СұқбатСыр-сұқбат

Сиви Махмуди:  Әншілік – менің хоббиім

Сиви, сіз туралы ақпарат ғаламторда өте көп. Сонда да өзіңіз туралы өз аузыңыздан естісек... Мен қазақтың қарапайым қызымын. Орта жүз, оның ішінде қыпшақ руынан боламын. Бес жасыма дейін Қызылорда қаласында тұрдық. Сосын әкемнің жұмыс бабымен Шымкентте қоныс аудардық. Шырайлы өңірде 15 жасыма дейін болып, музыка мектебін тәмамдадым. Негізгі мамандығым – журналист. Кейін актерлікті оқып алдым. «Бір басымнан бар мамандық табылар» демекші, әмбебап болған жайымыз бар (күледі). Бүгінгі таңда осы үш саладан еш алшақтаған жоқпын. Бір-біріне тым жақын болғандықтан, бірге алып жүрмін.

Өткен жылы туған күніңізді дүркіретіп атап өттіңіз. Жаңа үш ондық қалай екен?

Қарап тұрсақ, жиырма мен отызда пәлендей айырмашылық болмағанмен, адам саналы түрде есейеді екен. 30 жас мерейтойымды үлкен деңгейде атап өткенім рас. Ол бір асып-тасқаннан емес, жалған дүниеде қуаныш пен мерейлі сәттер мол болсыншы деген ниет болатын. Иә, есейіп жатырмын. Маған үнемі өз жасымнан үлкен бергенге үйренгенмін. Өнерді ерте бастаған соң, солай сезіледі деп ойлаймын. Алайда, жаңа жасқа бастапқыда кәдімгідей үйренісе алмадым. Өзіме сенімсіздеу болдым. Енді отыздың артына бұрылып қарасам, жеткен жетістігімнің бірі һәм бастысы – тұрмыс құрып, ана бақытына ие болғандығым деп білемін. Титтей де болса, өз атымды шоу-бизнес саласында көрсетіп келемін. Бала күнімнен бері биші де, әнші де, бизнес-ханым бола білдік. Енді Алла бұйырса, алдымда жасайтын дүнием ұшан-теңіз. Отбасылы болған кездердегі үзілістің орнын толтырып, шығармашылықты одан ары өрлету қажет.

Қашан келін «тәжін» кидіңіз?

Мен 23 жасымда Аңсар Қажымұқанұлы деген азаматқа тұрмысқа шықтым. Қазіргі таңда үш баланың анасымын. Тұңғыш ұлым – Сағадат бес жаста, оны Таиландта босандым. Есімін қайраткер тұлға, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов ағамыз қойып, тұсауын өзі кесті. «Адамның есімі – тағдырына әсер етеді» деген рас екен. Қазір үлкен балам әскери адам болғысы келеді. Екіншісі ұлым – Саламат. Атын қою бақыты туған ағама бұйырды. Әрі ұқсастырып, әрі салауатты, саламатты болсын деп ырымдады. Келесі кішкентайым – қызым Салидат. Әкем денсаулық сақтау экс-министрі С. Қайырбековамен жақсы араласты, соның құрметіне қойды. Енді осы балапандарым – біздің көз қуанышымыз болып жүре берсін. Олардың болашағы үшін күйеуім екеуміз барымызды салуға дайынбыз.

Өзіңіз айтпақшы әншісіз, продюсерсіз, актрисасыз, бизнес-ханымсыз. Осының барлығына қалай үлгересіз?

Мен ерте тұрамын. Бала-шағамды балабақшаға тасимын. Сосын қаладағы жеке үш бизнес көзі бар, соған соғамын. Әсіресе, көп уақытым Лаундж-барда өтеді. Ұйымдастыру жұмысынан бастап, асханасына дейін өзім кірісіп кетемін. Ондағы заттың біразын өз қолыммен тіккенмін, небір картина да жасағанды ұнатамын. Ішіндегі дизайн-интерьер – толықтай өзімнің қиялымнан шықты. Бұдан бөлек, шоу-рум және кафем бар. Оларға да міндетті түрде бас сұғамын. Тексеріп шығамын. Өнеріме қатысты түсірілімдерге барамын. Арасында қол тиіп жатса, ата-анама соғамын. Осылардан соң, бос уақыт табылып жатса, сән салонына барамын. Өзімді қатты күтімге аламын. Сұлулыққа қатысты барлық әдіс-тәсілді жасаймын.

Ән қоржыныңызда неше ән бар? Қандай кинолардан көрініп жүрсіз?

Шынымды айтсам, нақты санын білмейді екенмін… Бірақ, шамамен 150-дей боп қалады. Кәсіби тұрғыда өнер өлкесінде жүргеніме 10 жыл толды. «Сағыныш», «Кел, жаным», «Сен білесің», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Я люблю тебя» сынды және т.б. бейнебаяндарым бар екенінен хабардарсыздар. Айдарбек Рысбек – қазіргі продюсерлік жобам. Бірлесе ән де айтып жүрміз. Сондай-ақ, әнші Қ. Нұртастың «Өкінішінде» ойнап, Ринат Баситовпен «Соқыр махаббат» фильмінде басты рөлді сомдаған едім. Өзбекстанның көп фильмдеріне түстім, ішінде әлі жарыққа шықпағандары бар. Оны өз уақытында көре жатарсыздар. Телесериалдарға ұсыныс түсіріп жатады, бірақ көбінде бас тартамын. Оған мүлде уақыт жоқ. Ал, әншілік – менің ең сүйікті хоббиім. Қазір мүмкіндігінше осы бағытта еңбек етіп, таза шығармашылықпен айналыссам деймін.

