Жан әлеміӨзіңді дамытӨкініш

Өзімді жақсы көргім келеді

Балабақшада өте белсенді, сүйкімді де, сүйікті едім. Әкем жұмыстан келгенде алдынан жүгіріп шығып, еркелеткен сөздері мен тәттілеріне кенеліп, өзімді сондай бақытты сезіндім. Бәрі жасөспірім кезімде басталды...

Жасөспірім шағымда бұрынғыдай емес, сап-сары, томпақ, аузы ашылып жүретін қызға айналдым. Ағам мен сіңлім әдеміше келген, ал менің түр-әлпетім, іс-қимылым да өзгеше-тін. Өз-өзіммен жүретін, сабақты жақсы оқитын, тәртіпті бала болдым. Үйге жиі қарауыл болып қалатын, өзіме 2 өлшемге үлкен аяқ киімді де еш қарсылықсыз киіп жүре беретін де мен едім. Мектепте түрлі іс-шараларға қанша қатысқым келсе де, өзіме деген сенімсіздіктен оған да қатыспадым.

Сол себепті анам мені өмірі сынап, әркіммен салыстырып отыратын. Мен оған деген ренішімді жеткізе алмай, аяқ асты бұлқан-талқан болатынмын. Ағам мен сіңлім де келемеждей жөнелетін. Олар «ойнап айттық» дейді, алайда мен өзімді де, оларды да одан сайын жек көре бастадым. Ешкімді көргім де, сөйлескім де келмей, бір бөлмеден шықпай отыра бердім. Оған үйге жиі келіп тұратын шешемнің туыстары да қосылды. Әкем алысқа жұмысқа кеткенде мені ешкім қорғамады.

Осылай анама, оның туыстарына деген өкпе-реніш жылдар бойы жинала берді. Бәрін сондай жек көріп, «өте алысқа кетіп қалсам ғой» деп тіледім. Тілегім қабыл болып, өз күшіммен Алматыға оқуға түстім. Бірақ сонда да сын сөздерден құтыла алмадым. Климат ауыстырып, жатақханада біріңғай ұн тағамдарын жеген соң ба, бұрыннан да толып кеттім. Өзім спорттық киімдерге әуес едім, талғамым да жоқ еді.

ЖОО-дағы студенттер шет-шетінен өнерлі болды. Мен болсам ешбір өнерді кәсіби тұрмақ, орташа да меңгермедім. Сол кезде өзімді түкке тұрғысыз адам санадым. Өз-өзіме деген сенімсіздік, «маған бәрі сын көзбен қарап тұр» деген ұғым өз ортамда ашылып, еркін болуыма кедергі келтірді. Қаншама мүмкіндіктерді жіберіп алдым. Бәріне шешемді және оның туыстарын кінәладым. Үйге барғанда анаммен жиі ренжісіп, қалаға қайтқанша асықтым. Осылайша студенттік шақтың қалай өткенін де байқамай қалыппын.

Бүгінде жасым 27-де. Білім алып, шет ел де араладым. Мамандығым бойынша көптің қолы жете бермейтін жерде жұмыс істеп, көбі кимеген киімді киіп, сұлулыққа талпынып келемін. Бірақ, әлі де көпшілік ортада өзіме деген сенімділікті жоғалтып аламын. Өзімді еркін ұстап, бірегей тұстарымды ашып көрсете алмаймын. Беттерінде қанша күліп отырсам да, ішімді бірдеңе тырмалайды да отырады.

Анамның ендігі айтатыны – тұрмысқа шығу. Осы уақыт бойы анамның «қандай әдемісің, қолынан бәрі келеді екен ғой» дегенін есту үшін бәрін жасап келемін. Өзімді қанша жігерлендіріп, барынша жақсы көруге тырыссам да, болмайтын нәрсеге сынып кетемін. Қаншама психологиялық кеңестерді оқып, қолдансам да іштегі өкпе-ренішті жеңе алмаймын. Осындай ауыр ойлардан қалай құтыламын? Өзін-өзі жақсы көру деген не өзі?

Сәбира

Барлығы өз ішімізде

Сәбира, өткен іс өтті. Бұған ешкімді кінәлаудың қажет жоқ. Бәрі өз ішіңізде. Сіз біреуге ашуланып, ренжіген сайын кеудеңізде ауыр тас жинала береді. Ол тас уақыт өте келе  үлкейіп, әрекеттер әдетке, әдеттер жағымсыз мінезге айналады. Сондықтан біреуге ренжігенде немесе ренжітер алдында «бұл жүктің маған қажеті бар ма?» деп ойлаңыз.

