Жан әлеміӨзіңді дамыт

Мен және менің көлеңкем: Жағымсыз қылықты ырыққа көндір

Өмірде адамдарды «жақсы» мен «жаманға» жіктеу әдетке айналған. Десе де, мінсіз адам жоқ! Ең керемет деген адамның өзінде мін табылады. Себебі кез келген жанның «ақ» пен «қара» тұсы болатындығын да ұмытпаңыздар. Кемшіліктер мен «қараңғы жақты» мойындау кез келгенге қиын екені белгілі. Дейтұрғанмен, мұны мойындай алған адам, ең алдымен, өзіне жақсылық жасаған болып есептеледі. Себебі, ол кемшіліктері үшін өзін кінәлауды доғарады әрі сол кем тұстарды өзінің және өзгелердің игілігі үшін қолдануды үйренеді. Осы тұрғыда сіздерді «Өз көлеңкеммен қалай дос болуға болады?» деген сұрақ мазаласа, «Сырласу» ұсынған өмірден алынған мысалдар мен маңызды мәліметтерге мұқият болыңыздар.

Мысал:

Дидар есімді келіншек өзінің жағдайын айтып психотерапевтің көмегіне жүгінеді. Ол сеанс барысында: «Көлеңкемнің бойымда қалай оянатынын жақсы білемін. Жұдырығым еріксіз түйіледі. Бойымды белгісіз ашу-ыза кернейді. Оң қолымның суық қару іздейтінін сеземін. Қиялымда – қылыш. Қаруды қолыма алып, ашуымды тудырған жұбайымды қан жоса етіп, қинауды қалаймын. Одан бар кегімді алғым келеді. Дәл осындай күйге еніп, ашуланғанда жұбайым мені зұлым жанға балап, үйден шығып кетеді.
Бір рет жолдасым есікті тарс жауып, кетіп қалды. Сол сәтте алдымда тұрған айнадан өзімді танымай қалдым. Маған жексұрын, қорқынышты мыстан қарап тұрғандай көрінді. «Жоқ! Ол – мен емес! Некелі жарым мені мұндай кейіпте көрмеуі керек!» деген ойлар шырмап алды. Дәл сол сәтте алдымдағы айнаны қақ ортасынан сындырып тастағым келіп еді», – деп басынан өткен оқиғасын баяндайды.
Келіншек психикасының көлеңкелі жағы қалай көрінетінін әңгімелейді. Көзі мұңға толы, тыныш, ұяң әйелден ол бір-ақ сәтте бейтаныс, долы, зұлым және жек көрінішті адамға айналады.

Психиканың көлеңкелі бөлігі – мол энергия көзі

Шындығында Дидар басынан өткерген оқиғасында зұлым жан іспетті. Бұл – жауыз, ұрысқақ және кекшіл прототип. Психиканың осы тұсында адамның күш-қуаты таси түседі.
Бұрын ол ата-анасымен немесе күйеуімен арада болатын ұрыс-керісте ғана ашуға қатты бой алдыратын. Ал енді Дидар мақсатына жету үшін көлеңкесін қабылдауға және қолдануға үйренеді.
«Психиканың көлеңкелі бөлігі – мол энергия көзі» демекші, көлеңкемізді қабылдай отырып, өз күшімізге ерік беріп, тіпті тау төңкере алатын жағдайға жете аламыз. Кейіпкеріміз сияқты бойдағы жылдам өзгерісті байқағандар бар ма?

Танысыңыз, бұл – Көлеңкеңіз!

Психологиядағы «Көлеңке» ұғымын Карл Юнг енгізген болатын. Көлеңке – бұл психиканың «ішкі жағы», яғни оның «қараңғы жағы». Ол – біз түсіне бермейтін, іштей басатын және жоққа шығаратын болмысымыз.
Психикамыздың бұл бөлігінде санамыз өзіміз туралы ойларымызды, естеліктерімізді, армандарымызды және жағымсыз тәжірибелерімізді еріксіз өшіреді. Мәселен, бұған адам бойында байқалмайтын жануар түйсіктері мен саналыларда кездеспейтін жағымсыз қылықтар жатады. Олар: ұсақ-түйекке ұмтылғыш, ашкөздік, қызғаныш, өзімшілдік, ашу-ыза және т.б.

Десек те, бойымызда Көлеңкемен қатар өзіміздің «мінсіз» бейнеміз бар. «Мен – мейірімді, қамқор, жомарт әрі ақылдымын». Бұл – психиканың жарқын бөлігі. Юнг оны Тұлға деп қарастырады. Өзіміздің және өзгелердің алдында жақсы жағымыздан көрінгіміз келетіні анық. Бұл тұтастық пен өзіңе деген сенімділікті сақтайды.
Жалпы Тұлға Көлеңкені, оның қараңғы жағын қабылдағысы келмейді. Егер психиканың «ішкі жағымен» достаспасаңыз, оның мақсаты өзгеріп, өзінің «қараңғы» істерін жасайтын болады.

Көлеңке несімен қауіпті?

Өз Көлеңкеңізді жасырып, не одан жасырынып қала алмайсыз. Ашылмаған сезімдер мен тілектер мінез-құлыққа тікелей әсер етеді.

Мәселен, ол өмірде былайша көрініс табады:

• Кенеттен жанжал шығарып, қарым-қатынасты бұзамыз;
• Өзімізді басқара алмаймыз – санамыз ақылға көнбейді;
• Эмоцияларымыз бен мінез-құлқымыз сырттай миға қонымсыз болып көрінеді;
• Өз іс-әрекетімізден ұяламыз.

