Бала тәрбиесіОтбасы

Әкең ренжісе не болады?..

Ұл мен қызды тәртіпті, әдепті, өнегелі етіп өсіру оңай ма? Күні ертең олардың қалайда тәрбиелі болғанын қалаймыз. Ал бала тәрбиені қайдан алады? Жүсіп Баласұғын: «Бейбастық қып өсірсе ұл-қыздың қылығын, кінәлі әке мен анасы, жазығы жоқ ұл-қыздың (1220 бәйіт)», – дейді. Алайда арғы ата-аналарымыздың өмір салты бізге болашақ нағыз сұлтандар мен ханымдарды тәрбилеуге даңғыл жол ашады.

Қазақ ежелден ер балаларды елді қорғауға, мал бағуға, отын шабуға, отбасын асырауға дайындады. Үйдің шаруасын үйрету арқылы экономикалық тәрбиенің көзі үнемшілдікке, тәуекелшілдікке үндеп, сараңдықтан жирендіріп отырды. Көшпенділердің заңы бойынша «батырлық» мектебінде тәрбиеледі. Ол мектепте мергендіктің құпиясын, соғыс өнерінің әдістері мен жауының осал тұсын жіті байқауды үйренді. Қазақ ер балаға 5-7 жасында қарудың қыр-сырын ұғындырып, атқа отырғызып, тұлпар таңдады. Себебі соғыста қазақтың жалпақ даласын сақтап қалудың жолы тек жеңіске жету ғана болатын. Сондықтан бабалар ұлдарынан жауына мейрімсіз, елін сүйген, ержүрек қырандар өсіруге мәжбүр болды. Құнанбай би Абай атамызды 13 жасынан ел басқару ісіне араластырса, Уәлихан Шоқанды 3 жасынан хат танытып, 5-ке толмай, білімге баулыған. Ғұлама ақын Мәшһүр Жүсіп 8 жасында «мәшһүр» (білгіш) атанған. Қабанбай батыр 16-да, Райымбек әулие 15 жасында ерекше ерлік жасап, ел шекарасын бекіткен. Қазыбек би мен Абылай ханның 15 жасында-ақ ақылы, асқан алғырлығы дүйім шартарапқа тараған. Кенесары ұлы Сыздық 5 жасынан құмға пышақ қадап ержүректілігін сынаған. Сөзімізге дәлел, тарихшы Ж. Қасымбаевтың Кенесары хан жайындағы еңбектері.


Мақала жазу барысында дұшпандары мойындаған батыр баба туралы мына пікірлерді кездестірдік. Орынборлық орыс зертеушісі, шенеулік Н. Середа «Қазақ сұлтаны Кенесары Қасымовтың бүлігі (1838-1847 жж.)» еңбегінде: «жауларын кешірмейтін табанды, шыдамдылығы «атан түйеге тең» деп бір айтса, «кедергілерден қаймықпайтын, өз мақсатына жетуде шегінуді білмейтін» деп түйеді. Ал тарихшы, археолог, өлкетанушы А.Ма́йердың «Қырғыз даласы…» зертеуінде «Кенесары ержүрек, айлалы, өркеуде, қыран қарақшы, десе де, оның «ұлы қасиеті» бар, адамдарды маңайына топтастыруға шебер» деп еріксіз мойындайды. Сонымен қатар ағылшын саяхатшысы Томас Аткинсонның жазбасында: «Ол қазақтардан ғажайып жауынгерлер даярлады. Найза мен айбалтаны тамаша игерген, шапшаңдығына көз ілеспейтін жігіттері өзінен күші басым жаудан қаймықпай соғысып, жеңіп шыға беретінін естігенім бар. Егер білікті офицерлері болса, қазақтар әлемдегі ең әйгілі атты әскер құрар еді. Оларға тарихта даңқы асқан Шыңғыс хан жиһангерлерінің керемет қасиеттерінің бәрі тән».

Қазақ ұлдары үйге қонақ келгенде атып тұрып, қол алып, сәлем береді, мейманның атын байлайды, есігін ашып төрге шығарады. Кетерде аттандырады. Бірақ, отбасындағы қазан-ошақ, ұсақ-түйекке араласпайды. Өзге халықтарда кездесе бермейтін үлкенді сыйлау, қонаққа деген құрмет бала санасында сіңіп, ғасырдан ғасырға жалғасып келді. Орыс зерттеушісі А. Левшиннің «Қырғыз-қазақ даласы мен ордаларының келбеті» (Санкт-Петербург, 1832) этнографиялық еңбегінде: «қазақ жігіті қызу қанды, рухы жайсаңдық пен ізгілікке тән, ержүрек, олар ылғи да жайдары жүреді, әрі еліктегіш келеді», – деп баяндайды. Өткен ғасырдағы классикалық шығармаларда ұл баланың ел қорғайтын отаншыл, жомарт, әділ, үлкенге қайрымды азаматтар болғанын суреттейді. Халқымыздағы осы тәрбиенің жемісі Ұлы Отан соғысында жасалған ерліктерден де көрінеді.

