СұқбатСырласу қонағы

Анна Данченко: Жігітім бар, бірақ орыс емес

Қазақ тілінде шешен сөйлейтін Анна Данченко әншілердің айтқысы келмегенін «Айта берсін» арқылы шығарып алудан жалықпайды. Қазақстанға танымал журналист, продюсер «Сырласуға» сыр бүкпей сұхбат берген еді...

Барлығына үлгеруге тырысып жүрмін

Қазір «31-арнада» продюсерлік қызмет атқарамын. «Айта берсін» бағдарламасының бас-аяғына дейін өзім жасаймын. Одан өзге арнадағы үлкен жобаның бірі – «Фильм-концертті» дайындауға қатысамын. Оған қоса, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да журналистика факультетінде ағылшын тілінің белгілі бір саласы бойынша сабақ беремін. Сценарий жазып, басқа да жобалармен айналысамын. Кейде концерттер жүргіземін. Өкінішке қарай, бір тәулікте 24 сағат бар екен. Соның төрт немесе екі, үш сағатын ғана ұйқыға бөліп, шапқылап жүрген жайым бар.

 

Қазақ ұлтымен қазақ тілінен сайысқа түстім

Туып-өскен жерім Арал қаласында орыс мектебінде оқысам да, қазақ балалармен қазақша сөйлестім. 9, 10, 11-сыныптарда қазақ тілінен олимпиадаларға қатыстым. Менде әлі күнге «үздік оқушының» белгілері бар. Содан болса керек, сайыстарға бар күшіммен дайындалатынмын. Кейін Ақтөбеге оқуға тапсыратын кезде орыс бөлімі ашылмай қалып, әуелде жүрексінсем де, тәуекелге бел буып, А.Жұбанов атындағы университетке «Ағылшын және неміс тілдері» бойынша қазақ бөліміне оқуға тапсырдым. Әрине, бірінші курста қиын болды. Десе де, оқуға барымды салдым. 2-курстан бастап қазақ тілінен байқауларға қатыстым. Онда білім деңгейін тексеру мақсатында кез келген бағыт бойынша сұрақтар берілетін. Сол кезде кітапханадан шықпай, көп оқыдым. 4-5 жыл бойы Ақтөбе облысының атынан өзге ұлт өкілдері арасындағы және Республикалық байқауларға қатысып, бас жүлделерге ие болдым. Осылай қазақша кітаптарды, жазушы, ақындарды көп оқып, қазақ тілін жетік меңгеріп алдым.

Журналистикаға алғашқы қадамым Ақтөбедегі «РикаТВ» арнасында басталған

Мектепте ағылшыннан аудармашы болғым келетін. Аудандық газетке шығарма, өлеңдер жазып, журналистикаға да қызықтым. Оқу бітірерде журналистика немесе филология деген екі таңдау тұрды. Сонда анам «әуелі терең білім алып, тілді жақсылап меңгер, сосын журналистиканы алып кете аласың» деп кеңес берді. Сондықтан филологияны таңдадым. Университетте таза қазақша сөйлейтін, белсенді орыс қызы туралы естісе керек, бір кісі сабаққа іздеп келіп, «Рика тв» арнасына жаңалық жүргізуге шақырды. Мен кастингке бардым. Сол жерде бетімді бояп, шашымды жөндеп, үстіме костюм кигізіп қойды. Айнаға қарап едім, 30-35 шамасындағы әйелді көріп, шошып кеттім. «Мұныңыз не?» десем, жаңалық жүргізетін адам өз-өзіне сенімді көрінуі керек екен. Қолыма қағаз алып, орындыққа жайғастым. Қарасам, үстел астында көліктікіндей екі басқыш тұр. «Біреуі тежегіш, біреуі газ» деп түсіндірді. Онымен мәтінді басқарады екен. Бұл маған өте қызық көрінсе де, қиынға соқты. Текстті терлеп-тепшіп зорға оқып шықтым. Содан «дайын емеспін» деп кетіп қалдым. Ертесіне тағы шақырып, таңғы бағдарламаны жүргізуді ұсынды. Оған келісіп, солайша «РикаТВ» арнасында үш жылдай «Арайлы таң» бағдарламасын жүргіздім. Кейін Алматыға қыздармен қыдырып келіп, магистратураға тапсырып көріп едім, күтпеген жерден ҚазҰУ-ға бөлінген екі орынның бірінен түсіп кеттім. Сөйтіп «31-арнаға» кастингке шақырылып, орыс редакциясына жұмысқа алындым. Әуелде орыс тілінен жазуға қиналдым. Өйткені орыс тілінде материал жазып, түсірген емеспін. Сосын «Информбюроны» жүргіздім, тілші де болдым. Одан кейін продюсер болып, «Фильм-концертті» дайындай бастадым. 2015 жылы «Жұлдызды шаңырақты», орыс және қазақ тілінде жарық көрген «Сәт сапар» бағдарламасын жүргіздім. Осылай қазір оқытушылық пен журналистиканы қатар алып жүрмін.

«Айта берсінде» бәрін айта бермейміз

Негізі мені әншілер тойға қонақ ретінде шақырады. Мен түсіріп алуға рұқсат сұраймын. «Жоқ» деген күннің өзінде камерамен барып, ретін тауып, түсіруге тырысамыз. Бірақ «көрсетпей-ақ қойшы» дегенді ескереміз. Егер жеке құпияны елемей, рейтинг қуалай берсек, көптеген кісілермен байланысқа сызат түсуі мүмкін. Ал, алыс жерлердегі той не іс-шараларды сол маңдағы журналисттерден түсіріп алуын өтінеміз. Бағдарламадан кейін маған шүйліккендер болған емес. Өйткені «Айта берсін» бағдарламасын менен кейін редактор тексеріп отырады. Адам сұрақ белгісі мен хабарлы сөйлемді ажырата білуі тиіс. Кейде бағдарлама басында «бұлай етті ме, солай жасады ма?» деген сияқты сұрақтар қойылады. Бірақ ашып көрсеңіз, мүлде басқа нәрсе болуы мүмкін. Журналист нақты дәлелі болмаса, ешқашан өз ойын таңа алмайды. Біз осыны ескереміз.

