СұқбатСыр-сұқбат

Әйел бақытына ие болғың келсе…

Бақыт Кәрібаева — нағыз бүгінгі қазақ әйелінің бет-бейнесі. Білімді, жан-жақты, сұлу, өзгелерге үлгі бола білген көшбасшы, кәсіпкер, ең бастысы - бақытты ана және сүйікті жар. Әйел бақытына қол жеткізуге себепші болып жүрген Бақыт ханым бүгінде өз академиясы ашып, әр әйелді табысқа жетуге үйретіп жүр. Өмір жолында ұстаздықтан бастап басшылыққа дейінжеткен, тіпті желілік маркетингтің биігін бағындырған үлгілі жанмен Сіздер де таныс болыңыздар.

Адам арасындағы қарым-қатынас тақырыбы ешқашан біткен емес. Әсіресе әйел дамуы, табысқа және әйел бақытына қол жеткізуі – бүгінгінің басты тақырыбы. Осы салада замандастарына көшбасшы болып жүрген Бақыт Кәрібаева «Сырласу» журналына сыр шертеді.

Бақыт ханым, өзіңізді life-тренер, коуч, желілік бизнестегі саусақпен санарлық лидер ретінде танимыз. Әсіресе «Табысқа жету» атты академияңыз сырғалылардың арасында сұранысқа ие. Академия туралы толығырақ айтып берсеңіз…

«Табысқа жету» академиясының негізін қалап, оны құрғаныма бір жыл болды. Осы уақыт ішінде 15 академия  өткіздім.  «Табысқа жету» академиясы – трансформациялық білім беру жүйесі. Академияда білім алу 7 күнге созылады. Алғашқы келген күннен бастап адамға өзін табысқа жетуге кедергі келтіретін нәрселерді жоюға көсмектесеміз. Бұл техника адамды өзін тәртіпке келтіруге және командамен жұмыс жасауға үйретеді. Кез келген жан табысқа жету үшін ыңғайлы мекеннен, яғни, «зона комфорта» дейміз ғой, шығуға тура келеді. Академияма келген адамның мақсаттарымен жұмыс істейміз. Мен кездестірген адамдардың  көпшілігі «мақсат қоямын, бірақ сол мақсатқа жете алмаймын» деп жиі айтады. Ондай адамдарға мақсатқа жету техникаларын білмейтінін айтамын. Сабаққа қатысқандарға мақсатқа жетудің 5 техникасын көрсетемін. Көп адаммен жұмыс істей келе, олардың басым бөлігінің ауқымды ойланбайтынын аңғардым. Мен олардың саналарын өзгертіп, ой-өрісін кеңейтуді үйретемін.

 Келбетіңізден әрқашан нұр шашылып тұрады. Барлық қыз-келіншектерге сұлулығыңыздың сырын айта отырыңызшы?

Дүниедегі баға жетпес байлық пен 100 пайыздық кепілдеме — өз өзіңе білім құю, өзіңді өсіру, дамыту. Әйелдің бақыты тек ерінде және отбасында емес, сүйікті айналысатын ісі де аса маңызды. Әдемі әйел, сүйікті жар, сүйкімді ана, шаршамайтын әже, іскер тұлға, мықты лидер болу — мен үшін оңай олжа болған жоқ. Мен әлі де өзімді жаһұт тастай қашап келемін.

Мен үшін өткен жол мен тәжірибе маңызды емес, маңыздысы — бүгінгі күн. Күш-жігерің, қайратың, энергияң қандай? Өзіңе сырттан қарап, сын көзбен қандай баға бересің — сол маңызды. Әр адам өз өмірінің құрастырушысы, сценаристі. Сол себепті өміріңді өзгертіп, әйел бақытына ие болғың келсе менің тренингтеріме қатысыңыздар!

Бүгінгі күнге жетуім оңай болған жоқ дедіңіз. Өмір жолыңызбен бөлісе отырсаңыз..

Алматы облысы, Райымбек ауданында, орта отбасынан шықтым. Әкем әскери адам, ал анам үй шаруасындағы әйел болды. Мектепті ауылдан тәмамдап, арман қала Алматыға келдім. Бала күнімнен өнер адамы – әнші, актриса болуды армандадым. Ауылдан музыкалық білімсіз келгендіктен біраз қиналдым. Дейтұрғанмен арманыма адал болуды жөн көріп, Мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының музыка факультетіне оқуға түсіп, аккордеон сыныбын қызыл дипломмен тәмамдадым. Мамандығым бойынша балабақшаға орналасып, музыкалық жетекші болып қызмет еттім. Ең алғашқы жалақым қолыма тигенде тіпті, көзімнен жас шыққан еді. Себебі ешқандай музыкалық білімсіз оқуға түсіп, кәсіби маман болып шықтым және сол еңбегімнің жемісін жей бастадым. Бұл мен үшін үлкен жетістік еді.Біраз уақыттан кейін мектепке жұмысқа тұрдым. Ол жерде 26 келілік аккордеонды арқалап жүріп тиын-тебен алатынмын. Сол себепті екінші білім алуға тура келді. Сөйтіп орыс тілі пәнінің мұғалімі болдым. Алайда жалақымды алғанда көңілім қайта құлазыды. Ол жылдар шынымен қиын еді. Сол үшін үшінші білім алуды жөн көріп, қазақ тілі пәнінің мұғалімі мамандығын игердім. Орыс сыныбындағы оқушыларға қазақ тілінен сабақ беріп жүріп бірте-бірте басшылық қызметке ауыстым. Бірнеше жылдан кейін аудандық білім бөлімінде, кейіннен Алматы қаласының білім басқармасында жұмыс істедім. Сондай-ақ, қазақ, орыс, ағылшын тілінің сөздігін жазып шығып, Қазақтелеком корпорациясына жұмысқа тұрған едім.Бір күні құрбым Айша Мекебаева маған желілік маркетинг туралы айтып, компания мүшесі болуға шақырды. Барлығын саралай келе осы салаға бет бұруға шешім қабылдаған едім. Содан кейін алты айдан кейін қызметімді тастап, осы желілік маркентигпен толыққанды айналыстым. Ол жылдары айналамдағылар шешіміме түсіністікпен қарамай, керісінше, біраз сөккен еді. Алайда мен райымнан сол күйі қайтпадым. Бүгінгі таңда желілік маркетингке келгеніме алты жылдан асты. Алты жыл бұрын маған кәсіптің осы түрін игеруге көмектескен жанға әлі күнге дейін алғысымды айтамын.

