Бала тәрбиесі

Гиперактив баламен қалай жұмыс істеу керек?

Мұндай балаларды көптің арасынан байқау оңай: олар бір орнында тұрмайды, үлкендердің айтқанына құлақ аспайды. Олардың өзгемен қарым-қатынас құруы, сабақ оқуы қиын. Ал, ата-анасына баласының мазасыз екенін мойындау қиын. Сол себепті бас қатырып, «дұрыс тәрбие бермей жатырмын ба» деп ойлануыңыз да бек мүмкін. НЖБС (назардың жетіспеуі және өте белсенділік синдромы) - қате тәрбие мен аурудың нәтижесі емес, ол еңсеруге болатын дүние.

№1 ҚАТЕ: СІЗ БАЛАҢЫЗДЫ БАР БОЛМЫСЫМЕН ҚАБЫЛДАМАЙСЫЗ

Бұл жерде екі түрлі жағдайды қарастырған жөн. Біріншіден, «бала дұрыс тәрбие көрмегеннен тынымсыз, ақымақ және жалқау, сондықтан оны қатал ұстау керек» деген түсінік қалыптасқан. Ал, кей ата-аналар мұндай балаларға тыйым салып, қатаң қараудың орнына дімкәс сәбиге қарағандай қарым-қатынас орнатып, көп өбектейді. Екіншілері бір орында тұрмайтын баласын ерекше дарын мен талант иесі деп санайды. Үлгерімі нашар болса, мұғалімдер өзгеше баланы дұрыс «оқыта алмайды» деп ойлайды.

Балаңыздың ерекшелігімен қаншалықты ертерек танысып, себебін білсеңіз, өзіңізге соншалықты жеңіл болмақ. Ағзасында, не жүйкесінде нақты не нәрсенің дұрыс қызмет атқармайтынын және оған қалай көмектесу керек, міне, осы екі дүниені білсеңіз, барлығы өз шешімін табады.

 №2 ҚАТЕ: БАЛАНЫҢ ҮЛГЕРІМІН МЕКТЕПКЕ АРТЫП ҚОЯСЫЗ

Сіздің негізгі мақсатыңыз – өзіңіздің және бала мен мектеп арасындағы алтын көпірді орнату. Сонымен қатар, балаға қолдауыңыз ауадай қажет. Оған мүлдем ұрыспаңыз дей алмаймыз, дегенмен ол сіздің демеуіңізді сезініп өсуі тиіс.

Өкінішке қарай, тынымсыз балалар тәртіпті оқушылардың қатарынан көріне бермейді. Мектептің өз мақсаты бар. Оқу ордасындағы жалпылама көрсеткіштер, кестелер мен нәтижелер баланың жеке даралығын анықтап бере алмауы мүмкін. Осыны естен шығармаңыз! Баланың да өз міндеті бар: мектеп бағдарламасын барынша игеру, қатарластарымен қарым-қатынас орната білу, өзінің күшіне сенімді болу. Ал сіздің міндетіңіз – бақытты, өз бетімен шешім қабылдай алатын, жауапкершілігі бар бала тәрбиелеу. Сондықтан, балаңыз жайлы мұғалімдермен кездесіп сөйлесер кезде барынша салмақты, ымырашыл болыңыз. Сіздің ашушаң күйіңіз ешкімге пайда алып келмейді.

 №3 ҚАТЕ: БАЛАҢЫЗДЫҢ БАСЫМ ТҰСЫН БІЛМЕЙСІЗ

5 пен 9 жас арасы – жетіспейтін қабілеттерді дамытуға, көптеген кемшілікті түзеуге болатын уақыт.

