Бала тәрбиесіОтбасы

Тарыдай болып кіресің…

Еліміздің кез келген азаматы орта білім алуға құқылы. Орта білімнің иесі атану үшін біз ес кіре бастаған сәтте мектептің табалдырығын аттаймыз. Баланың мекпепке дайындығын қалай пысықтауға болады?

Ата-ана балаға санау мен әріп тануды мектеп үйретуге міндетті деп сеніп қарап отыруына болмайды. Себебі технология дамыған ғасырда білуге, үйренуге тиісті сабақтардың саны артып, мектеп бағдарламасы да күрделене түскен. Сондықтан баланы ес біле бастағанынан-ақ ойын түрінде санауды үйреткен жөн. Санай білудің көп нәрсеге мүмкіндік ашатынын бала кішкене кезінен-ақ түсіне бастағаны дұрыс. Мектепке баратын бала онға дейін санап, онға дейінгі сандарды бір бірінен айырып немесе қоса алғаны жөн. Барлығын болмаса да біраз әріптерді танып, бір буынды сөздерді оқи алатын деңгейде болуы қажет. Әрине, соңғы бес жылда біздің елде баланы бірінші сыныпқа дайындайтын сыныптар ашылды. Сондықтан бұл үлкен мәселе емес. Тек мектеп алды даярлыққа барып жүрген балаңыздың деңгейін анықтауды біліп жүргеніңіз дұрыс. Мұғалімнің айтқанын қағып алатын зерек балаларды мектепке ата-ана ғана даярлай алады. Сондықтан балаларға арналған тақпақтарды тауып алып балаға жататта берген дұрыс. Қабылдай алу мүмкіндігіне байланысты тақпақты күрделендіре түсіңіз. Есте сақтау қабілеті мықты адамдардың 85 пайызы бала кезінде тақпақ көп жаттаған екен. Өмір туралы, қоршаған орта мен төрт мезгіл туралы мектепке бармаған баламен пікірлесуге болады. Суретті кітаптарға қарап отырып бала әңгіме құрастыруды білгені дұрыс. Суретке қарап әңгіме құрай алатын баланың логикасы дамып, сараптай алу қабілеті ашылады. Байқап отырсаңыз баланы мектепке даярлауға да айтарлықтай уақыт қажет. Қызметтен қолы босамайтын ата-аналардың мұндай жағдайда педагог жалдауына тура келеді. Уақытты дұрыс ұйымдастыру арқылы төрт жастан бастап балаға күніне бір сағаттан бөліп отырсаңыз алты жасында бала мектепке дайын болып шығады

Баланың мектепке дайындығын қалай анықтаймыз?

Бала оқуға құлшынып тұрады.

– Үлкен мен де, кішімен де тіл табыса алады, пікірлесуден қорықпайды.

– Өзінің көзқарасын білдіре алады.

– Мектептің не үшін қажет екендігін түсінеді.

– Ережелерге бағыну қажеттігін біледі.

– Тапсырма берсеңіз, орындап шығуға құлшынады.

– Өзінің заттарын жинастыра алады.

Болашақ оқушының денсаулығына да мән беріңіз. Білім мен өнерден бөлек баланы спортқа құштар етіп өсірген дұрыс. Сергектікті спорт қана сыйлай алады. Ал сергек бала – зерек болады. Балаңыз мектеп табалдырығын атаған болса, оны түсінуге тырысыңыз. Ол жаңа ортаға бейімделу кезеңімен қатар, өмірдің кіріспе бетін ашуды меңгеруді үйреніп жатыр. Жалғыз адам қоғам мен әлеуметсіз өмір кеше алмайды. Адамның күні адаммен деген қағидатты енді түсіне бастаған балаңызға сіз де ерекше демеу болуыңыз керек.

Сізге деген құрметпен,

балалар психологы Арзыгүл Сатыбаева