бір бөлігіне жабырқаулы фильм көрсеткен. Екінші топқа орташа кино ұсынған. Көрсетілімнен кейін ол кісілерден «егер дүкенге барсаңыздар не сатып алар едіңіз» деп сұрапты. Нәтижесінде көңілсіз фильмнен шыққандар үш есе көп шығындануға дайын болған. Бұл түсінікті де. Олар сауда жасау арқылы өздерін қуантып, көңіл-күйлерін көтеруді мақсат еткен.

БІЗДІҢ КЕҢЕС: Өзіңізді жайсыз сезініп тұрған кезде немесе көңіл-күйіңіз жоқ кезде ешқашан дүкенге бармаңыз. Мұндай сәтте сіз өте көп шығынға ұшырауыңыз ықтимал.

КӨП НӘРСЕГЕ ҚЫЗЫҒУ СЕЗІМІНЕН САҚ БОЛЫҢЫЗ

Азғыруға төтеп бере алу сезімін әрқашан жетілдіріп отыру қажет. Мәселен, диетада отырған адамдар не- месе темекіні тастағылары келіп жүрген кісілер керек емес заттарды жиі сатып алады. Диетада жүрген адамдар өзіне тәтті тағам сатып алудың орнына арықтаған кезде киемін деген мақсатпен киім сатып алады.

БІЗДІҢ КЕҢЕС: Көп адам өз-өзін ұстай алмай қалуға бейім. Ол оңай болмаса да үйренуге тура келеді. Дүкендердің мақсаты  – сіздің қалтаңыздағы көп қаржыны алып қалу. Сондықтан да көзді қызықтыратын, алдамшы ұсыныстардан абай болыңыздар.