Ол үшін міндетті түрде нейропсихологтің көмегіне жүгінуіңіз керек. Маман арнайы диагностикадан өткізіп, баланың жоғары психологиялық қызметінің нақты қайсысы толық жұмыс істемейтінін анықтайды. НЖБС-нің пайда болу себебі бірдей болғанымен, ол әр балада әртүрлі байқалады. Бірі, ақпаратты дұрыс қабылдай алмаса, екіншісінің есте сақтау қабілеті нашар. Өз балаңызда нақты қандай жетіспеушілік бар екенін дер кезінде анықтап, басым тұстарымен жұмыс істесеңіз ұтып шығасыз.

 №4 ҚАТЕ: «ЛАЙФХАКТАРДЫ» ПАЙДАЛАНБАЙСЫЗ

Аса белсенді балалар ұйымдастыру және жоспарлау жағынан қиналып жатады. Мұндай сәттерде оған түрлі әдістемелер көмектесе алады. Іске салып отыратын тізім, таймерлердің көмегіне жүгіну керек. Әсіресе, күн тәртібі жазылған жерде сағат, минут, секунттарды көрсету тиімді болмақ. Бала күнделікті тұрмыс тіршілігіне, мектеп мен үй жұмысына үлгеру үшін оған дәл және түсінікті алгоритм керек.

  №5 ҚАТЕ: БАЛАНЫҢ БАҒАСЫНА ТЫМ ҚАТТЫ ҚАРАЙСЫЗ

Нашар баға алып келсе, көңіл-күйіңіз түсіп, келесі жолы қайталанбауын талап етесіз. Ең дұрысы – мектеппен байланыс орнатып, балаңыздың жағдайын түсіндіру. Оның ерекшелігін ескеріп, жеке қарым-қатынас орнатуын мұғалімдерден сұраңыз. Ұстаз бен сіздің негізгі мақсаттарыңыз баланы әдемі жазуға емес, өзін-өзі басқаруға баулу екенін айтыңыз.

 №6 ҚАТЕ: ҮЛГЕРІМГЕ ҚАТЫСТЫ МӘСЕЛЕНІ БӨЛЕ-ЖАРА ҚАРАЙСЫЗ

Өте белсенді баланың оқу үлгерімін бөле-жара емес, кешенді түрде қарау керек. НЖБС мектеп бағдарламасын игеруге қиындық келтіретіні анық. Олардың ішінде мынадай мәселелер жиі кезедседі: дислексия (оқу қабілетінің нашарлауы), дискалькулия (есептеу және матемактиканы қабылдау қабілетінің бұзылуы), дисграфия (жазу қабілетінің бұзылуы, әріп, сандарды, сөздерді теріс жазып қою, әріптерді шатастыру), дизортография (белгілерді танымау және олардың орналасу тәртібін білмеу).

 №7 ҚАТЕ: ҮМІТІҢІЗДІ ҮЗЕСІЗ

Әрдайым күреске айналып кеткен өмірді еңсеру мүмкін еместей көрінеді. Үнемі оқуын, бағасын, жинақылығын, мұқият болуын қадағалап отыру шаршатып жіберетіні анық.

Статистикаға сүйенсек, баласында НЖБС бар аналардың 40 пайызы депрессияға бейім. Мұндай балалар өсіп келе жатқан отбасының үштен бірі ажырасып кетеді екен. Сондықтан, жағдайды түсініп, оны қабылдау өте маңызды. Әйтпесе, күшіңіз тез сарқылып қалады. Балаңыз «тыңдамайды» деп ашуланасыз, ал шын мәнінде ол сізге зиян келтірейін деп әдейі істеп жатқан жоқ. Бұл балаға да ауыр. Әрдайым мәселе туындатып отыру оның өзіне де оңай емес. Иә, жағдай күрделі, сондықтан төзім керек. Олай болмаған жағдайда нәтижесі тым қауіпті болмақ. Бала анасының махаббатын сезініп өсуі тиіс. Оның кішкентай жетістігін мақтап, көтермелеңіз. Өмірдің қызық сәттерге толы екенін түсіндіріп, бар жылуыңызды беріңіз.