Желілік маркетингте ең маңыздысы не? Неліктен таңдауыңыз Energymax желілік компаниясына түсті?

 Мен үшін желілік маркетинг – мүмкіндіктер  мекені.  Оның арқасында біраз жетістікке жеттім. Үй салып, пәтерлер алдым, әлемді араладым. Оған қоса балаларымды шетелде оқыттым, қыздарымды абыроймен құтты орнына қондырдым. Мен бұл ортада табыс табуды, команда құруды үйрендім. Өз басым адам таңдайтын адаммын. Маған оның ой-өрісі, өмірлік мақсаттары, имандылығы, жүрек тазалығы өте маңызды. Сол үшін Energymax компаниясына келерде оны барынша зерттедім. Негізін салушысы кім, командадағы адамдар қандай? Соның барлығын бақылай келе компания мүшесі болуға шешім қабылдадым. Оған қоса, өзім патриот болғандықтан қазақстандық компанияны, отандық өнімді таңдадым. Компанияның өз зауыты, диагностикалық орталығы бар. Адамдар тексеріліп, өнімді қабылдап, денсаулықтарын жақсартып жатады. Қазіргі уақытта компаниядағы менің командамда үш мыңға жуық адам бар.

Неден шабыт аласыз?

Немерелерімнен шабыт аламын. Олардың қуанған жүздерін көріп шабыттанамын. Сондай-ақ, адамдарға білім беру, олардың өмірінің сәл де болса өзгеруіне септесу шынайы ләззат сыйлайды. «Әйел бақыты» атты тренинг жүргіземін. Оның арқасында ажырасқан әйелдер жарларымен қайта қосылып, бүгінде отбасын берік ұстап отыр.

 Күніңіз қалай өтеді? Бір күніңізді суреттеп берсеңіз…?

Менің күнім – ғажайып таңнан басталады. Бес жыл бұрын «Магия утра» кітабын оқып, ой елегінен өткізгеннен кейін таңғы бесте тұруды әдетке айналдырдым. Әр таңда күлімдеп оянамын. Менің ойымша, таңертең адам екі сағатын өзіне, өзінің ойларына бөлу керек. Сол себепті таң атысымен жүгіруге шығамын. Содан кейін душ қабылдаймын. Бұл күні бойы сергек жүруге көмектеседі. Оған қоса бет күтіміне ерекше мән беремін. Әрине, таңғы асты да ұмытпаймыз. Кейіннен жоспар бойынша жұмысқа аттанамын. Өз басым үй қызметшісін ұстамаймын, сол үшін кешкілік уақытта жұмыстан келіп, үй жинап, тамақ жасаймын.

Отбасыңыз туралы айтып беріңізші?

 Жұбайым Берекет Кәрібаев көпке танымал тұлға, тарих ғылымдарының докторы, профессор әрі Ұлттық ғылым академиясының академигі. Қазақ хандығын зерттеп жүрген ғалым. Екеуіміз де өте қарапайым отбасынан шықтық. Дейтұрғанмен күшімізді жұмылдыра келе жақсы өмір сүруге ұмтылдық.

Екі қыздың анасымын. Қыздарыммен жақсы доспын. Бір-бірімізді жақсы түсінеміз. Тұңғышым Баян тұрмыста. Бүгінде жолдасы Тілек екеуі үлгі боларлық отбасы болып отыр, өте бақытты. Кіші қызым Айжан – журналист, блогер әрі стилист. YouTube желісіндегі алғашқы қазақтілді блогерлердің бірі. Бүгінде екі баланың анасы. Күйеубалам Диас «Ақ мамам» деп маңдайымнан сүйіп жатады. Көбісі оны менің туған ұлым, ал қызымды келінім деп ойлап қалады. Бірнеше тілді меңгерген, «Болашақ» бағдарламасын тәмамдаған өте ақылды, иманды жігіт. Екінші күйеубалам да жаныма жақын. Жалпы отбасыммен мақтанамын.

Журналымыздың оқырмандарына айтарыңыз болса, мархаббат!

 Әр адам дүниеге бір мақсатпен келеді. Бұл өмірде артымыздан із қалдыруға тырысуымыз қажет. Жан-жағыңызға мейірімдеріңізді төгіп жүріңіздер. Өзгелерге жақсылық жасап, қуаныш сыйлаңыздар. Күн сайын бірдеңе біліп қалуға тырысыңыздар. Адам үшін білімге деген құштарлық, еңбекқорық, сабырлылық – ең маңызды қасиетер. Әрдайым табысты болыңыздар!