Жан әлеміӨкініш

Күйеуім ата-анамды сыйламайды

Тұрмысқа шыққаныма үш жылдың жүзі болды. Сүйіп қосылған күйеуім екеуіміздің арамыз күннен күнге нашарлап барады. Кейде тіпті оның жүзін де көргім келмейді. Оның өз себебі бар - ол менің ата-анамды, туған туыстарымды мүлде сыйламайды.Альмира

Күйеуім екеуіміз бір ауылда туып-өстік. Ол жетінші сыныпқа көшкенде ата-анасы табыс табу мақсатымен қалаға кеткен. Біраз уақыт өтіп, қалаға орныққан соң баласын өздерімен бірге алып кетті. Ал мен қалаға тек студент күнімде келгенмін. Күйеуім қазір «қалалықпын» деп, өзін менен жоғары санайды. Ата-анам, туған-туысым қанша жерден ауылда тұрса да, төрт түлігі бар, көрші-қолаңға сыйлы, ешкімнен көмегін аямайтын жандар.

Күйеуімнің ата-анасы қалада қатты қиналған. Соған қарамастан балаларының жарқын болашағы үшін еңбек етіп, сонда қалуды жөн көрген. Бірақ жиырма жыл тырбанып, тырысса да, қалаған деңгейлеріне жете алмады. Олардың тұрақты үйлері болмаған соң, менің әке-шешем «жалдамалы пәтерлерге көшіп-қонып жүргенше, кішкентай болса да өз ұяң болсын» деп қаржылай көмек көрсетіп, Алматыдан бір бөлмелі пәтер сатып алып берді. Оны күйеуім «Бір бөлмеге қайсымыз сиямыз? Кезек-кезек кіріп өмір сүреміз бе? Алып берсе жақсысын, тым болмаса екі бөлмелісін алмады ма?! Әлде ата-анамды шығарып жіберейін бе?» деп ашуланды.

Күйеуім қазір ата-анамды адам құрлы көрмейді. Күйеу бала болып, ауылға барып, оларға көмектесуді білмейді. Тым болмаса қал-жағдайын сұрап қоюға шамасы жоқ. Мереке күндері құттықтаса, соның өзі бақыт қой. Бірақ менің ата-анам ештеңе сезбегендей жүре береді. Үш жылда күйеу балаларына бір шағымданып көрмеген. Бәрібір жағдайымды көргенде жүректері ауыратын шығар.

Ата-енем де өте жақсы адамдар. Қиындықты көріп, өмірдің ащы дәмін татқан жандар. Өмірге жан-жақты қарай біледі. Тек жұмыс-жұмыс деп, жалғыз балаларының тәрбиесіне көп мән бермеген сияқты.

Күйеуім болса бір жерде тұрақтап жұмыс істей алмайды. Осы күнге дейін ең ұзақ істегені жарты жыл ғана шығар. Ата-анам таныстары арқылы жақсы жерге жұмысқа тұрғызған. Ол болса жұмыста бір кісіні алдап, аз уақытта біраз адамның ақшасын жымқырыпты. Істің арты ашылғанда қайын атам баласынан теріс айналып, ұлын құтқару үшін қолының ұшын да қимылдатпайтынын айтты. Ал, менің әкем болса, әдеттегідей менің жайымды ойлап, кешірім сұрап, жапа шеккен адамға қаржылай көмек көрсетті. Осы жағдайдан кейін одан мүлде көңілім қалды.

Оған қоса, үнемі көңілі толмай жүреді. Үйленгенге дейін күйеуімнің осылай 180 градусқа өзгеріп кететінін білдім бе? Білсем ат тонымды ала қашар едім ғой. Арамызда бала бар. Кейде ештеңеге қарамастан одан кетіп қалғым келеді. Қазір тіпті еркек құрлы көре алмаймын. Қасымда өзіме қамқор, батыл да ер-жүрек жанның болғанын қалаймын.

Соңғы жағдайлардан кейін күйеуім мінезін тиып, өзгеруге бел буғанын айтты. Дегенмен оған деген сенімім жоқ. Ата-анамның соры болдық.

Маған қандай кеңес бересіздер? Күйеуімнің осы жасқа келгенде өзгеруі мүмкін бе? Біздің қарым-қатынасымыздың болашағы бар ма? Осы сұрақтарға жауап алғым келеді.

 

ПСИХОЛОГ АЙЖАН СӘРСЕБЕКҚЫЗЫНАН КЕҢЕС:  Алдымен күйеу, содан соң күйеу бала

Альмира, сіздер күйеуің екеуіңіз бір жанұясыздар, яғни, қоғамның бір ұяшығысыздар. Екеуіңізден бастау алған қарым-қатынас баламен, әрі қарай туған-туыстармен жалғасады. Күйеуіңіз өзі шешім қабылдап, жауапкершілікті мойнына ала алатын ересек адам. Өзгере ме жоқ па, оны өзі шешеді. Мәселен, ол сізге «балерина болуың керек» деп, қалауыңызды ескермей, келісім сұрамай, сізден талап ете бастады делік. Сонда бұл не болғаны? Барып тұрған зорлық емес пе? Сондықтан күйеуіңізді зорлықпен өзгерте алмайсыз.

Өзгеруге деген құлық.

Адамды кез келген жаста өзгертуге болады. Бірақ ең алдымен өзінің өзгеруге деген ниеті болуы тиіс. Кейде адамның өзгеруіне әртүрлі жайттар (баланың дүниеге келуі, қоршаған ортасы, жеке дамуы, армандары, бір жағдайда өмір сүргісі келмеу, кей нәрсені жете түсіну) себеп болады. Егер серігіңіз бірдеңені өзгертуге және күш жұмсауға құлықсыз болса, өз-өзіңізден «әрі қарай да осылай өмір сүруге дайынсыз ба» – соны сұраңыз. Сізге қандайда да бір жауап келері анық.

Күйеуіңізбен жақсылап сөйлесіңіз.

Оның өмірді жақсы жаққа қарай өзгертуге шын ниеті бар ма, соны біліңіз. Содан кейін барып ол үшін не істеу керек, ол қанша уақытты талап етеді соны талқылаңыз. Бұл топпен жұмыс істеуге арналған жоба тәрізді. Сіздер арбаны бірігіп күш жұмсау арқылы ғана орнынан жылжыта аласыздар. Ал, мақсаттарыңыз екі бөлек болса, арбаны екі жаққа сүйреп, нәтижесінде оны не сындырасыздар, не еш қозғалта алмайсыздар.

Сондай-ақ, күйеуіңіздің мінез-құлқында қаржылық тұрақтылықты қалыптастыруға деген ұмтылыс болмауы мүмкін. Жұмыс қанша тұрақты болса да, оның әрдайым жұмыстан шығудың бір амалын іздеп жүруі ғажап емес.

Әуелі өз жанұяңыздағы қарым-қатынасты реттеңіз.

Жағдайдың ушығуы – күйеуіңізбен ара-қатынастың дұрыс еместігінде. Алдымен күйеуіңіздің мінез-құлқындағы ерекшеліктерді сараптаңыз. Онымен жақын болып, өз жанұяңыздың мәселесін реттеп алыңыз. Сонда ғана оның ата-анаңызға деген қарым-қатынасын өзгерте аласыз.

Сіз бұл жерде мәселенің тамырын шешіп алмай, күйеудің ата-анаға деген қарым-қатынасының түзелуін ғана күтіп жүрсіз. Енді барлық мәселеге ересектерше қарап, деректерді іштей қорытып, шешім шығарыңыз. Босқа күйіп-пісіп, үміттене беру жақсылық әкелмейді.