Жан әлеміӨкініш

Бақытым баянды болмады…

Қос ғашықтың бір-біріне деген ыстық ықыласы мен махаббаты отбасы беріктігіне мүлде кепіл бола алмайды екен.Мұны түсіну үшін шалыс басуыма тура келгені өкінішті…

Екі жыл бұрын жан құрбымның өтінішімен елордадағы банктердің біріне баруға мәжбүр болдым. Уақытым тапшы болса да, оның сөзін жерге тастағым келмеді. Сөйтіп, бөлімшеге кіріп қалсам, көрікті жігіт жымиып тұрып «қандай қызмет алуға келдіңіз» деп сұрады. Қолымнан жеке куәлігімді алып, ұзақ қарағаннан кейін «кезегіңізді күте тұрыңыз» деп орындыққа жайғастырды. Сол күні шаруам лезде аяқтадып, бірден үйге қайттым.

Кешкілік уақытта әлеуметтік желіде Саят есімді бейтаныс біреуден хат келді. Сөйтсем, банктегі әлгі менеджер жігіт екен. Айтуы бойынша, менің аты-жөнімді куәлігімнен көріп алып, ғаламтордан іздепті. Сол күні түнге дейін біраз хат жазысып, жақынырақ таныса бастадық. Саят мені бірден өзіне баурап алды. Өзі де сезімін білдіріп, таныстығымыздың бірінші айында-ақ оның сүйгені болуыма ұсыныс тастады. Сөйтіп, екеуіміз қыз-жігіт болып жүре бастадық. Осылайша, өміріміздегі ең қызықты күндерді өткізіп, бір жыл уақыттың қалай зымырап өте шыққанын сезбей де қалыппыз.

Бірде Саят маған аяқ асты ата-анасының жанына, Алматыға кетуі керек екенін айтты. Мұны естіп, көңілім құлазыды. Десе де, сүйіктім маған жиі келіп тұратынын, көп ұзамай өзімен бірге алып кететінін айтып, уәде берді. Бұрын соңды ара-қашықтық екі жасты бір-бірінен алыстатады дегенді естуші едім. Сол себепті болашағымыздың барына күмән келтіре бастадым.

Не десе де, сүйіктім айтқан сөзінде тұрып, алғашқы айлары жиі хабарласты. Алайда карантиннің салдарынан екеуіміз бір-бірімізді жарты жыл көрмедік. Ол елдегі ахуалдың оның қызметіне кері әсерін тигізіп, жұмыссыз қалдырғанын сөз етті. Саят қатты күйзеліп, осы уақыт аралығында біраз өзгергендей болып көрінді. Екеуіміз үнемі дауласып, жанжалдасатынды шығардық. Бір-бірімізді жоғалтып алудан қорықсақ та, ауыр сөз айтып, жүрегімізді жаралаудан дес бермедік.

Сөйтіп, карантин бәсеңдеп, жолдар ашылған кезде сүйіктім елордаға келіп, мені өзімен бірге Алматыға алып кететінін, үйленгісі келетінін айтты. Ата-анамның алдынан өтіп, батасын да алды. Алайда бар қызық екеуіміз отбасылы болғанда басталды.

Сүйгенім Алматының шет аумағында, ата-анасы мен бес бауырымен бірге тұратын болып шықты. Өзінен үлкен ағасының үш баласы бар. Барлығы алақандай үйде, соқыр тамда тұрады екен. Сүйктім отбасы туралы ақтарылып ештеңе айтпаған соң, мен де қазбалап ештеңе сұрамаппын. Сол сәтте мен білген Саят пен Алматыдағы Саят мүлде басқа адамдай болып көрінді.

Ол уақытша барлығымен бірге тұруға мәжбүр болатынымызды, жуырда жаңа қызметке орналасып алғаннан кейін қаланың орталық бөлігіне көшіп, жеке өмір сүретінімізді айтты. Сүйіктім уәдесінде тұрар деп, ол үшін бәріне көнуге тырыстым.

Уақыт өте берді. Мен келіндік қызметіме білек сыбана кірісіп кеттім. Алайда күйеуімнің туыстары құдалық жайлы жақ ашпады, тіпті, ата-анаммен телефон арқылы сөйлесіп, «қыздарыңыз бізге аманат» демеді де. Өзімді тұл жетім сезіндім. Ата-енем үйдегілердің алдына бармаған соң, менің ата-анам өздері құдалармен танысу үшін Алматыға келмекші болды. Алайда енем «әзірге келмесін, оларды күтетін ақша жоқ. Онсыз да сен келеді деп 500 мың теңгеміз кетті» деді. Сөйтсем, мен келер алдында үйін жамауға кеткен 500 мыңды айтып отыр екен. Әрине, мен анама бұл жайлы тіс жармадым. Тек елдегі жағдай толықтай реттеліп, карантин бітсін дедім. Десе де осы сөздерден кейін жан дүниемде үлкен дақ қалып қойды. Неге екенін білмеймін, табалдырықты аттаған күнімнен-ақ енем мені жақтыртпады. Ұлына «некелеріңді ғана қидыртыңдар, ЗАГС-ке барушы болма» депті.

Ол үйдегі күндерімді жеккөрінішпен еске аламын. Келін болсам да, күң сияқты көретін. Үлкен абысыным да бір жағыма шығысып, ақылын бермейтін. Балаларымен бөлмесінде отырып, тек тамақтанатын кезде сыртқа шығатын. Соның өзінде екінші енем секілді істеген ісімді тексеріп, тіміскілеп отыртын. Ал сүйіктімнің анасы оған: «Келінге шешесі ештеңе үйретпеген екен, сенің бар болғаның қандай жақсы. Өзің тәрбиелеп аласың» деп риза болды. Енемнің неліктен бұлай дегенін мүлде түсінбедім.

Көп ұзамай Саяттың да маған қырын қарап жүргенін байқадым. Әрбір сөзіме килігіп, жанжал шығарғысы келіп тұратын. Өмірім осылайша бірқалыпты өте берді. Кейде бәрінен шаршаған күндері одан орталыққа тезірек көшуімізді сұрайтынмын. Ал ол:«ата-анамды баққың келмесе, өз үйіңе кет, мен осында қаламын» дейтін болды. Сөзіміз жараспай қалса, бірден осыны айтатын.

Бір күні күйеуім үйде орамалсыз жүргенімді көріп, бетіме шапалақты салып жіберді. «Мені, ата-енеңді сыйламасаң, жоғал» деп сөмкемді көшеге тастай салды. Далаға жүгіріп шығып, шашылған заттарымды жинастырып

жатқанымда Саят білегімнен ұстап, көлікке салып алып, мені вокзалға апарып тастады. «Үйіңе кет» деді де артына бұрылып қарамастан кете берді. Жүрегім қанжыласа да бейтаныс қалада көше кезіп, қаңырап жүргенше ата-анама қайтуға бел буып, пойызға билет алдым.

Осылайша небәрі бір айда өмірім 180 градусқа өзгеріп сала берді. Қысқа ғана уақытта көрген азабым он жылға татығандай болды. Өмірлік жарым деген жан хабарласып, мені қайтаруға тырыспады. Ата-анасы да отбасымнан кешірім сұрамады. Енді оның мәнісі жоқ…Мен өмірімді жаңа парақтан бастауға шешім қабылдадым. Міндетті түрде бақытты боламын..