Бала тәрбиесіОтбасы

«Мінсіз ана» синдромы. Пайда болуы мен күресу жолдары

«Мен – анамын» немесе “мінсіз ана” терминінің пайда болғандығына салыстырмалы түрде 5-8 жыл ғана болды. Әдетте бұл атауды өз балаларын тым агрессивті түрде қорғайтын немесе ана
мәртебесіне байланысты ерекше артықшылықтарды қажет ететін әйелдерге
қатысты қолданады. Осы орайда «Неліктен бұл теңеу кең тарап кетті?» деген сұрақ
еріксіз мазалайды. «Мен – анамын» деп кеуде керудің салдары қандай болмақ? Осы
сауалдардың жауабын бүгінгі санымыздан бірге білейік.

«Мен – анамын» деп жаһанға жар салатындар қайдан шығады?

Бала тәрбиесінде, дәлірек айтсақ, ана мен бала қарым-қатынасына қатысты мәселеде қазіргі қоғамда бірыңғай стандарт қалыптаспаған. Салдарынан қоғамдық көліктер мен ойын алаңдарында ғана емес, үй ішінде де дау-жанжал туындайды. Демек, ата-аналар балаларын гуманистік парадигмада тәрбиелеуді жөн санайды, ал ата-әжелер кеңестік тәрбиеге сүйене отырып, бүлдіршіндерге белбеумен сабаудың жетіспейтіндігін алға тартумен әлек болады.

Балалар психологының қабылдауына жүгінетін ата-аналар «Мен бәрін дұрыс істеп жатырмын ба?» деген сұрақты жиі қояды екен. 

Естеріңізде болсын: Психиканың мынадай ерекшелігі бар – адам мазасызданған уақытта сүйенер қоршау іздей бастайды. Сол себепті көп аналар «балаларға шектеу қоймау керек» деген қағиданы ойлап тауып, оларға тірек болғылары келеді. Сонда ғана жас аналар балаларының өздеріне сенімді болып ер жететіндігіне, жеке тұлғаға айналатындығына және алдағы өмірлері тек жақсы сәттерге толы болатындығына кәміл сенеді.

Мұндай ұстанымдағы аналар жапондық тәрбиенің принциптеріне, бауыр басушылық теориясына және басқа да дереккөздерге сілтеме жасап, осы ұғымдарды бір жақты түсіндіреді. Осы типтегі аналардың басты міндеті – баланы өзге адамдардың теріс әсерінен қорғау (бала басқа адамдардың шекаралары мен кеңістігін бұза бастағанда пайда болады) және бүлдіршіннің өзін-өзі толық көрсетуіне мүмкіндік беру.

Бала психикасын қалыптастыратын заңдылықтарды білмеу әрі түсінбеудің салдары

Әр жас кезеңінің өз міндеттері бар. Бір жарым жасқа дейін баланың барлық қажеттіліктерін қанағаттандыруға тырысу аса маңызды болып табылады. Содан кейін оған бірте-бірте шекаралар туралы айта бастаған жөн, яғни қоршаған әлемін зерттеуге мүмкіндік беру керек: бұл әкеңнің компьютері – оған қол сұқпа, бұл анаңның шкафы – оған кіруге болмайды дегендей.

2,5-4,5 жас кезеңіндегі баланың ата-анасының басты міндеті – бүлдіршіндерге өз тілектерін адекватты түрде білдіруге ғана емес, сонымен қатар басқа адамдардың да өз қалауы бар екендігін және келісім жүргізу қажеттілігін қабылдауға үйрету. Не үшін? Өйткені уақыт өте бұл тұлға қоғамда өмір сүріп, оған әркімнің жағынып-жалпақтағандығынан емес, келісім жүргізу қабілетінің болғандығынан өзін-өзі дамыта алады. Сондықтан да мұндай аналарға мінез-құлқын өзгерту мақсатында психологиялық білім алу қажеттілігі артады. 

Тағы да бірнеше маңызды факторлар бар. Біріншісі: бүгінгі қоғамда тәрбиенің нақты дәстүрлерінің болмауы және әйел болу, ана болу туралы, әйелдік даму жайлы дұрыс түсініктің қалыптаспауы.

