Жан әлеміӨзіңді дамыт

ӨКПЕЛЕМЕ! Ата-анаға деген өкпе-реніштен қалай арылуға болады?

Әсте әркімнің ішінде анаға, я әкеге деген өкпе-реніш бар. Қалағанымды алып бермеді, көңіл бөлмеді, жақсы көрмеді, қатаң бақылауда ұстады, елемей қойды, тыйым салды, көп нәрсе талап етті... Осы тектес ішкі өкпе-наздың кесірінен кейбіреулер қартайған ата-анасымен дұрыс қарым-қатынас құра алмайды. Ал, шынындығында бәріне ата-ана кінәлі ме?..

Бүгін психологияға деген үлкен қызығушылық артқандықтан әркім өзіне «кішкентайымда кеткен қателіктің кесірі» деген фразаны желеу етіп алды. Өмірде болып жатқан кез келген оқиғаға қатысты барлық жауапкершілік пен кінәні ата-ананың мойнына артып қойдық. Небір қыңырлықты көтеру, қымбат ойыншықтар, басқарылатын немесе ағаш ойыншықтар, ішкілікке салынған немесе үш бірдей жұмысты қатар алып жүрген, сізге қарауға мұршасы келмеген жұмысбасты ата-ана…

Олардың бірі ұрды, ұрысты, бірінің әрдайым көңілі толмай жүрді, бірі жазықсыздан жазықсыз жазалады, үнемі басқалармен салыстырды да отырды. Енді бірі ата-анасының сынап-мінеп, мұқатуының құрбанына айналды.Осы тектес шағымдар бай не кедей екендігіне, балалық шақтың қалай өткеніне қарамай, кез келген адамда бар.


Ата-анаға кектену

Уақыт өте балалар өседі, ата-аналар қартаяды. Қарттарға қашанда көмек қажет. Баланың ішкі әдебі оларды тағдыр тәлкегіне тастап кетуге жол бермейді. Енді олар не істейді? Әрине, жылдар бойғы ыза-кектің есесін қайтарғысы келеді. Күн сайын: «Есіңізде ме, сіз маған сол кезде солай айтқансыз? Неге мені жазаладыңыз, мен кінәлі емес едім ғой? Сондағы ісіңізді мен кешіре алмаймын!» – деген сөздермен ата-анасының жанды жеріне тигісі келеді.

Мұны айтып отырған адамның мақсаты белгісіз. Бұл сөздер енді мағынасыз. Анаңыз балалық шағыңызды қайтарып бере алмайды. Иә, ол сізге кінәлі екенін мойындады делік, одан сіз қандай пайда таппақсыз? Бала күніңізде велосипедіңіз болмаса, қазір ақша тауып, қымбат көлік міндіңіз. Бірақ бәрібір бала кезде велосипедіңіз болған жоқ қой, оны қалай өзгерте аласыз?

Ол бәрібір солай жасар еді

Егер анаңыз уақытты кере қайтара алса, ол бәрібір сол істеген ісін, сол айтқан сөздерін қайталар еді. Өйткені адам кез келген шешімді шығарарда өзі ақылға қонымды және дұрыс деп санаған бағытын таңдайды. Адамның психикасы солай қалыптасқан. Шешім қабылданып, іс-әрекетке кірісетін кезде де өзі үшін ең жақсы деп тапқан ісін істейді. Бірақ бұл шешімдердің бәрі әділ, дұрыс дегенді білдірмейді. Адамның бәрі өзінше қателеседі: дұрыс түсінбейді, маңыздылығына мән бермейді, толық ақпараттанбайды, біреуден жағымсыз пікір естиді, мұқият қарастырмайды. Бірақ адам дәл сол сәтте жағдайдан шығудың ең дұрыс жолын таңдағанына сенімді болады.

Өмірді жеңілдететін түсініктер

Адам қай кезде де өзі жақсы деп тапқан нәрсені жасайды. Сондықтан сіз де бұрынғы істеріңіз үшін өзіңізді жазғырмауға тиіссіз. Себебі сіз сол жағдайда ең тиімді жолды таңдадыңыз. Сізде басқа таңдау болмады. Өзіңіз үшін мүмкін болған жалғыз жол сол еді. Оның басқа да шешімі бар екенін кейін ғана білдіңіз. Бұл таңдауларды сіз үшін миыңыз және санаңыз жасады. Сіз осыны ұғыныңыз.

Анаңыздың сізді 5 күн бойы балабақшада қалдырмасқа амалы болмады. Әкеңіздің сізді жазалауына тура келді. Оларда ажырасудан басқа шара қалған жоқ. Болған жайттың бәріне сіз де, ата-анаңыз да кінәлі емес. Сондықтан өкпелеп-ренжу – мәнсіз. Ғалам да сізді еркіңізден тыс сол отбасының мүшесі етті. Сонда бұл шешеге де, әкеге де емес, Жаратушыға шағым айтқанмен тең. Сіздің дәл сол ата-ананың баласы емес, мүлде басқа адам болып туылуыңыз да мүмкін еді. Сіз онда сәйкестікпен тап болғансыз, шын мәнінде бұл өмірде болмауыңыз мүмкін еді.

Ата-анаңыз да тағдыр жазуымен туып-өскен жандар.

Олардың да өз жан жарасы, басынан кешкен оқиғалары бар. Сіз оларды таңдаған жоқсыз, олар да дәл сізді дүниеге әкелуді қалап алған жоқ. Жай ғана жағдай солай болды. Жаңбыр жауып, жел тұрса оған ренжи алмайсыз ғой? Олар жағымсыз әсер қалдырса да, бәрібір мойынсұнасыз. Ата-аналармен де дәл солай.Өкпе-реніш өмірді тек қана улайды. Онымен ешқашан өспейсіз. Өмір бақи анаңыз немесе әкеңізден беруі тиіс дүниесін күтіп жүресіз және оны талап етесіз.

Әңгіменің ашығы:

Ата-анаңызбен неліктен бүгінге дейін араласып тұрасыз? Жақсы көргендіктен бе? Әлде өзіңізді қарыздар сезінесіз бе? Бір жағынан дұрыс шығар, бірақ бұлар шын жауап емес. Себебі сіз бәрінен бұрын оларды жоғалтып алып, өз-өзіңізді кешірмеуден қорқасыз. Мойныңызға ауыр жүк артып алудан сескенесіз. Бұл шындық.