Екеудің құпиясыЖан әлемі

Күйеуімнің досына ғашықпын

Менің тағдырым ешкім білмейтін кішігірім хикая. Қанша ауыр болса да сол өмірімнен сіздерге қысқа ғана баян етейін. Қалғанын өздеріңіз таразылай жатарсыздар.

Мен жеті қыздың ортаншысы болып өстім. Алла тағала маған көрік пен сымбатты аямай берген. Бұған мың алғыс. Бірақ, ер адамдардың көз құрты болдым. Қыдыруға да әуес болдым. Сондықтан шығар, жұрт мені жеңіл жүрісті бикештердің қатарына қосты. Бірақ, мен ондай емес едім. Өзімнің не істеп жүргенімді жақсы білдім. Қысқа ғана өмірден бәрін көргім келіп, өзімді ештеңеден шеттеткім келмейді. Елдің өсегіне қаламын деген ой менде ешқашан болған емес.

Мектепті бітірген соң өзімнен 7 жас үлкен жігітпен жүрдім. Бір-бірімізді өте қатты жақсы көрдік. Оны сүйгенім соншалық, қыздардың асылы саналатын абыройымды, пәктігімді соған сыйладым. Сонымен не керек, сол сүйіктіммен келіспей қалып, соңымнан қалмай жүрген жігітке тұрмысқа шығып кеттім. Уақыт өте келе екі ұл, бір қыз таптым. Күйеуіме өліп-өшкен махаббат сезімі болған емес, тек сүйгеніме ерегісіп шыға салдым. Осылайша, “енді менің өмірімде махаббат деген ұғымға жол жоқ, ондай сезімді ендігәрі сезінбеймін” деп жүргенде тұрмыс құрғанымызға жеті жыл уақыт зырғып өтіп кетіпті. Бірақ, осы жеті жыл мен үшін қызықсыз өтті. Бірқалыпты, сүреңсіз де суық өмір. Тек үш балам үшін өмір сүргендеймін. Мен сол өміріме көнгендей болғанмын. Бірақ, жүрек шіркін көне алмапты. Күндердің күнінде күйеуімнің досына ғашық болдым. Ол азамат мені несімен баурап алғанын білмеймін. Сөйтіп, ол жігітпен көңіл қостық. Күйеуімнің досы болғандықтан жұрт бізді елемеді. Көңілдес екенімізді ешкім білген жоқ. Сөйтіп жүргенде ол жігіттен аяғым ауырлап, дүниеге қыз әкелдім. Босанғаннан кейін әлгі азаматтан жыл жарымдай қашқақтап, кездесуден бас тартып жүрдім. Ол болса мені аңдып, баласын көру үшін кездесудің жолын іздеді. Сөйтіп жүргенде кездейсоқ кездесіп қалдық. Міне, сол күннен бастап ескі жүріске қайта бастық. Ал, күйеуім бәрінен бейхабар. Өмірге 4-ші бала келгенде қуанышында шек болмады. Мені бұрынғыдан да қатты жақсы көрді. Ал, мен керісінше, оны көрсем құбыжық көргендей әсерде боламын. Аңсарымның бәрі күйеуімнің досы. Қазір анда-санда кездесіп тұрамыз. Ол маған «сені үш балаңмен аламын, төртіншісі онсыз да өз балам» дейді. Күйеуіммен ажырасып, өзіне тұрмысқа шыққанымды қалайды. Өзі мен жайында үй-ішіне айтып қойған да екен. Бірақ, мен оның отбасынан қатты қорқамын, ұяламын, ыңғайсызданамын. Ертең мені қабылдамай қойса қайтемін? Ал, өзімнің күйеуім бұл жайында әлі білмейді. Егер ол естісе не боларын кім білсін?! Иә, сұмдық!

Бірақ, әйтеуір күндердің күнінде бар шындықты білері анық. Өзімнің қателік жасағанымды жақсы білемін, күнәлі екенімді де білемін. Бұл жүрісімнің түбі жақсылыққа апармайтынын да білемін. Не істеймін? Көмек қолын созыңыздаршы.

Жансая, Қызылорда қаласы

 

Кеңес:

Сабыр – ақыл серігі

Жансая сіңілім, хатыңыз махаббат атты ұлы сезімнің құнсызданғанының, нәпсісінің құлына айналған жандардың көбеюінің айғақты дәлелі деп айтар едім. Бар болмысыңызбен қабылдап, аялап, бетіңізге қарап отырған жарыңызға, өсіп келе жатқан бейкүнә балаларыңызды айтпағанда, өте жеңіл, жауапкершіліксіздігіңізді ойлап, оқып, талдау жасап  отырған оқырмандарға, қыз-келіншектерімізге, жігіттерге сабақ  болатындай  хикаяңыз бар екен.