Жасынан қалыптасқан өнер-білім балаға аса қажет болатынын бабалар алыстан болжаған екен. Осы даналықтың бір ғана ұшқыны қарапайым ауыл қартының әрекетінен көрініс табады. Бала кезімде ауылда балдақпен жүретін  бір аяғы ағаш (Ұлы отан соғысында аяғынан айырылған) Сидіғали деген атай болатын. Атамыз ауыл балаларын жинап алып, эпостық жырларды және жыртылуға жақын қолмен жазылған «Едіге» жырын оқытатын еді. Қыздарға Жібек, Баян, Гүлбаршын, Құртқа сөздері арқылы сұлулығы мен ақылдығын баяндайтын эпизодты, ұлдарға Төлегеннің, Алпамыс, Қобланды, Едіге, Ер Тарғын ерліктерін суреттейтін сәттерді жаттатын. Кім жырды көп жаттаса, соған мақтау ретінде қалтасынан тиын ақша тігетін. Тиынның құны жаттаудың көлеміне қарай өсіп отыратын. Атаның тиыны таусыла қалса, оның орнына сол замандағы ең керемет «Школьник», «Батончик» кәмпиттеріне ауыстыратын. Қазір ойласақ, бұл жыр жаттау ойын ғана емес, ұлттың абройын еселеп өсіру, елін сүюді баланың жасынан санасына сіңіру тәсілі екен.

Осыған ұқсас Жапон халқының «Карута тори» деген ұлттық ойыны бар. Бұл ойынға қатысу үшін бала ежелгі жырлардан жүз жыр білуі шарт көрінеді. Темірге жан бітіріп, болашағын 500 жыл бұрын жоспарлайтын әлемді тамсандырған жапон ұрпағы әлі күнге 10 жасқа дейін жүз ақынның жырын жатқа білуі міндет.

Ата-бабаларымыз баяғыда айтып кеткен көрегендігін атақты неміс шешені, әйгілі бизнес-психолог Бодо Шефер бала 5 жасқа дейін көрген, естігенінің 70 пайызын өмір бойы есінде сақтап қалады деп жар салды. Әлгі Сидіғали атайдың оқытқан жыр жолдары арада қанша жылдар өтсе де есімізде мәңгі жаталып қалды. Әр заманның өз заңы бар. Бұл қарапайым әкелердің ұлт ұл-қызын тәрбиелеудегі тамаша дәстүрлердің болғандығын еске алу.

Жиырмасыншы ғасырдың балаларын аналарымыз «әкеңнен сұра», «әкең біледі», «әкең келе жатыр», «әкең ұйықтап жатыр», «ақырын жүр, әкеңнен ұят болып қалмасын», «әкеңнен сұрап көрелік рұқсатты, әкең ренжісе, не болады?» деп әке қабағын бағуға тәрбиеледі. Бұл сөздің астарында балалары алдында әке айбарын айшықтандырған аналар екен. Қазақ әйелдері күйеулерінің атын тікелей атамай, жанамалап, «пәленшенің көкесі» дегендей сыпайылап атауын да сыйластықтың белгісін білдіретін ұлттық стереотип деп тануға болады.

Баршамызға аян Абайдың әжесі Зере мен анасы Ұлжан бейнесі еріксіз ойға оралады. «Абай» эпопеясындағы мына эпизодты еске түсіріп, кітап бетін ашсақ: «Семей қаласында үш жыл оқып, жайлаудағы әке үйіне күн кешкіре жеткен, 13 жасар шәкірт бала – Абай аттан түсіп көп ішінен ең алдымен өзінің шешесін көріп, соған қарай жүре беріп еді, ақылды да парасатты бәйбіше Ұлжан сонда:

  • Әй, шырағым, балам, әуелі ар жағыңда әкең тұр… Сәлем бер! – деді.

Абай жалт қарап жаңа көрді. Анадай жерде, қонақ үйдің сыртында, қасында екі-үш үлкен кісі бар, әкесі Құнанбай тұр екен. Ыңғайсыздықтан қысылып қалған бала, шешесінің сондайлық салқын сабырының мәнін ұқты да, әкесіне қарай тез бұрылды» (Абай жолы. 1-кітап. 9-бет). Мұхтар Әуезов отбасындағы ерлердің жоғарғы беделін ғана емес, әйелдердің еріне деген құрметін бала бойына ерте жастан сіңіргендігін аңғартады.

Ұлжан сөзінде шынайы инабаттылық, әдептілік, үлкен философиялық мән мағына жатыр. Әйел ерінің қадір-қасиетін ардақтап, бала алдындағы беделін осылайша өсіріп отырған. Осынау тамаша дәстүрлерді қалайша жоғалтып алдық? Әл-Фараби баба «Балаға қайырымдылық пен жаман қылық әуелгі жаратылыстан дарымайды. Бірақ қайырымдылық пен жаман қылық жаратылысы тегіне байланысты болуы мүмкін. Сондықтан, оны сырттан келген қарым-қатынас қарсы жаққа бағыттап жібермесе, ол әуел бастан-ақ жаратылысынан өзіне оңайырақ соғатын әрекетке бет қояды» деп баланың генетикалық табиғатын оның әрекетінде басым болатынын сипаттайды (әл-Фараби «Бала тәрбиесі» туралы көзқарасы, 125-бет). Осы тұста халқымыздың «тегі кім?», «тегіне қарайды» дейтін сөздің астары да айқындала түседі.