«Бәрі тек сен үшін, қызым» деген эгоцентристік ұстанымдағы тәрбие

Мұндай ұстанымның салдарынан сәбиді дүниеге әкелудің өзін «ерлік» деп есептейтін қыз-келіншектер саны артуда, оларға әркез жұбайы мен айналасындағы жандар міндетті әрі қарыздар болып көрінеді. Эгоцентристік ұстанымдағы тәрбие сырт көзге ананың  баласының игілігі үшін қолынан келгеннің бәрін жасап жатқандай көрінуі бек мүмкін, десе де бұл әйелдің өз өмірін ыңғайлы етуге бағытталған ұстанымы болып есептелмек.

Осындай тәрбие салдарынан сәби де анасы сияқты ойлай бастайды: «Мен сені дүниеге әкелдім, бағып-қақтым (көбінесе, мұндай аналар жұмыс істемейді және тек балаға қамқорлық жасайды) – осы үшін сен маған қарыздарсың: қамқорлық таныт, ақшалай қамтамасыз ет, демалысқа апар».

Психология тұрғысынан эгоцентризм мен инфантилизм – түзетілуі қиын жеке деформациялар.

Бір нәрсені өзгертпес бұрын оны шын жүректен қалау керек, мұндай жеке ерекшеліктерге ие адамдар өздерінің өмірлік ұстанымдарына толықтай қанағаттанады.

Көп жағдайда мамандар көмегіне эгоцентристік ұстанымдағы әйелдердің күйеулері мен балалары өздерін кінәлі сезімнің құрығынан босатып, өз тағдырларын жаңа парақтан бастау мақсатында жүгінеді.

Кімдерге кедергі?

Таяқтың екі ұшы бар секілді, жанжалдың да екі жағы бар. Бүгінде өз балалары жоқ жастар көп. Олар сәбимен (тіпті екі бүлдіршінмен) қоғамдық көлікте жүрудің оңай емес екендігін түсіне бермейді. Аналарда балаларының үнін өшіріп немесе олардың қозғалысын тоқтататын құрылғы жоқ әрі мұндай аналарға орын берудің өзі қалыпты жағдай ретінде қабылдануы керек.

Мұндай әйелдің орын сұрағаны сәбиі жоқ адамдардың құқықтары мен бостандықтарын бұзу емес, қарапайым өтініш болып табылады. Шынтуайтында, наразылықтардың көпшілігі осы жас санатынан келеді. Бұл – отбасы мен балалар сияқты құндылықтарға қатысты жағымсыздықтың артқанын көрсететін біршама қайғылы әлеуметтік құбылыс.

Бала мінез-құлқы ашуын келтіретін ересек адамның ұстанымы – бүлдіршіндер көп жиналатын жерлерден аулақ жүру

Кафе-мейрамханада отырған уақытта көрші үстелдегі бала келіп, ыдысыңызға қол салса, оның әрекетін жақтырмасаңыз да, сол сәтте көз жұмып, ал үйге келе салысымен балаларын нашар тәрбиелейтін және өзгелердің өмірін улау үшін оларды қоғамдық орындарға әдейі ертіп жүретін жауыз аналар туралы әлеуметтік желіде ашу-ызаға толы жазбалар қалдырудың қажеті жоқ. Ата-аналарға тіл тигізбей-ақ, сол уақытта балаға бұл қылығының дұрыс еместігін түсіндіру мақсатында оған бұл оның үстелі емес екендігін және бұл жерде ештеңеге қол тигізуге болмайтындығын нақты айтуға болар еді. Шекараларды сенімді түрде белгілеген кезде ғана бүлдіршіндер оларды жақсы қабылдайды.

Демек, бұл құбылыс соңғы 30 жылдағы түрлі әлеуметтік өзгерістерден туындаған. Егер өз бойыңызда осы мақалада сипатталған қандай да бір ұстанымдарды тапсаңыз және олар көңіліңізден шықпаса, онда хабардарлық деңгейін арттыру (атап айтқанда, өз іс-әрекеттеріңіз бен өзгелердің мінез-құлқына қатысты) маңызды екенін есте ұстаған жөн. Себебі, бұл – ішкі үйлесімділікке апаратын жол.

Ал ананың міндеттері өте айқын: баланы еркін ересек өмірге дайындау, содан кейін оны сол өмірге жіберу. Сәбиді дүниеге әкелу – ерлік емес, ата-аналық жолды таңдағандығыңыздың нәтижесі.