Дене күтіміСұлулық

Сымбатты мүсін: Тік жүру – деннің саулығын білдіреді

Адамның жүріс-тұрысы, мүсіні оның мінезі мен көңіл-күйін көрсетеді. Сымбатты мүсін мен әдемі жүріс сенімділік пен денсаулықты білдіреді. Мұндай адамдар ұзақтан-ақ «менмұндалап» көз тартады. Керісінше, бүкшеңдеп жүру – шаршаңқылық, өзін-өзі төмен бағалау және жан-дүниенің күйзеліске түскенінен хабар береді. Қанеки, осыны ескере отырып, жүріс-тұрысымызға мән беріп көрейікші!

110Қаралымдар

Кеудені қалай тіктеуге болады?

Кейбір адамдарда омыртқаның қисаюы, гормондық бұзылу, тірек-қимыл мүшелерінің жарақаттануы және ауруы сынды физиологиялық ауытқулар кездеседі. Мұндай жағдайда мамандардың қадағалауымен іске асатын ұзақ мерзімді физиотерапия көмектеседі.

Ал егер мұндай созылмалы мәселеге айналмаған болса, оны өз күшімізбен қалпына келтіруге мүмкіндік бар. Ең бастысы – асқан шыдамдылық қажет. Өйткені жүріс-тұрысты қайта жаңартуға тура келеді.

Бүкшеңдікпен күресуге бел бумас бұрын, өзіңіздің ең тұрпайы тұсыңызды еске түсіріңіз. Көптеген адамдар өзіне белгілі мәселелерге жиі назар аударады, ал олармен күресуге кіріскен сәтте одан да күрделі жайттардың бар екендігіне көз жеткізеді.

 Қателерді анықтап алу

  • Денеміздің артқы бөлігін: бас, өкше, бөксені қабырғаға тигізіп, тақалып тұрамыз. Аяқты тік ұстап, қолды босаңсытамыз. Осы кезде денесі тік адамның белі мен қабырға арасына тек бір алақан ғана сыйуы керек. Егер тұтас білек өтсе немесе жұдырық сиып кетсе – бұл тез арада мәселені шешу керек дегенді білдіреді.
  • Сезімге негізделген мынадай қарапайым жолы да бар. Үлкен айнаға қырыннан тұрып қараймыз. Аяқ, иық және құлақ тік сызықты құрауы тиіс. Осы тұрысты сақтап, сезімімізді бағамдаймыз. Осылай тұрған ыңғайлы ма? Егер «иә» болса, барлығы дұрыс. Ал қолайсыздық тудырса – кемшіліктер бар деген сөз.
  • Дене бітіміндегі мәселелерден арылғыңыз келсе, өмір сүру салтын өзгертіңіз. Бұл мәселеге тек оқушылар мен студенттер ғана емес, бір орында қимылсыз жұмыс істейтін адамдар да кезігеді. Мойын остеохондрозы – омыртқа қисаюының бірден бір себебі болып табылады.
  • Жұмыстан кейін денені шынықтырыңыз. Компьютерде дұрыс отыруды үйреніңіз. Аяғыңызды айқастырмаңыз, әрдайым алға тік қарап отырыңыз, қалыпыңызды біртіндеп өзгертіңіз. Компьютермен жұмыс істеу кезінде дененің дұрыс орналасуы туралы қосымша ақпараттарды оқып алыңыз.
  • Егер бүкірейіп келе жатқаныңызды байқасаңыз, бірден өзіңізді түзетіңіз. Туыстарыңыз бен достарыңыздан кеудені тік ұстап жүруді еске салып отыруын сұраңыз. Жаяу жүргенде, иықтарыңызды тіктеңіз және аздап төмен түсіріңіз, мойынды – тік, иекті – еденге перпендикуляр ұстаңыз.
  • Физикалық жаттығулар сапалы нәтижеге қол жеткізуге көмектеседі. Таңертеңгілік жаттығу мен қимыл-қозғалыс та артық болмайды. Жаттығуды бастамас бұрын, физиотерапевтпен кеңескен де жақсы. Сарапшы сізге денені қалай ұстауды, бұл үшін қандай қозғалыстар қажет екенін және қайсысын болдырмау керектігін айтады.