 

Қазақ еліне келін болып, балаларымды қазақы тәрбиемен тәрбиелегім келеді

Кейде өзімнің орыс қызы екенімді ұмытып кетемін. Өйткені қазақ ауылында туып, қазақы тәрбиені көріп өстім. Университетті қазақша бітіріп, қазақтармен жақын араластым. Шоу-бизнесте жүріп, көптеген тойларда болдым. Қазір де араласатын ортам 99% қазақтар. Қазақ ұлтындағы бала тәрбиесі, үлкенді құрметтеу сынды әдептері және салт-дәстүр, әдет-ғұрпы жаныма жақын. Сондықтан болар маған орыс ұлтының кей адамдарымен тіл табысу қиын. Орыс жігіттері де көңілімнен шыға бермейді. Ата-анам «әркім өз ұлтына тиіп, қызды өз ұлтынан алу керек» деп режитін. Бірақ олар мені түсінді. Себебі болмысым ол адамдармен мүлде сәйкес келмейді. Бір ғана айтарым, жігітім бар, бірақ орыс емес. Ал, отбасылы болу әуелі бір Алланың қолында. Десе де, осы жылға деп жоспарлап отырған жайымыз бар.

Ауылда қалған ата-анамның жағдайына бей-жай қарай алмаймын

Әкем зауытта істеп, анам тәрбиеші болса да музыкаға өте жақын жандар. Әкем жасында оркестрде ойнаса, анам әуелетіп ән салған. Анам мен әпкем өлең жазады. Ал, ағам өте жақсы суретші. Ата-анам қазір Аралда тұрады. Жастары 70-тен асқан зейнеткерлер. Мен есейгенде оқу бітіріп кеткен әпкем мен ағам бүгінде отбасын құрып, балалы-шағалы болып, Ресейде өзбетінше өмір сүріп жатыр. Мен барлығын Алматыға шақырып, бастарын қосып тұрамын. Анам мені 40 жасында туғандықтан, ата-анама өте жақын болып өстім. Кезінде ауылда жалғыз қалған ата-аналарды көргенде жүрегім ауыратын. Маған да ата-анам «жұмысыңды істей бер, бізге алаңдама» дейді. Бірақ екеуінің әзілдері жарасып, бірге жүргенін білсем де, алаңдамай отыра алмаймын. Сондықтан амалын тауып, қасыма алсам деген арманым бар.

 

Орыс, қазақ, ағылшын тілерінде ән жазып, өлең шығарамын

Бесінші сыныпта өз еркіммен домбыраға жазылып, оны 5 жыл оқып, диплом алып шыққанмын. Ақтөбеде оркестр құрамында домбырада кәсіби түрде ойнадым. Алматыға келіп, Құрманғазы оркестіріне де барып көрдім. Қазір орыс, қазақ, ағылшын тілдерінде ән жазып, өлең шығарамын. Оларды өзім оңашада немесе ата-анам, жақындарымның арасында шырқап беремін. Бірақ әндерімді біреуге беріп не таспаға жаздырған емеспін. Менен көбісі «неге домбырамен сахнаға шықпайсың?» деп сұрайды. Басында мұндай ой болған. Бірақ қазір «филолог, журналистен әншіге айналыпты» дегенді естігім келмейді. Адам бір ғана іспен айналысып, сол салада мықты маман болған дұрыс деп ойлаймын. Сондықтан ән айту, ән шығару менің хоббиім болып қала берсін.

«Қанша тіл білсең, сонша адамсың»

Мен қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде еркін сөйлеймін. Неміс тілін де меңгерменмін. Қай тілді білсең, сол ұлттың адамдарын, болмысын танисың, салт-дәстүрін білесің. Шетелге шыққанда тіл білген бір бөлек, әр ұлттың шығармасын өз тілінде оқып, қабылдай білу бір бөлек. Мысалы, Абай шығармаларын қазақ тілінде оқысаң басқа, оның орысша аудармасын  оқысаң, мүлде басқа дегендей. Оған қоса, әр ұлттың адамымен өз тілінде сөйлескен өте қызық. Менің әлі де испан және француз тілдерін меңгергім келеді. Францияда болған жоқпын, ал Испанияда доктарантура бойынша оқып қайттым. Негізінде арнайы күш жұмсап, зейін қойсаң, кез келген тілді үйренуге болады.

 

Өмірлік ұстанымым – бір жерде тұрып қалмау

Өмірде бәрі өзгереді. Сол арада заман көшінен қалмау керек. Егер болдым, толдым десеңіз, небір «мықтылар» өз ойын іске асырып жатқанда артта қалып кетуің мүмкін. Әрдайым ізденіп жүретін, жан-жақты адам жақсы ой айта алып, жанындағыларға да қызықты болады. Сондай-ақ, адамдарға пайдалы болу. Көбісі менің сабақ беретініме таң қалады. Ал, маған студенттермен араласқан ұнайды. Алдыма келген әрбірі өзіне бір пайдасын алып, рақметін айтып, қуанып шықса, жақсы әсер аламын.