Бойымызды төмендегідей сезімдер билейді:
• Бар күш-қуат «жаман» ойлар мен сезімдерге тоқтау салуға жұмсалады;
• Өз-өзімізбен күресу ерік-жігерімізді әлсіретіп, өмірлік күшімізді сарп еткендей болады;
• Алға қойған мақсаттарға жетуге және әр күнімізге қуануға арналған күшіміз сарқылады;
• Денсаулығымыз нашарлап, өзімізге деген сенімділік жоғалады.

Өмірден алынған «Көлеңкелер туралы» мысалдар

1-мысал: Айкерім ер адамдармен араласа алмайды. Құрған қарым-қатынасы ең ұзақ дегенде үш айға созылады әрі оны қарым-қатынас деп айту да қиын. Оған әлсіз, ұшқалақ ерлер кездеседі, уақыт өте келе өзі олардан жалығып, ара-қатынасқа нүкте қояды. Оның айналасында мықты ер азаматтар жоқтың қасы. Себебі Айкерім батыл ер азаматтармен бейсаналы түрде «бәсекелеседі». Барлық жағынан да үздік болуға талпынады. Демек, оның көлеңкесі осындай – Амазонка-Көлеңке.

2-мысал: Балжан қарым-қатынаста өзін суық ұстайды, бір көрген адамға менменшіл әрі тәкаппар болып көрінеді. Ол қашанда паң. Ешқашан бірінші болып ер адамға сезімін білдіріп, жазып немесе қоңырау шалмайды. Ер азаматтың ұнап тұрғанын не сөзбен, не қимылмен білдірмейді. Оның қарым-қатынастары бастапқы кезеңде-ақ суып кетеді. Сөйтіп, ол өзінен «Неге барлық ара-қатынастар бірдей дәрежеде тоқтайды?» деп сұрай бастайды.
Терапевтік жұмыс барысында Балжан не істеп жатқанын түсінді. Оның көзіне жас толды. Алғашқы сөздері: «Жоқ. Жоқ. Жоқ. Бұлай болуы мүмкін емес! Мен ондай емеспін!», – деген еді.
Иә, әр адамға өз көлеңкесін қабылдау оңайға түспесі анық. Десек те, ересектерге көлеңкесімен дос болу пайдалы болмақ. Себебі, соның арқасында алатын энергиямызды, сезімдерімізді, ойларымызды, іс-әрекеттерімізді өзіміз үшін маңызды нәрсеге бағыттай отырып, басқара аламыз.

Көлеңкені пайдамызға асыруға арналған 5 қадам

1 қадам. Оның қалай көрінетінін бақылаңыз.
Өз өміріңізге көз жүгіртіп, мына үш сұраққа шынайы жауап беріңіз: «Мен өзім туралы не нәрсені басқаларға көрсеткім келмейді?», «Айналамдағы адамдар мен туралы біліп қояды деп қорқамын ба?», «Қандай ойлар мен тілектер бойымда кінә мен ұят сезімін тудырады?». Міндетті түрде күні бойы өз сезімдеріңізді бақылаңыз.
• Әріптесім қызметінде жоғарылады – қызғаныш пайда болды.
• Құрбым қарызға ақша сұрады – сараңдығым ұстап, беруден бас тарттым.
• Көршілердің үйіне ұры түсіп, тоналған кезде – іштей күліп, табаладым.
• Досымды қиын сәтте айыптадым.
Көлеңке осындай түрлі эмоциялар мен сезімдер арқылы көрініс береді.

2 қадам. Көлеңкені сол қалпында қабылдаңыз.
Көлеңкелі жағыңыздың барлық импульстарын мойындаңыз. Мәселен: «Иә, мен қазір қызғанамын». «Иә, кек алғым келеді». «Иә, мен оның сәтсіздікке ұшырағанына қуаныштымын».
Өзіңізді айыптаудың қажеті жоқ. Тек осы сезімдердің бар екендігін мойындай біліңіз.

3 қадам. Көлеңкенің жағымды жағын табыңыз.
Көлеңке әрқашан маңызды нәрсеге белгі береді. Мұны толық қарастыру қажет:
• Кек алғым келеді – мені осы қарым-қатынаста бағаламады.
• Қызғанамын – өзіме артық дүниеге мүмкіндік бермеймін.
• Айыптадым – қажет әрі маңызды болғым келеді.
• Өзімді тәкаппар етіп көрсеттім – ерекше және сүйікті болуды қалаймын.
Әр жағдайға байланысты көлеңкенің оң әсері болады. Сезімдер – ең қажет дүниелердің көрсеткіші. Сол себепті жаңа қырыңыздан ашылғаныңыз үшін Көлеңкеңізге алғыс айтыңыз!

4 қадам. Күш-қуатыңызды бейбіт арнаға бағыттаңыз.
Мен өзіме маңызды нәрсені қалай бере аламын? Мансаптық өсуге қызғана қарадым, яғни дамуды әрі өзгерістерді қалаймын. Сонда мен қалай дамығым келеді? Ол үшін қазір не істей аламын? Менде қандай ресурстар бар? Дәл осы сұрақтар төңірегінде жете ойланғаныңыз жөн.

5 қадам. Батыл әрекет етіңіз.
Өзіңізге не қажет екенін анықтап, алдыңызға өзіңізді шабыттандыратын нақты мақсаттар қойыңыз. Оларға бірте-бірте қадам басыңыз. Өзіңізді кінәлі сезінуді және қорлауды доғарыңыз, әйтпесе ойыңыздағы қаншама энергия құр босқа кетеді. Көлеңкеңізбен дос болыңыз, себебі, ол – сіздің бір бөлігіңіз. Қараңғы жағыңыздың арқасында бойыңыздағы барлық «үрейді» қабылдай отырып, өз күшіңізді қайтарып аласыз, бұл – дәлелденген.