«Сұлулық – әйелдің бақыты, қадіріне жетпесе – соры» деген нақыл сөз бар халықта. Сіз қандай да бір шешім қабылдағанда ешкіммен ақылдаспайтын өзімшіл адамға ұқсайсыз.  Ақыл берер, тоқтау айтар әке-шешеңіз, апа-жеңгелеріңіз және т.б. туралы айтпағаныңызға қарағанда өзім білемге салынып, сыртқы сұлулығыңызға сенгендігіңіз ішкі жан дүниеңізге үңілуге мүмкіндік бермеген сияқты. Сіздің өзімшілдігіңіздің нәтижесінде бейкүнә балаларыңыз, асыл жарыңыз өмір бойы айықпас дертке ұшырайтынын ойламадыңыз ба?! 

Жеңіл, жауапкершіліксіз деп отырғаным – сүйе салдым, пәктігімді сыйлай салдым, ерегісіп, басқаға тұрмысқа шыға салдым, туа салдым, жери салдым, досына ғашық бола салдым, одан да туа салдым деген сөздеріңізге қарап айтып отырмын. Жазғаныңызға қарағанда жай тие салған күйеуіңізден ажырасып, жай тие салған күйеуіңіздің досына тие салатын болып тұрсыз ғой?!

Жансая, бұлай жауап бергеніме ренжімеңіз, көңіліңізге ауыр алмаңыз – ақиқат әрқашан ащы, ауыр!!!

Сіздің айтып отырған «ғашықтық хикаяңыз» жай, уақытша нәпсіңізді тыя алмаушылық. Ол уақытша сезіміңіз суығаннан кейін тағы да бір уақытша «хикаялар» іздейтін боласыз. Одан кейін тағы да, тағы да жалғасып кете береді. Жаман әдетке, ауруға айналады. Аурудың алдын алмаса, ақыры неге соғары белгілі. Ал, күйеуіңіздің «досынікі» де «нәпсіқұмарлық» дер едім. Ол бүгін досының 3 балалы әйелімен төсектес болса, бірер уақыттан кейін тағы да басқа қыз-келіншектерге көңілі ауып, сізді тастап кетпейтініне кім кепіл бола алады?! Досының әйеліне көңілі кетіп, төсектес болып, уақытша нәпсінің соңында жүрген «еркектер» бір адаммен ұзақ уақыт бірге өмір сүре алмайтыны өмірде дәлелденген. Тіпті, осы уақытқа дейін ол жігіттің үйленіп, отбасының болмауының өзі сізді ойландырмады ма?!

Менің ойымша, сіз ешқашан ешкімді сүймеген секілдісіз. Себебі, барлық жағдайларға атүсті, жеңіл, жауапсыз қарайтын адамдар «сүюге», «махаббатқа» жалпы адамзаттық құндылық ретінде емес, жәй сезім деп қарайды. 

Махабаттың алтын тұрағы – тұрақтылық. Тұрақтылық, опалылық, адалдық жоқ жерде шынайы сүйіспеншіліктің болуы мүмкін емес екені айдан анық.

Сабырлық адамды жауапкершілік сезімге тәрбиелейді. Ол қажет емес кезде адамның өз ерік-қалауын, әуестік сезімін, ірке, тежей білуге негіз болады.

«Жоқ, менің осы жолғы сезімім шынайы, біз шын мәнінде бір-бірімізді сүйеміз, соңғы деміміз таусылғанша адалдық туын асқақтата желбіретіп, жіберген күнәларымызды мойнымызбен көтеремін» деп шешсеңіз – ауыр да ащы, қасіретті шындықты уақыт оздырмай   күйеуіңізге ашық айтуыңыз керек. Барлық жағдайларды жеті рет өлшеп, бір рет кескеніңіз жөн. «Ғашықпын» деген жігітіңіздің отбасы сізді балаларыңызбен қалай қабылдайтынын, балаларыңыз бен жарыңыз, ата-анаңыз, дос-жарандар, т.б. осы «тосын сыйыңызды» дұрыс қабылдайтындай етіп  іс-әрекет жасаңыз. Содан кейін күйеуіңіздің «досына» өзіңіз айтқандай тұрмысқа шығуыңызға болады.

Жаза баспайтын, қателеспейтін пенде жоқ. Парасатты кісі жанына қанша ауыр тисе де, өз қатесін мойындап, қисығын түзеп, теріс жолдан қайта біледі. Тек тәрбиесіз адамдар ғана тоңмойындық жасап, өзінікін дұрыс деп есептейді, өмір бойы қатесіне қате жамап, адасқан үстіне адаса береді. Жансая, шешімді қабылдайтын да, дұрыс іс-әрекет жасайтын да өзің, жіберген қателігіңді өміріңнің сабағы деп біл. Ендігі кезекте адаспай, парасаттылық танытып, балалық жолдан – даналық жолына түсуге ұмтыл!

Сөз соңында айтарым:

«Алла Адамдарға сабыр, ерге қанағат, әйелге иман бергей!»

Жұпаргүл Бейсенова