Байқаулар төрінен төбе көрсетіп жүрсіз бе? 

 Қолым тиіп жатса, барынша атсалысамын. Жуырда ғана өткен жанды дауыстағы «Жыл таңдауы – 2017» жобасына қатыстым. Жеке концертімді 2009 және 2011 жылдары берген едім. 2006 жылы «Мисс Голливуд», 2007 жылы «Мисс Восток Еуропа», «Шәкен жұлдыздарының ең үздік актрисасы» болдым. 2018 жылғы жоспарларымның ең ірісі – алдағы сәуір айында үлкен жеке шығармашылық концертімді өткізбекпін.

 Көп саяхат жасайтындар қатарындасыз. Шетелге шығудан не түйдіңіз?

 Иә, мен көп саяхат жасаған адаммын. Өзге елде тұрып та көрдім. Дегенмен, өз туған жеріңе, еліңе ештеңе жетпейді екен. Бүгінде Қазақстанның ішінде Алматыдан ешқайда кеткім келмейді. Әлемнің кейбір елдерінде он реттен болдым десем, артық айтқандық емес. Таиланд, Түркия, Дубай – жаттап алған мемлекеттерім екені анық. Дегенмен, шетелге шығудың өзіндік мәдениеті болады. Ел көріп, жер аралаудың еш сөкеттігі жоқ. Жақсы нәрсені бойға түйіп, жаман нәрседен денені жиырып жататын кездер аз болған жоқ. Ол жақтағы әдемі өркениетті елімізге әкеліп, Отанымызды көркейту – әр азаматтың адамдық борышы.

Қайырымдылық іс-шараларын  көп жасайды деп естіп жатамыз…

 Шынтуайтында, осы жасыма дейін барынша аңқылдап, ел-жұртқа көмек қолын созғаннан жалыққан жоқпын. Мүмкіндігінше тырыстым. Қаланың қай мекенжайы болсын, тіпті шаһардың сыртқы ауылдары болсын, арнайы іздеп бардым. Үйіне ақша, киім, тамақ апарып беретін едім. Кей адамдардың үйіне толтырып киім-кешек апарып тастасаң да, разы болмайды. Бірде бір әйел «енді қысқы куртка» қайда деп сұрағанда, шалқамнан түсе жаздадым. Ұрысып, ренжитіндер де кездесті. Таңқалдым! Менің қолым өте ашық, кең адаммын. Қайырымдылық концерттерін өткізген кездерім де болды. Бірақ, қазір ондай қадамға бара бермейін деп шештім. Бәрібір тегіс түгендеп бола алмайды екенсіз. Арасында жалған айтқан алаяқтар да болды. Сан соғып қалдым.

 Дінге деген көзқарасыңыз қалай?

 Дінге деген көзқарасым түзу. Мұсылманбыз, Аллаға сөзсіз сенемін. Қатты ауырған кезім болды, ұзақ емделдім. Жаным қиналып, тілім күрмеліп жатқанда, көптеп дұғалар оқыдым. Намазға ұзақ дайындықпен келгім келеді. Жолдасым 16 жасынан намаз оқиды. Бірақ мені ешқандай қинаған жоқ. Өйткені әр адам Алланың алдындағы жауапкершілікті саналы түрде түйсінгені жөн деген қағиданы ұстанамыз. Талант болғаннан кейін оны тастап кете алмаймыз. Алдағы уақытта дін мен өнердің екеуін қабыстыра ұстайтын болармыз.

Өмірде неден қорқу керек?

 Бұл өмірдегі басты капитал – адамзат. Ал адам үшін басты құндылық – оның денсаулығы. Міне, өте маңыздысы – осы. «Бірінші байлық – денсаулық» деген халық даналығы бекер емес. Сондықтан міндетті түрде денсаулықты күте білген абзал. Салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылданып, бала күннен өзін күтімге алудың мән-маңызын балаларға үйретіп өсіру қажет деп ойлаймын.

 Аз уақыт бұрын «Еңбек даңқы» төсбелгісіне ие болдыңыз. Марапаттың маңызы қандай?

 Әлбетте, адамның титтей еңбегі бағаланса – қуану керек. Марапат адамды марқайтып жібермейді. Керісінше, үлкен жауапкершілік артып қояды. Оның маңызынан бұрын, салмағы өте ауыр. «Мен осы марапатқа лайықпын ба» деп ойлап, бетіңіз қызаратыны шындық. Сондықтан, елеп-ескерген басшыларға, өнерімді бағалап жатқан халқыма өте үлкен рахмет айтамын. Үкілеп артқан үміттеріңіз бен сенімдеріңізден шығуға барымды салатын боламын.

Сұхбатыңызға көп рахмет. Қашанда биіктерден көріне беруіңізге тілектестік білдіреміз!

2018 жыл, қаңтар