Дене бітіміне арналған жаттығулар

 Мұндағы жаттығулар – фитнес емес. Олардың міндеті – бұлшықетті нығайту емес, денені дұрыс қалыпқа үйрету. Сондықтан, жаттығулар аса күш жұмсамай, бірсарында орындалуы тиіс. Ендеше бірнеше әсерлі қозғалысты қарастырып көрейік:

1. Кітаптармен жұмыс істеу. Үнді және непалдық әйелдердің қолмен ұстамай бастарымен ауыр жүк таситыны барлығымызға белгілі. Бұл мойынның мықтылығымен қатар мінсіз тұрақтылықты қажет етеді.

Керемет жүрісті қалайтындарға бұл тәжірибе аса қажет. Адамға затты өз бетімен ұстап тұруды үйрену үшін, қабырғаға күніне бес-он минут басына кітап қойып тұру жеткілікті. Бұл жаттығу оңай болған кезде, кітаппен баспалдақтан көтеріліп, жаттығуды қиындата түсіңіз.

2. Әдемі жүріс. Бұл жаттығу әсіресе биік өкшелі аяқ киіммен дұрыс жүре алмайтын қыздарға керек-ақ. Оған қоса, бұл майтабандықтан арылуға да көмектеседі.

Еденге таспаны жапсырыңыз немесе бормен ұзын түзу сызық сызып алыңыз.  Сызықтың бір ұшында тұрып, арқа мен басты тік ұстап, сызық бойымен жүруге тырысыңыз. Бұл жерде сызықтан ауытқымай түзу жүру керек.

Бұл үлгіні сән мектептерінде үйретеді. Сондықтан сәнгер қыздар киген кез-келген нәрсе әдемі көрінеді. Ал мұндай жүрісті тік мүсінсіз жүру мүмкін емес. Осылай жүруді күнделікті қайталап отырсаңыз, бүкшеңдіктен арылатыныңыз сөзсіз.

3. Арқаны тіктеу. Кейде мүсіннің бұзылуына бұлшықеттердің әлсіздігі де әсер етеді. Адамға денесін дұрыс қалыпта ұстап тұру физикалық күш түсіреді. Мұны қалпына келтіруге дене жаттығулары көмектеседі.

Еденге етпетінен төмен қарап жатамыз. Аяқты түзу қойып, екі қолды екі жаққа жаямыз. Жауырынды түйістіре кеңірек демаламыз, демді іште екі секунд ұстап тұрып, қайта жібереміз. Бұл әрекетті бес рет қайталаймыз.

Ішпен жатуды жалғастырып, теңіз жұлдызын елестетеміз. Демді ішке тартып, аяқ пен қолды бірге көтереміз. Осы күйде 1-2 секундқа қалуға тырысыңыз, содан кейін қалпыңызға қайта оралыңыз. Жаттығуды төрт рет орындау қажет.

 4. Планкаға тұру. Ол денені тігінен ұстаған кезде барлық бұлшықеттерді қамтиды. Екі шынтақты еденге тіреп жатамыз. Сонда бас, арқа және аяқ бір сызықтай түзу болуы керек. Бір минутқа дейін осы күйде қалыңыз. Жаттығуды осылай үш рет қайталаңыз. Егер қиын болса, біріншісінде еденге алақаныңызбен тұрып көріңіз.

Есте сақтаңыз! Мүсінді қалыпқа келтірудегі ең маңыздысы – жүйелілік және ақылға қонымды тәсілдер. Егер жаттығуларды көтеріңкі көңіл күйде жасасаңыз, жүрісіңіз де айтарлықтай нәтиже береді. Бірақ барлық әдісті бір уақытта қолдануға тырыспаңыз. Алдымен біреуін ғана таңдаңыз. Ол өзінің оң нәтижесін бере бастағанда келесі жаттығуларды қосыңыз. Сізге әдемілік мен денсаулық тілейміз!