Cән мен сұлулықБет күтімі

BB-Glow немесе бір жылдық тоналді крем

Қазіргі таңда сұлулық әлемі үнемі түрлі жаңалықтармен толығып, жаңғырып тұрады. Бүгін BB-Glow процедурасын біреу білсе, біреу білмес. Мамандардың айтуы бойынша, аталмыш процедура бет терісін тегістеп, нәрлендіре алады. Нәтижесінде тоналді кремдер мен опалардан бір жылға бас тарта аласыз

BB-Glow деген не?

Бұл – бет терісіне арналған тоналді крем микроинъекциялары немесе перманентті макияж. Аталмыш процедура бет терісіндегі қызарулар мен дақтарды жойып, бетті тегістеуге арналған. BB-Glow процедурасы кезінде терінің үстіңгі қабатына екпе арқылы түс беретін бояғыш пен гиалуронды қышқылдан тұратын сарысу енгізіледі. Ол теріні «бояйтын» көптеген микроинелері бар арнайы аппараттың көмегімен жасалады.

Тері үшін қауіпті емес пе?

Жанама әсерлері бар ма? Расымен тоналді кремнің орнын басуы мүмкін бе? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрейік!

Шын мәнінде BB-Glow – боянуды қажет етпейтін мезотерапия десек те болады. Нәтижесінде бет терісі жаңарып, біркелкі бола түседі. Оған қоса бетке табиғи жылтырлық пен нәр береді. Бұл процедураны жасатқаннан кейін әжімдер мен безеулер жайында біраз уақытқа ұмытуға болады. Себебі BB-Glow беттегі кемшіліктерді жоя алады. Сонымен қатар, көз асты қара дақтары мен беттегі ұсақ тамырларды жасыруға күші жетеді. BB-Glow теріні қоршаған ортаның зиянды әрекеттерінен, ультракүлгін сәулелерден қорғайды.

Аталмыш процедураны жасатқан нәзікжандылардың айтуы бойынша тональді кремді теріге егу кезінде ешқандай ауырсынулар байқалмайды. Керісінше, бұл процедура кезінде жағымды әсер пайда болады. Дегенмен, арқаңызды кеңге жаюға асықпаңыз. Себебі, BB-Glow әсері уақытша. Яғни, оның әсері әрі кетсе бір жыл көлемінде сақталады. Оған қоса, мінсіз бет теріге қол жеткізу үшін бұл процедураның кем дегенде үшеуін қабылдауыңыз қажет. Ескеретін жайт, әсері ұзақ болуы үшін әр үш ай сайын арнайы терапиялар жасап тұрған жөн.

Тәуекелге бел буудың мәні бар ма?

Косметолог-мамандар BB-Glow процедурасынан кейін керемет нәтиже болатынына уәде береді. Дегенмен бұған қол жеткізудің жолы қандай?

Аталмыш процедура бәріне бірдей тиімді болмауы мүмкін. Себебі, адамдардың жаратылысы әртүрлі. Ең қауіпсіз деген бояғыштардың өзі теріге оң әсерін бермеуі ықтимал. Тоналді крем қолданғаннан кейін біреулердің бетінде бөртпелер мен қышынулар, қызыл дақтар мен қара нүктелер пайда болуы ғажап емес. Бұл мәселені тоналді кремдерден бас тартып, емдік процедураларды қабылдау арқылы шешуге болады. Осылайша тері демалып, қайта қалпына келеді. Ал енді, ойлап көріңізші, сіздің теріңізге егілген бояғыш дәл осындай нәтиже көрсетсе не болмақ? Тері қабыршақтанып, артынша дерматит пен экзема пайда болады. Бұл кезде барынша шыдап, бояғыштың өз бетімен жойылғанын күтуге тура келеді. Себебі, косметологияда бояғышты қайтадан «суырып» алатын әдіс қарастырылмаған. Оған қоса, маман бояғышты теріге біркелкі, тегіс енгізбесе, бұл олқылық айға таңба басқандай, көзге анық түсетін болады. Бір қарағанда алапес ауруын да еске түсіреді. Сонымен қатар, BB-Glow бетте ұсақ тыртықтардың туындауына себепкер болуы мүмкін. Егер BB-Glow процедурасы білімсіз маманның қолымен немесе сапасыз өнім көмегімен жасалса, одан кейінгі лазерлі тегістеу, пилинг, ультрадыбысты тазалау секілді сұлулық процедуралары теріңізге жанама әсер етуі ықтимал. Сондықтан сапалы сұлулық салондары мен тексерілген мамандардың қабылдауында болып, бояғыштың теріңізге аллергиялық әсер бермесіне көз жеткізіңіз.

Процедураны бәрі бірдей жасай алмауы мүмкін.

Мәселен, кейбір нәзікжандылардың бетінде безеу мен безеудің асқынған түрі болуы мүмкін. Білікті маман ондай терінің иесіне бірден BB-Glow процедурасы жасалмайтынын айтады. Арнайы тазарту шаралары мен мезотерапия, пилинг секілді емді қабылдау міндетті.

Бағасы қанша?

BB-Glow-ды бір рет ектіру құны орта есеппен 10-15 мың теңгені құрайды. Сұлулық әлеміне енді-енді еніп жатқан аталмыш процедура нәзікжандылар арасында танымалдылыққа ие болып үлгерді. Қарсы көрсетілімдері: аяғы ауыр әйелдерге, қант диабеті бар адамдарға қатаң тиым салынған.

Қорытынды:

BB-Glow процедурасын жасайтын болсаңыз, міндетті түрде маманмен кеңесіңіз. Ол сіздің теріңіздің түріне сай тоналді бояғыш таңдап, жанама әсерін тигізбейтініне көз жеткізуі тиіс. Дегенмен, қандай инъекцияны жасатсаңыз да, мынаны ұмытпаңыз: ол сіздің ағзаңызға өзге, сырттан келген заттың енуі, сол себепті бұған барынша жауапкершілікпен қараңыз.