Қазір қазақта әрбір төртінші отбасының ұл-қызы әкесіз өсіп келеді. Олар кімдер? Ажырасқандар, әкесі қайтыс болғандар, аналары өзі үшін некесіз туған балалар мен абақтыда жазасын өтеуші ер азаматтардың балалары. Алдымен, әкелердің басым көпшілігі асыраушылар мәртебесінен айрылып қалды. Басты себеп: қоғамдағы жұмыссыздық, құмарлық, нәпсіге ерік беру, дінсіздік, араққа салыну.

Әкесі бар бүгінгі ұрпақтың өзі әкеден қаймықпайды, тыңдамайды, тіпті беттен алады. Неліктен? 

Біз жұмысты тастап, бала тәрбиесі үшін үйде отыра да алмаймыз. Сол себепті де, бала тәрбиесімен теледидар мен ғаламтор, жалдамалы тәрбиешілер айналысуда. Теледидардан көретініміз рухани азғындаған ресей ток шоулары, зорлық-зомбылық, «көпіршік» сериалдар. Осыдан кейін «Балаларымыз қайдан әдепсіз болып өсіп келе жатыр?», «Ойбай, ұлым қарсы сөйледі, біз әке-шешемізге өйтпеуші едік…» деп таң қаламыз. Мұнда таң қаларлық ештеңе жоқ – зиянды тәуелділіктерге деген құмарлық дәрежесі адамның ішкі мәдениетін қалыптастырады.

Ағылшын оқымыстылары 1000-нан астам адаммен сауалнама жүргізіп, классикалық музыканы жақсы көретін адамдардың тек 1,5 пайызы ғана «араққа» әуес болатындығын анықтаған. Ал электронды музыка мен хип-хопты ұнататындардың 25 пайызы ішімдікке, есірткіге тым жақын, әрі нәпсіқұмар болып келеді екен. Осы жағдай ерте замандарда да байқалған. Ежелгі Қытай философы Сюнь Цзы сол кезде-ақ былай деп жазған: «Музыкасы мағынасыз, кері кеткен халықтың өзі де жүгенсіз және жалқау, жабайы және жеккөрінішті болып келеді».

Батыс ғалымдары нәресте анасының құрсағында жатып-ақ Моцарт пен Вивальдидің музыкасын тамаша қабылдайтыны туралы жаңалық ашқан болатын. Осыған орай, журналистік сапарда Семейдің Аякөз қаласындағы мүгедек балалар үйінде мынандай жағдайды көзіммен көрдім. Есіктен кіргеннен Абайдың «Көзімнің қарасы» әнінің әуені естіліп тұрды. Ғажабы әуен музыкалық аспапта емес, баланың (сөзін білмейді, ыңылдайды) орындауында, ол Абай әндерін аяқтап пауза жасамастан халық әндеріне ауысты, керемет құлаққа жағымда таныс әуендер. Біз мектеп басшыларынан баланы көруге ниет білдірдік. Жасы 8-9-дар шамасында ақ кірпік, сары шашты орыс баласы отыр. Бала атом полигоны жатқан Дегелең тауының етегіндегі Абыралы елді мекенінде орыс ағайынның отбасында дүниеге келген. Туа бітті зағип жан, екі аяғы сал, жүре алмайды. Мұның құпиясы: бала анасының құрсағында жатқанда үй тіршілігінде жүрген көрші келіншек үнемі халық әндерін орындайды екен, анасының қазақ әндерін жақсы көрген көрші құрбысымен қосылып ән салатын әдеті болыпты. Демек, жақсы музыкаға деген талғамды бала дүниеге келмей тұрып-ақ тәрбиелеуге болады екен. Егер сіз бұл мәселеде кеш қалған болсаңыз, әлі де оның орнын толтыруға болады. Ол үшін балаңызға әр түрлі музыканы қосыңыз. Балалар әндерімен қатар фольклор, джаз, домбыра, классика да құйқылжысын. Бұның барлық телеарналарда жетіп-артылатын арзанқол музыка емес, сапалы музыка үлгілері болғаны маңызды. Мамандар джаздан бастауға кеңес береді – ол жеңілірек қабылданады, бала одан кейін классиканы да тыңдауға дайын болады. Бала бойында жақсы талғам мен өзін-өзі ұстау мәнерінің жылдам дамуына кітап оқу септігін тигізеді, әрі көбірек оқыған сайын, жылдамырақ бола түседі.

 

Ұлдай Ибайдуллаева, журналист