Жан әлеміӨзіңді дамыт

Талантыңды таны! “Өзін” іздеп жүрген жандарға…

Өз өміріне көңілі толмау әрі өзіне деген сенімді жоғалту адамды тығырыққа тіреуі мүмкін. Осындай жағдай орын алмас үшін өзгерістерге бет бұру керек.

Ең алдымен, бойыңыздағы талантты байқап, оған еркіндік беріңіз. Егер қолыңыздан келер кәсіпті іздесеңіз, «Бақытты іздеу» деп аталатын жаттығуды жасау артық болмас. Жаттығуды оңашада жасаған жөн, себебі топ арасында талантты тану қиын. Оның үстіне көп жағдайда өзге адамдардың ойларын ұрлауға көшетініміз де жасырын емес.

Сондай-ақ, жаттығуды бойда ешбір алаңдау әрі реніш сезімінсіз, сау әрі қалыпты күйде жасаған пайдалы. Еңбек демалысында немесе табиғат аясында болсаңыз, тіптен керемет болар еді. Қалауыңызға байланысты визуализация техникасында да, жазбаша түрде де тәжірибе жасай аласыз. Сонымен, жеке қалып, сүйікті әніңізді қосып, жағымды көңіл-күйде төмендегі жаттығуларды жасауға кірісіңіз:

Шынайы бақытқа бөленген сәтіңізді қиялдаңыз

Өзіңіздің қайда жүргеніңізді, не істеп жатқаныңызды әрі айналаңызда кім бар екендігін ойластырыңыз. Мүмкін сахна төрінде әуезді ән шырқап тұрған шығарсыз, көпшілік қошеметтеп, шапалақ ұрып жатқан болар? Подиумда сән көрсетіп жүруіңіз де бек мүмкін.

Жасыңыз бен түр-әлпетіңіз айтарлықтай рөл ойнамайды, тек қолыңыздан не келетінін ойлап, соны елестетуге тырысыңыз. Қазіргі уақытта 30 жастан асқан, тіпті 60-ты еңсерген адамдарға да арналған модельдер мектептері, вокал және интуитивті сурет салу сабақтары бар. Бұл – тек болашақтың қиялы емес, өйткені ХХІ ғасырда ересектер үшін мүмкіндіктер толассыз.

Өзіңізге сұрақ қойыңыз: Қандай қызмет қуаныш сыйлайды?

Өзіңізді қай жерде және қандай жағдайда жоғары білікті маман ретінде сезінесіз? Бәлкім, бұл өзіңіз сұхбат берген картиналарыңыздың көрмесі болар?

Үйіңізде бір қуанышты тойлап, отбасыңыздың ортасында өз қолыңызбен жасаған пәтер интерьеріне таңданып отырған да шығарсыз? Бұл тұрғыда арманыңыздағы барлық дүниелерді ұсақ-түйекке дейін (қайда екендігіңіз, не істеп жүргеніңіз әрі кім болғыңыз келетіні) ойластыру маңызды.

Өзіңізге құлақ асыңыз

Егер жаттығуды дұрыс, талапқа сай жасасаңыз, «Мен жай отырмын, ләззат алудамын әрі демалудамын» деген ой торламауы керек. Адамның бір нәрсені жасауға зауқы соқпаса, онда ол – күйзеліс пен әлсіздіктің белгісі екені сөзсіз. Бұл – өліммен пара-пар. Дені сау тірі ағза өлімнен қашады, ол тек алға жүруді ойлайды. Себебі, қозғалыстың өзі дамуды білдіреді.

Жаттығу барысында әрекет ету және адамның өзін-өзі қалыптастыру ниеті маңызды екендігін ұмытпаңыздар.

Өзіңізден «Жетістігіңіздің сыры неде?» екенін сұраңыз

Бұл жаттығуды жасау сәтінде жеңіл әрі жартылай медитациялық күйге түсіп, оқиғалардың даму барысын елестетуіңіз керек. Мәселен, қиындылардан зауыт құрастырасыз, киттерді құтқарасыз немесе алтындатылған кесте өрнектерін қалпына келтіресіз дегендей – өзіңізді кез келген қызмет иесінің орнына қойып көріңіз.

Қиялдау барысында көз алдыңызға бұрын өзгелерге таңдана әрі қызғанышпен қараған дүние келуі мүмкін. Өзіңізге толық еркіндік сыйлаңыз.

Тәжірибе барысында әжеңіздің “Әй, қайда барасың? Қолыңнан келмейді”, анаңыздың «Алдымен, жоғары білім ал, содан кейін қалағаныңдай өмір сүр» деген сөздері кедергі келтіруі мүмкін. Мұның бәрі санаға сіңіп қалған сөздер болғандықтан көп тосқауылды тудырады. Сондықтан бұл сөздерді еске алмауға ұмтылыңыз.

Балалық шағыңызды еске алыңыз

Балалық шағыңызға саяхаттап келген уақытта, сізге белгі бергендей күй кешесіз. Ауырдың үсті, жеңілдің астымен келген дүниелерді есіңізге түсіріп көріңіз. Қандай пәндер мен сабақтар (футбол, ұтыс ойындар, шығармалар немесе қиын математикалық есептерді шешу) аса қызық болып еді? Сірә, бұл өзіңізді жақсы көрсете алатын сала болар?!

Адамдар сізден не талап ететінін ойлаңыз

Басқаларға қарағанда көркемірек, сапалырақ, жақсырақ жасай алатындай, қолыңыздан не келеді? Сізді не үшін мақтап-мадақтайды әрі не себепті алғыс айтады?

Қарапайымдылықты қойыңыз, өзіңізді объективті және сүйіспеншілікпен бағалай біліңіз. Бәлкім, тамақ дайындап, кеңістікті жобалап немесе достар арасында айтылатын әзіл-оспақ мәтіндерін жазып жатқан да боларсыз?

ҚОРЫТЫНДЫ

Барлық сұрақтарға жауап бергеннен кейін, талдау жасауға кірісіңіз. Талдауға келген уақытта адамда нақты түсінік пайда болады. Мәселен: «Бірнеше жыл бұрын осы дүниені жасағым келіп еді, тіпті осыған байланысты ұсыныс та түсіп еді, бірақ ішкі қорқынышымның кесірінен батылым жетпеді» дегендей.

«Сол сезімді» сезінгендігіңіздің белгісі: ішкі ерік-жігеріңіздің артқанын сезесіз, сол ойды дамытуды жалғастырғыңыз келеді, тіпті бірден әрекет етуді қалайсыз. Бәрін бірдей жүзеге асыру мүмкін еместігі белгілі: 50 жасыңызда “Үлкен театрда” билей алмауыңыз мүмкін.  Бірақ әрқашан өз жолыңызды таба алатыныңызға сеніңіз. Мысалы, классикалық би сабақтарына бару, осы бағытта даму, жаттықтырушы болу немесе басқа адамдар үшін би кештерін ұйымдастыру дегендей.

56 жасында йогамен айналыса бастаған әйел бар, ол 60-қа таяған уақытында жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, йогадан сабақ беретін жағдайға жетті. Әлгі әйел өзінің 55 жасындағы суреттерін көрсеткен кезде өмірден шаршаған, көзі ісіп кеткен, артық салмағы бар адамды көресіз, ал 60 жасындағы суретінен сенімді, жарқын және жас жанды байқайсыз. Әрі мұндай мысалдар көп!

Өміріңізді қызықты етуге ешқашан да кеш емес. Бірақ мұны неғұрлым тезірек жасасаңыз, соғұрлым көп ләззат алатындығыңызды естен шығармаңыз!