Қажетсіздік синдромы. Сіз бала күнгі «Ешкімге керек емеспін» деген ойдан арыла алмай жүрсіз. Сол үшін бойыңыздағы бар құндылықты көре алмайсыз. Бүгінгі жайсыз оқиғалар эмоциялық күйіңіздің көрінісі екенін сезбейсіз. Сезім – біреу, ал жағдайлар жүз, тіпті мың рет қайталуда. Әдетте, өзін қажетсіз сезінген адам барлығын өзгелер үшін жасап, мақтау мен мадақтаулар күтеді. Өкінішке қарай, күткеніндей болмайды. Қанша тырысса да, өзін «қажетсіз» сезінуін тоқтатпайды. Бар ойды мазасыз дүниеге ғана бағыттап қоясыз да, өмірдің тамашасын, айналадағы мүмкіндіктерді байқамайсыз.

Өзін-өзі төмен бағалау. Мақтау сөздерге қалай жауап қайтарасыз? Әрине, бәріміз «Рақмет» деп жауап береміз. Бірақ оны іштей қабылдайсыз ба? Ал, сыни ескертулер жасалса ше? Сын-пікірді есте сақтап, санаңызда 2-3 күн бойы саралап жүретініңізге сенімдімін. Американдық хирург Максуэлл Мольц сырт келбетін өзгерткен жандардың өзіне деген көңіл толмаушылығы сонда да азаймайтынын айтады. Олар сырт бейнесін қанша өзгертсе де, өзін бағалауы отаға дейінгідей төмен болып қала берген. Адамда өзіне көңіл толмаушылық орын ала берсе, оған ешбір афирмация көмектесе алмайды.

Жеккөру. Жалпы, өзін сынап-мінеудің негізінде өзін-өзі жеккөру жатыр. Жеккөру – назарылықтың күшеюінен пайда болады. Бүгінге дейін өзіңізге қанша рет назары болдыңыз? Істі керегінше істей алмағаныңыз, сөзді дұрыс жеткізбей, дұрыс жауап бере алмауыңыз… Бәрі санаға өзіміз салып алған мінсіз бейненің кесірі. Есіңізде болсын, ешқандай киім, макияж, сауда-саттық, мақтау-мадақтау өзіңізге деген теріс эмоцияны жоя алмайды.

Өзіңе деген сүйіспеншілік. Біз қазір өткен күнді саралап, одан міндетті түрде өзімізді марапаттайтын істі таба аламыз. Таза жүресіз, ешкімді қорламайсыз, жұмыс істейсіз. Бұл сіз үшін күнделікті іс. Дегенмен, өмірде мұның ең аз бөлігін де істемей жүрген адамдар бар. Олар оны байқамайды да. Ойлаңызшы, өз-өзіңізді бағалау үшін неге міндетті түрде бірдеңе жасауға тиіссіз? Жай ғана жақсы көруге болмай ма? Сіз бірегей жансыз ғой! Оның себебі өзіңізге деген негативті көзқарастан шынайы бейнені тани алмайсыз. Өзіңізді жазалап, ылғи «бұдан да жетілемін» деген үмітпен жүресіз. Тағы бір себеп – өзін-өзі сүюге тыйым салу.

Махаббатқа тілену. Сүйіспешілік – өзіңе деген қамқорлықтан басталады. Бұл – денсаулық, көңіл-күй, амандық, өзіңе жер бетіндегі ең бағалы, қымбат адамыңа қарағандай қарау. Әдетте, әйел өзін-өзі сүймейтіндіктен, өзін соңғы орынға қояды. Өмір бақи өзін құрбан етіп, біреудің көңілін тауып, соларға жағынумен күн кешеді. Оның ішінде «біреу бұл құрбандықты бағалап, сүйіспеншілігімен бөліседі» деген жасырын үміті жатады. Баласы, отбасы, ата-анасы мен достарына барынша беріліп кеткен әйелдер де солай. Бірақ соңында көңіл қалушылық орын алады. Біз сүйіспеншілікті қайыр тілегендей үнемі сырттан күтеміз. Соған лайық болуға тырысып, уақыт пен энергия жоғалтамыз. Бірақ тілемсектерге ешкім молынан бере салмайтыны анық. Оған қоса, өзгелер де сүйіспеншілікті аңсап жүрген жандар.

Сіз осыны түсінгенде арқаңыздан жүк түскендей, жеңілдейсіз. Негативті эмоциялар қайта пайда болуын тоқтатады. Сана тазарып, балғын дүниені қабылдай аласыз.

Дәл қазір, дәл осы жерден бастап уақытты үнемдеңіз. Ойлануға кедергі келтіретін санадағы қоқыстан арылып, өз-өзіңді жақсы көрумен айналысыңыз. Сонда махаббатты денеңіздің әрбір жасушасымен сезіне аласыз. Есіңізде болсын, бұл әлемге жай ғана келгеніңіз үшін де өмірдің әрбір сәтінен ләззат алуға лайықсыз.

Айжан Сәрсебекова, Коуч-практик