LOBODA қазақстандықтарды алда келе жатқан Тәуелсіздік күнімен құттықтап, “Метелица” деп аталатын әніне live video ұсынды. Әншінің сөзінше, “тәуелсіздік – бағалануы тиіс ерекше сый”.
“Құрметті достар! Қымбатты қазақстандықтар! Сіздерді келе жатқан Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын! Бұл күн бостандық пен тәуелсіздіктің маңызды екенін еске салсын. Сіздердің тәуелсіздіктеріңіз берік болып, елдеріңіз көркейе берсін!”, – деген Светлана Лобода қазақстандық жанкүйерлерін құттықтады.
Loboda алдағы мерекелер қарсаңында өзінің “Метелица” деп аталатын жаңа әнін ұсынды. Ән көпшілікке таныс мерекедегі жалғыздық сезімі туралы сыр шертеді. Атмосфераға толы видеода әртіс әнді жеке музыканттарының сүйемелдеуімен жанды дауыста орындап шыққан.
Светлана Лобода жаңа трегін бір рет болсын шынайы ғашық болғандарға жаңа жылдық сыйлық деп атады.
“Безендірілген көшелердегі тыныштықта жалғыздық қатты сезіледі. Көп адам бұл күндері өткенін ойлап қайғырады. Бірақ бастысы қандай жағдайда да болашаққа сенімді жоғалтпау керек”, – дейді LOBODA.
Осы орайда біз Светлана Лобаданы сөзге тартқан едік:
С: Светлана, өзіңіздің “Метелица” атты жаңа әніңіз туралы айтыңызшы, ол сіздің басқа әндеріңізге қаншалықты ұқсас?
С.Л.: Бір адам орындап, жанры бірдей болса да, біркелкі күн, эмоция, қарым-қатынас болмайтыны секілді әндерде қатты ұқсас болмайды. Әр жаңа ән – жаңа тарих. Әрине, қалыптасқан әртістің жанкүйерлеріне ұнайтын, көптен ерекшелейтін өз стилі, ән шырқауы бар. Мен бұл тректен әркім өзіне қажетін тапса екен деймін. Дегенмен өзінің бірегей тарихын ашқанын қалаймын.
С: Ән туралы пікірлеріңізде әннің жалғыздық туралы екенін айттыңыз. Сіз жалғыздықты қаншалықты жиі сезінесіз?
С.Л.: Жалғыздық кейде өзіңмен қалуға, бостандықты сезінуге мүмкіндік береді. Кез келген адам секілді бұл сезім маған да таныс. Бірақ мен мұны шығармашылыққа, өзіммен жұмыс істеуге бағыттаймын. “Метелица” бүгін жалғызсырасаң да, ертең жаңа күн шығатыны туралы ән. Өмір дәл қазір біз не нәрсеге мұқтажбыз, біздің игілігіміз үшін соны бастан өткеруге мүмкіндік береді. Күндердің бір күні әрбір адам өз адамын кезіктіреді.
С: Әнді жазып жатқан сәтте не туралы ойландыңыз?
С.Л.: Әнді жазу кезінде мен жүрегіме құлақ түріп, не сезінгенімді жеткізгенді құп көремін. Әйтпесе, жан-дүниемдегі ойды жеткізу мүмкін емес. Мені адам эмоциясының сан қилылығы мен қиындығы шабыттандырады. Бізді бақытқа тағдырлардың тоғысуы жетелейді. Кейде бұл тоғысу күтпеген жайттарға толы болады… Сонымен бірге мен тыңдармандарым бұл әнді алғаш рет қалай тыңдайтынын елестеттім. Кейде олар өзім байқамаған дүниені байқап қояды (күлді).
С: Қазақстандық жанкүйерлеріңіздің атынан сізге көп рахмет айтамыз!
«Метелица» әнін барлық стримингтік платформалар мен LOBODA YouTube каналында тыңдауға болады.