Бала тәрбиесіОтбасы

Жалғызбасты ананың 9 қателігі

Баланы жалғыз өсіру оңай емес. Белді бекем буып, бауыр етін «өзім жетілдірем» дейтіндер жетерлік. Олардың әрбір қадамы жауапкершілікке толы. Аттап басқан сайын қателікке ұрынбас үшін қайтпек керек? Біз ұсынған бірер кеңеске көз жүгіртіп көріңіз.

Нәзіктікті ұмыту

«Мен бәрін өзім істей аламын» деген жан мақтауға лайық. Дегенмен ол – қауіпті ұстаным. Әйел басқа түскенге көніп, жауапкершілікті мойынға артқан соң күйбең тіршіліктің ортасынан бір-ақ шығады. Оның соңы жүректің күйіп-жануымен, жүйкенің тозуымен тынады. Апаттан құтқарушылар «Оттегі маскасын алдымен өзіңе, содан кейін балаға кигіз», – деп ескертеді емес пе?! Осы қатаң ережені еске алып әрекет ету қажет. Достардың көмегіне жүгіну керек. Әкелері жауапкершілікті теңдей бөлісуге міндетті. Бала өз жұрты мен нағашыларының қамқорлығынан тысқары қалмауы тиіс.

Ананың көңілі тек балада

Бар саналы ғұмырын «балам, балам» деп қана өткеру қаншалықты дұрыс? Біріншіден, бұл ертеңгі күні дау туғызатын мәселе. Анасы үшін өмір сүруге себепші болу балаға ауыр жүк. Екіншіден, өбектеп өсіргеніңіз өзектен теуіп отырмасына кім кепіл?!

Өзін кінәлау

Анасының «ажырасамын» деген шешімінен бала әкесіз «тірі жетім» болып өсіп келеді. Бірі әкесімен кездестіруді сиретеді. Енді бірі әлі бақытты болуды армандап, жаңа махаббат іздейді. Осы үшін әйел өзін кейде жегідей жеп, іштей жазғырады. Әрине, бұл ұлдың да, қыздың да санасына, дамуына, тағдырына әсер етеді. Кінәлі сезіну – тәрбиенің көмекшісі емес. Ең дұрысы – мән-жайды ұғындыру.

Бала – дос, серіктес

Күйеусіз әйел «балам мені түсінуі тиіс» деген ұстанымға жүгінеді. Перзентімен мазасыздығымен, қорқынышымен бөлісіп, қаржылық мәселесін талқылайды. Осылайша баладан баяғы жолдасының «орынбасарын» қолдан жасайды. Мұндайда әркімнің өз әлемі бар екенін ұмытпаған дұрыс.

«Әкем қайда?»

Бұл сұрақтан қашатындар, не тым қызу жауап беретіндер бар. Құпия ұстаған сайын баланың ойы шатасып, өкпесі ұлғаяды. Олар балабақша мен мектепте әкелері туралы не айтады? Жауабы жоқ сұрақ болмайды. Бүлдіршінге: «Әкеңнің өз үйі бар», «Әкең енді бізбен бірге тұрмайды», – деу жеткілікті. 7 жастан асқан балаға барлығын түсіндіріп, басын ашып айтқан жөн.

Әкелері туралы ғайбат сөйлеу

Бұрынғы күйеуімен бірқалыпты, бейбіт қарым-қатынастағылардың баласы байыпты, дені сау болып өседі. Баланың көзінше екеуара ара қатынасты талқылауға және өзге біреумен әкесі туралы ғайбат сөйлеуге мүлдем болмайды. Бұл балада әкесіне деген жеккөрініш тудырып, болашақтағы өміріне тікелей әсер ету кауіпі бар.

Жеке өмірді ұмыту

Тамақ үшін өмір сүрмей, өмір сүру үшін тамақ ішу керек. Сондықтан қалаған жұмысымен айналысып, спортпен, сүйікті ісімен шұғылданып, достарымен кездесетіндердің күші кемімейді. Керісінше арта түседі. Асып-тасыған қуаттың арқасында балаға да жеткілікті көңіл бөле түседі.

Толыққанды отбасымен араласпау

Айналадағы бақытты жанұялармен қоян-қолтық араласу – балалардың көңіліне қаяу салады деп қорқу қисынға келмейді. Өткенді ойлап, біріңғай жалғызбасты аналармен араласудың қажеті жоқ. Егер әйел өзінің кішкентай отбасын өзгеден кем көрмей, теңдей бағаласа, ол баланың санасына әсер етеді.

Отбасын құруға асығу

Әйелге – жаңа күйеу, балаға – жаңа әке қажет. Асығып шешім қабылдау бұрынғы қателіктің қайталануына алып келуі мүмкін. Психологтар «Енді бәрі басқаша болады деп жылдам тұрмыс құру – кері нәтижеге алып келеді. Анасының кезекті «достары» баланың жүрегіне сызат түсіруі мүмкін», -дейді. Үзілістің де пайдасы бар. Сол аралықта әйел өзіне қандай жанның қажеттігін, қалауын, талабын анықтай алады. Сонда ғана іргесі берік, шаңырағы биік отбасы құрылады.