Ақ босағаОтбасы

ӘЖЕМ АЙТҚАН АҢЫЗ БЕН АҚИҚАТ

Тұз - киімге тамған майды кетіреді, ал бананның қабығымен аяқ киім тазалауға болады екен. Сол рас па? Біз мұндай тәсілдердің бірнешеуін анықтап, қалай жұмыс жасайтынын тексеріп көрген едік. 

Егер жуынатын бөлмедегі айнаның бетін қырынуға арналған көпіршікпен жусаңыз, буланып кетпейді.

Бұл тексерілген әдіс! Қырынуға арналған көбікті таза құрғақ орамалға жағып, айнаның бетін төменнен жоғарыға қарай жақсылап сүрту керек. Келесі жолы сіз ванна қабылдаған кезде айнаңыз жарқырап, тап-таза күйінде тұрады. Бірақ, айнаның жақтауы ағаш болса абайлап сүрткеніңіз жөн. Көбіктің салдарынан майлы дақтар қалып қоюы ықтимал.

Киімге көк шөптен жұққан дақты жумас бұрын тіс пастасын жағып қойыңыз.

Бұл әдісті де пайдалануға әбден болады. Бір өкініштісі, мақта матаға жұққан шөпті кетіру өте қиын. Сондықтан, дақ қалған жерге әуелі тіс пастасын ысқылап жағып, содан кейін барып жуған жөн. Сонда дақтың орны білінбей кетеді. Бірақ, пайдаланатын тіс пастасының түсі ақ болуы тиіс.

Грек жаңғағын пайдалану арқылы қара түсті жиһаздың бетіне түскен сызатты кетіруге болады.

Бірақ өте абай болу керек. Ол үшін жиһаздың сырылған тұсына грек жаңғағының сөлін жағу керек. Жаңғақтың құрамындағы май ағаштың бетін қарақошқылдандырып, сызатты жасыруға көмектеседі. Бұл өте қарапайым, әрі арзан тәсілдердің бірі. Алайда, бұл әдісті тек қара түсті жиһаздарға ғана пайдалануға болады.

Бөлмеге сіңіп қалған темекі иісінен құтылғыңыз келсе, сірке суының бетін ашып, бір түнге қалдырыңыз. Немесе суға еріткен ас содасын қолдануға болады.

Шұңғыл ыдысқа бір шыны сірке суын құйып, темекі шегуге арналған бөлменің есігін бір түнге жауып қою керек. Екінші күні бөлменің темекі түтінінен қалай тазарғанын байқамай да қаласыз. Сірке суының орнына ас содасын да пайдалануға болады. Алайда, оның әсері аздау болады.

Егер гүл шоғының ұзақ тұрғанын қаласаңыз гүл тұрған ыдысқа бір түйір қант, бір тамшы ағартқыш сұйық немесе аспирин таблеткасын салып қойыңыз. Не болмаса гүлді лимонадқа салған жөн.

Ең дұрысы – лимонад. Біз тәжірибе ретінде раушан, қалампыр және фрезияны жай суға және арнайы қоспалары бар суға салып көрдік. Аспирин дәрісі араластырылған суда тұрған гүл 4 күннен кейін солып қалды. Одан кейін қант салынған суда тұрған гүл солды. Ең соңында барып бір тамшы ағартқыш сұйық қосылған суда сақталған гүл өлді. Лимонад шырынына салынған гүл 6 күнге дейін тұрды. Ал құрамында арнайы құнарландырылған қоспасы бар сұйықта тұрған гүл шоғы бір аптаға дейін әдемі қалпын жойған жоқ. Сондай-ақ, біз раушан гүлінің өте нәзік әрі ұзақ тұрмайтынын байқадық. Басқа гүлдерге қарағанда тез солып қалды.

Банан қабығымен аяқ киімді тазалауға бола ма?

Бұл бекер сөз. Біз банан қабығымен аяқ киім сүртіп көрдік. Ол өте ыңғайсыз, әрі қолға да, аяқ киімге де жабысып қалады екен. Сондықтан мұндай кеңеске құлақ аспаңыздар. Ең дұрысы – аяқ киім тазалауға арналған арнайы құралдарды пайдалану.

Шарап тамған жерге шаш қатыруға арналған лак сеуіп қойсаңыз тез кетеді.

Бұл жақсы әдістердің бірі. Мұндай тәсіл киімнің шарап төгілген тұсын тез тазартуға көмектектеседі. Алайда, әбден сіңіп, қатып қалған дақты кетіре қоймайды. Оның үстіне матаға да байланысты. Дақты кетіру үшін  үстіне лак сеуіп, 5 минутқа қалдырыңыз. Содан кейін автомат машинаға кір жуатын ұнтақ салып жуу керек. Синтетика тез жуылады, ал мақта матадан тігілген киімге сіңген дақты кетіру қиын. Лакты жүннен тоқылған киімге және жібек матаға себуге болмайды. Киімді бүлдіруі ықтимал.

Бұған балама ретінде – ас тұзын пайдалануға болады. Тұз шараптан бөлек май дақтарын да кетіреді. Алайда, абайламаса тұз кей матадағы дақты тіптен әсірелеп жібереді екен. Бұдан бөлек, киімге жұққан дақты ас содасы немесе газдалған сумен жуып та кетіруге болады.

Киімге сіңген майдың орнын тальк немесе бормен де кетіруге болады.

Киімді кір жуатын машинаға салмас бұрын ақ бор немесе талькпен ысқылау керек. Алайда, бордың жақсы көмектеспейтініне көзіміз жетті. Ал талькты киімге себесіз де 5 минутқа қалдырасыз, одан кейін жұмсақ қылды щеткамен тазалап жіберсеңіз, нәтижесі көп күттірмейді. Синтетика мен мақта мақтадан тігілген киімді алдын ала суға салып қойыңыз, содан кейін барып машинада жуған дұрыс. Жібек пен жүннен тігілген киімге арнайы дақ кетіретін қоспаларды пайдаланған жөн.

Киімге төгілген сияны лимон шырынын, тұз, шашқа арналған лак немесе сиыр сүтімен кетіруге бола ма?

Мұндай жағдайда шаш қатыратын лак жақсы көмектеседі. Біз аппақ мақта матадан тігілген футболканы сиямен былғап, түрлі әдістермен кетіру жолын іздестірдік. Лимон шырыны мен тұз сия төгілген жерді ағартып жіберді, бірақ кетіре алмады. Сүтті мүлдем пайдалануға болмайды екен. Тіпті, машинамен жуғаннан кейін де дақ қалып қойды. Ал сияның үстіне лак сеуіп, одан кейін мақтамен сүртіп, содан кейін барып кір жуатын машинаға салып жуып көріп едік сия тез кетті.

Егер белдемшеңіз денеңізге жабысып қалмасын десеңіз, антистатиктың орнына аяқ киімге арналған кондиционер қолдануға болады.

Алақанымызға аздап кондиционер құйып, колготкиға жағып көрдік. Мұны жасау ыңғайсыздау болар, бірақ белдемше денеге жабысқан жоқ.