Жапон мәдениеті – минимализм мен ерекше ойлаудың үлгісі. Барлық үнемдеу бағыттарындағы басты кеңес: бюджет жүргізуді бастау. Алайда мұны қалай істеу керек және неден бастаған жөн? Бүгінгі санымызда үй шаруасындағы әйелдерге таптырмас көмек болатын жапондардың қаржыны басқарудағы Какейбо әдісін ұсынбақпыз.
Қолыңызға тор көзді дәптер, қарындаш немесе қалам алыңыз
Какейбо «үйдегі үнемдеу кітабы» деп аударылады, ол көзге көрінбейтін қаражаттың жұмсалу көздерін табуға және әрқашан бәріне жеткілікті болатындай өмір сүруге көмектеседі. Бұл жүйені 1904 жылы Мотоко Хани есімді үй шаруасындағы жапондық әйел ойлап тапқан. Ол осы әдістің кірістер мен шығыстарды бақылауды күнделікті әдетке айналдыру отбасының қаржысын дұрыс бақылауға көмектесетініне сенімді болды.
Әр айдың басында өзіңізге мына төрт сұрақты қойыңыз:
1. Менде қанша ақша бар?
Шәкіртақылар, салық шегерімдері және т.б. алуды жоспарлаған барлық кірістерді тиісті бағанға жазыңыз.
2. Қанша ақшаны кейінге қалдырғым келеді?
Өзіңізге мақсат қойыңыз әрі оны басқарылатын төлемдерге бөліңіз. Мұндай үнемдеу әдісін тек көлікке немесе саяхатқа ақша жинау үшін емес, көлемді қарыздарыңызды өтеу үшін де қолдануыңызға болады.
3. Мен қанша жұмсаймын?
Осы бағанға барлық міндетті төлемдерді енгізіңіз: пәтерақы, байланыс, жазылым, жол ақысы, спортзалға абонемент дегендей.
4. Теңгерімді қалай өзгертемін?
Табыс мөлшерін қарап, міндетті шығындар мен қажетті жинақ сомасын шегеріңіз. Осылайша сол айда жұмсауға болатын соманы шығарасыз. Ескертпелерді қосып отырыңыз: ойыңыздағы барлық нәрсені жаза аласыз немесе жай ғана мысықтың суретін салып қойыңыз.
Айлық шығындарды жазып отырыңыз
Түбіртектегі әрбір позицияны егжей-тегжейлі жазудың қажеті жоқ. Бірақ бұл әдет қаражат жұмсамас бұрын тоқтап, жеті рет өлшеп, бір рет кесуге көмектеседі. Ал тұтыну қоғамы ойланбастан ақша жұмсауға итермелейтіндігі белгілі. Какейбо әдісі болса, қаржы жұмсамас бұрын ақылға салып сараптауға үйретеді.
Көп жағдайда жинақ туралы кеңестер тауарды ақшаға айырбастау үшін сізді тежеп, ойландыру мақсатында қолма-қол ақшаны пайдалануды ұсынады. Осылайша банк карталарының бонустарын жіберіп алуыңыз мүмкін: қауіпсіздік, кэшбэк және т.б. Какейбо физикалық ескерту ретінде әрекет етеді және барлық жерде қолма-қол төлеу әдетін алмастырады.
Шығындарды 4 ішкі санатқа бөліңіз:
-
- Қажетті заттар мен өнімдерге жұмсалатын шығындар;
- Мәдениет пен білімге жұмсалатын қаражат;
- Достармен қарым-қатынас және ойын-сауыққа жұмсалатын шығындар;
- Тағы басқалар.
Шығындарды аптасына және айына бір мәрте қайта қарап, санаттаңыз
Бұл қаражатыңыздың қайда кетіп жатқанын және оны осы бағытта жұмсалуын жалғастырғыңыз келетінін, я келмейтінін түсінуге көмектеседі. Өзіңіз жасаған таңдауға ұялмайтындай әрекет жасаңыз. Таңдауыңыз қуаныш сыйлауы тиіс.
Ай аяғында өзіңізге мына төрт сұрақты қойыңыз:
- Осы айда жинақтау мақсатыма жеттім бе?
- Ақша үнемдеудің қандай тәсілдерін таптым?
- Қаражаттың көп бөлігі қайда кетеді?
- Келесі айда нені өзгертемін?
Жылдық жоспар құрыңыз
Жинақ жүйеңізде туған күндерге, үйлену тойларына және т.б. жұмсалатын шығындар да қарастырылуы тиіс.
Жинақ не үшін қажет?
Кейінге қалдырылған ақша келешек туралы уайымдамауға көмектеседі. Егер басыңызға қиын күн туса, біреу ауырып қалса немесе жаңа тұрмыстық техникаға шұғыл қажеттілік туындаса ше? Міне, осындай жағдайда жинақталған ақша қажетіңізге жарайды.
Жалпы қаражатты қолма-қол ақшамен сақтамаған жөн, себебі мұндай ақша тез құнсызданады. Бұл әдіске 100 жылдан асып кетсе де, жинақтарыңызды инвестициялауға ешкім тыйым сала алмайды.