Отбасы

Ажырасу: Жүкті әйелдің құқығы қандай?

Құрметті «Сырласу» журналының редакциясы. Күйеуім екеуіміздің отасқанымызға 11 жылдың жүзі болды, екі баламыз бар (11 және 10 жаста), үшінші балама аяғым ауыр. Күйеуім басқа әйелге кетіп қалды. Қазір ажырасуды талап етіп, маған екі шарт қоюда: 1. Бала дүниеге келмей тұрып ажырассақ пәтерді бізге қалдырады, бірақ нәрестеге өз тегін бермейді. 2. Жұбайым ажырасуға 1 жылдан кейін арыз береді, сол кезде мүлікті толық бөліспек. Оған қоса пәтерді де тартып аламын деп қоқан-лоқы көрсетуде. Менің құқығым қандай болмақ? Сот менің келісімімсіз күйеуімнен ажырата алады ма?  Ләззат, 34 жаста

Оқырманның жанын күйзелткен сауалдың жауабын сұрап білікті қорғаушы Күләйхан Ахатайқызы Боташеваға жүгіндік. Заңгердің айтқанына көз салыңыз.

Неке қалай бұзылады?

Қандай жағдай болсын, барлық мәселенің шешімі бар. Дәл қазір сіздің басыңызға түскен ауыр күн де өте шығады. Бәлкім, жолдасыңыз райынан қайтып, сізге, балаларына қайта оралар. Бастысы, өз-өзіңізді жоғалтып алмаңыз. Енді қойған сұрақтарыңызға заң аясында жауап бере кетейін. Сот арқылы некені бұзу мынадай жағдайда жүзеге асады:

  • екеуінің кәмелетке толмаған балалары болғанда, ерлі-зайыптылардың бірі ажырасуға келісім бермегенде;
  • ерлі-зайыптылардың бірі ажырасуға келісім білдіргеніне қарамай некені бұзу кезінде жалтарғанда.
  • олар бір-біріне мүліктік және басқа да талаптар қойғанда;

Ажырасу туралы арыз түскен кезден бастап, сот бір ай бойы істі қарап, екі тараптың ойлануына, шешімдерінің нақты екендіктеріне сенімді болуына уақыт береді.

Аяғы ауыр әйелдің рұқсаты – маңызды

Дәл қазіргі сіздің жағдайыңыз мемлекет заңында бекітіліп көрсетілген.  Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» заңының 16 бабына сәйкес жүктілік кезінде және бала бір жасқа толғанша сіз келісім бермесеңіз, неке бұзылмайды. Енді «Сот менің рұқсатымсыз күйеуіміз екеуімізді ажырата алады ма?» деген сауалыңызға жауап берейін. Жоғарыда аталған заңның 20-бабына сәйкес ерлі-зайыптылардың бірі ажырасуға келісім бермесе, сот жұбайлардың табысуы үшін шара қолданады және арызды қарауды кейінге қалдырады. Күйеуі мен әйелін жарастыру үшін 6 ай шамасында уақыт береді. Осы уақыт аралығында бір-бірлерін түсініп, шаңырақтары қайта шаттыққа толған отбасылар қаншама?! Сондықтан үміт үзілмесін.

Family Portrait

Алимент қалай төленеді? 

Ерлі-зайыптылар ажырасуға түбегейлі шешім қабылдаған соң, сот екі жақтың талабын орындауға мәжбүр. Мұндай сәтте ортадағы баланың жағдайы бірінші орынға шығады. «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» заңның 139 бабында көрсетілгендей жауапты адам ай сайын бір бала үшін  табыстың төрттен бір бөлігін, екі бала үшін үштен бір бөлігін, үш және одан да көп бала үшін айлық табысының жартысын алимент ретінде өтейді.  147 бапқа сәйкес, ерлі-зайыптылар міндетті түрде бір-біріне материалдық қолдау көрсетулері тиіс. Егер еңбекке қабілетсіз жұбайына, ортақ балаларына жүктілік кезінде және ол өмірге келгеннен кейінгі үш жылда, 18 жасқа толмаған мүгедек баласына қарап отырған және 18 жасқа толған бірақ, І, ІІ топтағы мүгедек балаға қарап отырған жарына алимент төлемегені үшін  жұбайын сотқа шақырып, өндіріп алуға құқылы.

Неке бұзылғаннан кейінгі мүліктің құқық

Енді некені бұзу кезіндегі сіздің мүліктік құқығыңызға тоқталайық.  Егер неке келісімшарты жасақталмаса,  мүлік екі жанға да ортақ. Менің түсінгенімдей, дәл осы жағдайдағы ерлі-зайыптылардың арасында неке келісімшарты жоқ. Демек осы күнге дейін жинағандары оларға ортақ.  Бұл жерде үйде кімнің табыскер екеніне қарамайды. Отбасылық өмір кезінде  үй шаруасымен, бала тәрбиесімен айналысып немесе басқа да себептермен жұмыс істемеген жан болса да, мүлік ортақ. Егер пәтер жолдасыңыздың жеке меншігі болмаса, ажырасқан соң баспанасыз қаламын деп үйрейленуіңізге негіз жоқ.  Ерлі зайыптылардың жеке меншік мүлкіне мыналар жатады: жұбайлық өмірге дейінгі алынған мүліктер, неке кезінде арнайы берілген сыйлықтар, жеке өзі ғана тұтынатын заттар,  асыл бұйымдар. Қандай жағдайда да, ортақ мүлік, ортақ қарыз да теңдей бөлінеді. Менің берген жауабым сіздің кәдеңізге жарайды деп ойлаймын. Екеуіңізге де, балаларыңызға да тиімді шешім қабылдаңыздар.