Жан әлеміӨкініш

Көйлекпен кеткен бақыт

Той күні белгіленіп, дайындыққа кіріскен Әйгерімнен құрбысы Ақмарал әлгі алқызыл сәтті көйлегін сыйлауды өтініп, «Сендегідей бақ бізге де жұғысты болсын. Мен де тұрмысқа шығып кетермін» деп, ниетін білдіріп қалған. Әлі тойы болмаған Әйгерімнің бұл сөзге аса іші жылымай, ойына күдік алып қалады. Бірақ құрбысына «жоқ» дей алмай, «Шүберекте тұрған не бар» деп, алқызыл көйлегін сыйлай салған. Шіркін, сол кезде ішкі дауысына құлақ асқанда ғой...Айсара, Ақтөбе

777Қаралымдар

Менің Әйгерім атты қайын әпкем жаны жайсаң, қой аузынан шөп алмас жан. Жүрегі сондай кең, ешкімге ешқашан «жоқ» деп айта алмайды. Бұл жанындағыларға жақсы болғанымен, өзіне әрдайым кедергі келтіреді. Өзінің қалауын ашып айта алмайды, біреуді ренжіткенше өзі іштей қайран қалып отыруды жөн көреді. Қайын әпкем бүгінде ажырасқан, қазір бізбен бірге тұрады. Кейде «бір жаманға – бір жақсы» деп жатады ғой, оны сол күйеуінің мінезі шыдатпады. Әйгерім соның кесірінен тұйықталып, өз-өзіне сенімсіз болып қалған сияқты.

Бір күні сол әпкеммен оңаша қалып, таңға дейін әңгіме айтып, ішкі сырын білудің реті түсті. Ол маған жастық шақ, студенттік күндері туралы сырын ақтарған-тын.  Жасынан өте зерек, пысық қыз болған екен. Бес саусағынан бал тамған, сегіз қырлы бір сырлы десем артық етпес. Әжесінен тігіншілікті үйреніп, өз бетінше дәл дүкендегідей, тіпті одан асып түсетін киімдер тіккен. Құрбы-құрдастарынан әрдайым әдемі бейнесімен ерекшеленіп жүреді екен.

Содан бір күні құрбыларымен саябақта серуендеп жүріп, Берікті кездестіреді. Нақтырақ айтқанда, сұлу Әйгерімге Беріктің көзі түсіп, ғашық болады. Сол күні қайын әпкем жібек матадан тігілген алқызыл көйлегі денесіне төгіліп, одан сайын құлпырып сала берген. Етегі соққан желмен бірге бұралаңдап, жас қызды біраз әуреге салса да, нәзіктігі мен сымбатын одан әрі аша түскен. Әпке бұл көйлекті бір түнде өзі тігіп шыққан екен. Осылайша, екеуі бір-біріне деген ғашықтық сезімін жасыра алмай, жасырын кездесіп жүріпті. Білетіндер екеуін Қыз Жібек пен Төлегенге теңепті. Араға көп уақыт салмай Берік Әйгерімге сөз салады. Той күні белгіленіп, екеуі дайындыққа да кірісіп кетеді. Сол кездерде Әйгерімнің құрбысы Ақмарал одан сол бір «сәттілік» көйлегін сыйлауды өтінеді. «Сендегідей бақ бізге де жұғысты болсын. Мүмкін мен де тұрмысқа шығып кетермін», – деп, қалжыңдай отырып, ниетін білдіріп қалған. Әлі тойы болмаған Әйгерімнің бұл сөзге аса іші жылымай, ойына күдік алып қалады. Бірақ құрбысына «жоқ» деп айта алмай, күдікті ойға мән бермей, «Шүберекте тұрған не бар» деп алқызыл көйлегін сыйлай салады.

Ойында арамдығы жоқ Әйгерім одан кейін тойға дайындықты жалғастыра береді. Бірақ күтпеген жерден өмірінің күл-талқаны шығады. Беріктің ата-анасы аяқ асты баласы басқа қызға үйленуі керек деп шешім қабылдап, қайын әпкемнен бас тартады. Қырсық шалғанда сол жылы ата-анасының үйі кәнфескеге алынып, отбасымен талай қиындық кешеді. Мұның бәрі біртүрлі қызық әрі қорқынышты көрінеді.

Сөйтіп жүргенде арада біраз уақыт өтіп кетеді. Әйгерім өз-өзіне келіп, іштегі сырын ақтармақ болып, құрбысына хабарласса, қоңырауына жауап бермейді. Ақмарал елден жырақ, шетелге көшіп кеткен екен. Ауылдағылардың айтуынша тұрмысқа шығыпты. Ал, Әйгерім болса, Беріктен кейін ұзақ жылдар бойы ешкімді кезіктіре алмайды. Бес жыл өткенде әлгі күйеуімен танысып, жасы келген соң, амалдың жоғынан тұрмысқа шығуға келісімін береді. Күйеуі қаныпезердің өзі болып шығып, аузына келгенді оттап, әпкемді балағаттап қалудан тайынбайтын. Оның үстіне бала да сүйе алмады. Осының барлығы Әйгерімнің жүйкесін қатты жұқартып жіберді. Шынымды айтсам, ажырасып кеткені дұрыс болды. Меніңше, әрбір әйел бақытты болуға лайық!

Ең қызығы – әлгі Ақмарал басында тек қана көйлекті сұраумен шектелмепті. Ол бүгінге дейін Еуропада өмір сүріп, елге қайтып келіпті. Екі ұлы, күйеуі бар. Елдің айтуынша, көз қызығарлықтай отбасы екен. Ал, оның күйеуі кім дейсіз ғой? Сенсеңіз де, сенбесеңіз де өз еркіңіз, ол менің момақан қайын әпкемнің сүйгені – Берік болып шықты! Бұл жағдай бәрінің жағасын ұстатқан. Тіпті, бұл Әйгерімнің түсіне үш ұйықтаса да кірмеген шығар. Осының барлығын әпкенің аузынан естігенде бір таңғажайып түс секілді көрінді. Сол түннен кейін мен оны одан әрі құрметтей бастаған секілдімін. Әйгерім мен білетін әйелдердің ішіндегі мықтысы екен. Енді өмірдің түрлі тауқыметіне төзіп келген қайын әпкемнің бағы ашылса деймін. Қазір әпкемді шет жаққа, ұзақ демалысқа жіберу керек деп шештік. Ал, ол болса өмірді жаңа парақтан бастауға бел буды. Әпкеміздің тұлға биіктігі соншалықты Ақмарал мен Беріктің «махаббат оқиғасын» сұрастыруды жөн көрген жоқ. Жабулы қазанды жабық күйінде қалдырды.

Осыдан кейін адамның ниеті мен пиғылы, әрбір заттың энергиясы өмірімізге әсер ететіндігіне, әлемде бақтың басқа біреуге көшіп кетуі сынды тылсым дүниенің бар екендігіне көзім жетті. Ғаламдағы күн сайын орын алып жатқан оқиғалардың тегіннен тегін болмайтына кәміл сендім. Өзіңізге тиесілі затты, сізге сәттілік әкелген бойтұмарды өзгеге сыйлау – қателік екен. Бұл бір оқиға. Ал, өмірде осы тектес оқиғалар жетіп артылады. Осындай ұсақ-түйек көрінген мәселеде ішкі дауысыңызды тыңдаған жөн болар дегім келеді.