Жан әлеміӨзіңді дамыт

Интуиция. Ішкі дауысыңды тыңда!

Интуиция туралы әңгіме бола қалса: «Ол менде нашар дамыған. Еш белгі бермейді» дегенді алға тартамыз. Оның үнсіздігіне еш кейімеңіз. Интуиция – барлық адамға тән, табиғаттан берілген алдын ала сезу қабілеті. Оны тыңдап үйрену керек. Радио қабылдағышты дұрыстап, сөздерді қалай анық естуге тырыссақ, мұны да солай бір жүйеге салу керек.  

Интуиция – білім мен тәжірибенің жиынтығы ма?

Көп адам құнды кітаптар оқып, өмірден түйгені мол болған сайын түйсік соғұрлым мықты болады дейді. Бірақ бұл аса шындыққа жанаспайды. Бірнеше дипломы, атақ-дәрежесі бола тұра, интуициясы нашар дамыған жандар да жетерлік. Оқи алмайтын, бірақ интуициясы мықты дамығандар да көп.

Өмірлік тәжірибеден көрген-білген, ойға түйген дүниелер әркез пайдасын тигізе бермеуі мүмкін. Жағдай кез келген сәтте өзгеріп сала береді. Кейде 100% кепілдік берілген істің өзі кенеттен жүзеге аспай қала береді емес пе!? Мұндай жайттар өмірде жиі кездеседі.

Дүниені әлі танып үлгермеген сәбиде де түйсік бар. Олар арам ниетті адамды көргенде жылайды немесе саналы түрде қауіптен қашуға тырысады. Сондықтан интуиция кітаптар мен өмірлік тәжірибеден алған сабақ емес. Бұл алдын ала болуы мүмкін оқиғаны іштей болжау, оның пайдалы немесе керексіздігін бағамдау.

Ішкі түйсікке кімдер мән бермейді?

Әдетте ақылына жүгінетіндердің көбісі интуицияны тыңдамайды. Олар логикаға және қалыптасқан жүйеге сүйенеді. Ал, жүйелі логиканы дамытқан жандар әлемді бірте-бірте тани бастайды.

Интуициямен жағдай басқа. Себебі ол көбіне құбылмалы түрде болады. Оны бос сөз дейтіні де сондықтан болар. Шын мәнінде ол интеллектке қарағанда сан алуан, көлемді ақпаратты қамтиды. Саналы түрде ғана емес, бейсаналы түрде де белгі береді.

Рухани көшбасшы Ошо (Шри Раджниш) өзінің «Интуиция – логикадан тыс білім» атты кітабында:  «Табиғи түрде түйсіну қабілеті бәрімізде бар. Бірақ, қоғам мен білім оған қарсы жұмыс істейді. Бізді ішкі түйсігімізді түсініп, қолданудың орнына оны елемеуге үйретеді. Осылайша біз туа біткен кемеңгерліктің тамырын жоюдамыз» деген екен.

Интеллект нарықта және әлемде басқа адамдармен күнделікті қарым-қатынас үшін ауадай қажет. Ол адамға жұмыс істеп, пайда табуға мүмкіндік береді. Бірақ кейбір оқыс оқиғалардан құтқара алмауы мүмкін.

Интуицияға сүйенбесе не болады?

Мысалы, сізді жұмысқа орналасу үшін тілдесуге шақырды делік. Жұмысқа алушының сөзінше бәрі жақсы, көңіліңізден шығып тұр, уәделері қызықтырып барады. Бірақ асқазан тұсыңыз тартып, жағымсыз сезімдер пайда болды. Сіз оны ескермейсіз де, жұмысқа орналасасыз. Бар қызық кейін басталады. …Жұмыс өте көп және ауыртпалық түсіреді. Уәделердің бірде бірі орындалмайды. Ол жұмыстан дер кезінде шығып кете алсаңыз жақсы.

Ішкі түйсік сізге ескерткен еді ғой, сіз оны тыңдамадыңыз…

Я болмаса, сымбаты келіскен бір жігітпен таныстыңыз. Сырттай қарап, сөзін тыңдағанда бәрі жақсы, тіпті ойдағыдан асып түседі. Алайда, ішіңізде түсініксіз қобалжу бар. «Мұндай жігіттен қалай айырылып қаламын?» деген ой да жоқ емес. Солайша түйсікті елемей, жігітпен болашағыңызды елестете бастайсыз. Уақыт өте келе оның шын мәнінде қандай адам екеніне көзіңіз жетеді. Сол кезде «ішім бірнәрсені сезіп еді ғой» деген өкініш пайда болады. Сіз ішкі дауысыңыз сақтандырғысы келгенін ұқпап едіңіз…

 Интуицияны қалай тыңдаймыз?

Интуицияны жаттықтыру қажет. Мысалы, қандай да бір шешім қабылдау керек кезіңізде ішіңізде қобалжу пайда болып, күмәндана бастайсыз. Бірақ «Қойшы, олай емес шығар» дейсіз де, сыбырлаған үнге мән бермей, логикаға сүйеніп, басқаша әрекет етесіз.

Кейін ойлағаныңыздай шықпаған сәтте «Әттең, бекер қылған екенмін. Алғашында басқаша ойлап тұр едім» дейсіз. Таныс жағдай ма?

Шешім қабылдаудан бұрын ішкі әлеміңізге үңіліңіз. Өз түйсігіңіздің ескертпелерін мұқият тыңдаңыз. Оларды тыңдап қана қоймай, соңынан еру керек!

Мысалы, бұрын болмаған ауданға жұмыспен барып қалдыңыз. Метрода төрт шығатын жол бар. Бірақ сіз үшін қайсысы қолайлы екенін білмейсіз. Әдетте біз мұндайда ары-бері жүріп, көрсеткіштерді оқып немесе біреуден сұрай бастаймыз. Кейде бәрі бірдей көмектесе бермейді. Ендеше басқаша әрекет етіп көріңіз. Бір сәтке тыныстап, интуицияға жүгініңіз. Одан: «Маған керек жолды көрсетші» деп өтініңіз. Сол көрсеткен жолмен жүріңіз. Егер интуицияның белгісін ескермей, логикаға сүйеніп кетсеңіз, керекті жолмен жүрмеуіңіз мүмкін.

Бірдеңе сатып аларда, бір жаққа барарда және т.б. өзіңізге сұрақ қойыңыз. Әуелі болмашы шешімдерден бастаңыз. Сіз оны тыңдап үйренгенде, әрі қарай ол өзі жетелейді. Тәжірибе жинақтаған сайын, маңызды, тағдырлы шешімдерде сізге дұрыс жолды сілтейді.

Көп адамдар интуицияға жүгініп әрекет етуден қорқады. Бәрін сезімге бағындырып қойса, ситуацияны бақылауда ұстай алмай қаламыз деп ойлайды. Шын мәнінде, барлық факторларды ескеру және бақылау мүмкін емес. Өйткені жағдай кез келген сәтте өзгере салады.

Түйсік немесе ішкі дауыс неғұрлым жақсы дамыса, өмір сүру соғұрлым оңай. Ісіңіз де әлдеқайда берекелі болады, сеніңіз!