Жан әлеміӨзіңді дамыт

Қызғаншақ адам – жылулыққа зәру

Адамның қызғанышқа бой алдыруының басты себебі – жақын адамының назарынан тыс қалып, оның өзіне деген сүйіспеншілігін жоғалтып алудан қорқу. «Ол көзіме шөп салса, мен өзімді ешкімге керексіз сезініп қаламын» деген ойға тәуелді болу. Олар үнемі біреудің өзіне көңіл аударып отыруын қалайды. Соның әсерінен кейде тұрпайы әрекеттерге барады.

Бұл жердегі мәселе күйеуіңіздің жүріс жасау, жасамауында емес, сіздің үнемі қорқыныш пен үрейде жүруіңізде болып отыр. Оған қоса әлгі әрекеттеріңіздің бәрі дұрыс еместігін түсінген сайын өз-өзіңізді бағалау одан сайын төмендей береді. Әрдайым бақылауда ұстауға тырысқан қарым-қатынас құлдырайды.

Не істеуге болады?

Бір ғана дұрыс жол – өзіңізге ғана көңіл бөле отырып, іс-әрекетіңізді өзгерту. Біз бала күннен сүйіспеншілікке зәруміз. Кішкентай балаларға өмір сүру үшін ана махаббаты қажет. Сондықтан, сүйіспеншілік адам үшін – өмір сүру тетігі. Біз оны әрдайым жан-жағымыздан, жақын адамдардан іздейміз және күтеміз. Бірақ, бәріміз бір ақиқатты ұмытып кетеміз. Біз ересек адам болдық, бұрынғыдай анамызға тәуелді кішкентай бала емеспіз. Өз-өзімізді танып, өзімізді махаббатқа бөлеуге қабілеттіміз. Өзімізге қамқор бола аламыз. Өмірде жай ғана бар болғанымыз үшін бағалай білеміз.

Мына сұрақтарға жауап іздеп көріңізші:

  1. Өзіңізге күніне қанша уақыт бөлесіз?
  2. Сырт келбетіңізге көңіліңіз тола ма?
  3. Жеке қалғанда өзіңізді жақсы сезінесіз бе?
  4. Өзіңізді бар қалпыңызбен қабылдайсыз ба?
  5. Өзіңізді дамытумен айналысасыз ба?
  6. Ішкі тілектеріңізге құлақ асасыз ба?
  7. Өзіңізге қызығушылық танытасыз ба, әлде басқа адамдар көбірек қызықтыра ма?
  8. Жалғыздықтан зардап шегесіз бе?

Яғни, өзін-өзі жоғары бағалау және өзіңізге деген сүйіспеншілік – өзіңізге көмектесудің ең алғашқы сатысы.

Енді ол үшін не істу керек?

Сүйіспеншілікті арттыру. Әрбір қадамды аңду, сенімсіздік, шағым айту, жанжал шығару – бар энергияны алады. Оның орнына сүйіспеншілікті аттырудың жолын іздеңіз. Оны шын жақсы көріп, туғаныңыздай алаңдап, қамқор болыңыз. Беделіңізден арылмау үшін жақын адамды қорлаудан аулақ болыңыз.

Әрқашан жақсы ой ойлау. Ол жұмыста кідіріп қалса, шұғыл мәселе туындаған шығар? Ойға бірден «сұмдық картиналар» келе берсе, тез арада басқа нәрсеге көңіл аударуға тырысыңыз. Сүйікті іспен шұғылданыңыз. Санаңыз әрдайым пайдалы ойларға толығып, күніңіз қажетті және қызықты істерге толық болсын.

Ашық әңгімелесу. Сананы күдік билеп, жарыңыздың не істегенін білгіңіз келді делік. Бұл кезде оған сыр алдырмай, бірден ойыңызды таңбай, оған әдеппен, ақырын дауыспен сұрақ қойып үйреніңіз. Сенетініңізді, ұсыныстары мен талқылауын тыңдауға дайын екеніңізді көрсетіңіз. Сонда ол өздігінен ашыла түседі.

Өз-өзіңді бағалау. Қызғанышты тудыратын тағы бір нәрсе – өзіңді басқалармен салыстыру. Одан да сырт келбетті ажарландырып, ойлау қабілетін арттырып, шебер сөйлеу мен тағам түрлерін үйреніп, үйді сәндеуге мән беріңіз. Оған қоса, батыл әрі осал тұсыңызды қабылдап, өмірде қайталанбас тұлға екеніңізге сеніңіз.

Тірліктің тек жеке өмірмен шектелмейтінін түсінсеңіз, қызғаншақтықтан арылу сіз үшін түкке тұрғысыз болып қалмақ. Тіпті, ол туралы ойлауға мұршаңыз келмес.

Тапсырма: махаббаты өзгеден тілеуді тоқтатып, өз гүліңізді өзіңіз суғарыңыз. Сіз гүлденген кезде, әдемі болып, өмірге ғашық және өз-өзіңізге сенімді болғанда сізге адамдар өздігінен тартылады.