Бала тәрбиесіОтбасы

Телефонмен егіз туған балалар

006a6b20-cf4d-497d-aae1-d6db0b546e3e

Жаңа технологиялардың дамыған заманында балаларды электронды құралдардан айырып алу қиынға соғып барады. Біздің балаларға ұялы телефон не компьютерді сөндіру туралы өтінішіміз немен аяқталатынын есімізге түсіріп көрейікші?

585Қаралымдар

Баланың компьютер мен ұялы телефонға тәуелді болуы – әрбір отбасындағы  түйткілді мәселе.Ойынның қызығына шомылған балаға көрші бөлмеден «Кешкі ас ішетін уақыт болды. Бес минуттан кейін компьютер сөнсін!», деп дауыстап жатамыз. Ал бала не істейді? Қойылған сұраққа немқұрайлы қарап, ойынын жалғастыра береді немесе долданып, жағдайды одан әрі күрделендіреді. Дәл осындай сәттерде біздің компьютерді тоқтан суырып тастағаннан басқа амалымыз жоқ. Бауыр етін зиянды іс-әрекеттен арылтамын деген оймен ата-ана оның психологиясына кері әсер етіп, жағдайды ушықтырып алады. Психолог Изабель Филлиозаның пікірінше, ата-ана балаға талап қоймас бұрын оның бабын тауып, тілдесуі керек.

Изабель Филлиоза – бала тәрбиесіне қатысты көптеген кітаптардың авторы, психолог. Оның еңбектерін француз тілді мемлекеттерде мыңдаған ата-ана жанына жалау еткен. Изабель өз кітаптарында баланы жанжалсыз электронды құралдардан ажыратып, отбасы беріктігін нығайтудың қарапайым тәсілдерін көрсеткен.

Баланы былай қойғанда, тіпті ересек адамның өзі теледидар көріп, компьютердегі ойынның қызығына кіріп кетеді. Осындай сәттерде біреу кедергі келтірсе, кәдімгідей ашуланып шығатындар да бар. Мұндай құмарлықтан бас тарту – ересек адам тұрмақ, бала үшін өте күрделі. Оның себебін Филлоза былай түсіндіреді: «Адам электронды құралды қолына алған сәттен бастап мүлде өзге әлемге енеді. Электронды құралдан шыққан жарық, дыбыс, бейненің лезде ауысып отыруы – көрерменге жайлы күй сыйлайды. Экран адамның миына қатты әсер етеді. Адамның өзге іс-әрекеттерге қызығушылығы болмайды.

Дәл осындай сәттерде адам миы дофамин – нейромедиаторды шығарады. Бұл күйзеліс пен аурытпалықты болдырмайтын маңызды гормон. Экран алдында отырғанда ұялы телефон не компьютерді бірден сөндіріп тастаса, баланың миындағы домафин күрт төмендейді. Мұның салдарынан ол денесі ауырғандай жайсыз күйге енеді. Негізінде баланың денесі емес, жаны ауырады. Бұл сезім оның бірден айқайға салып, жанжал шығаруына әкеліп соғады. Ата-ана копьютерді қолдануға болатын уақытты анықтап, бекітеді. «Бес минуттан кейін компютер сөнетін болсын», «Ұялы телефонмен күніне тек 20 минут ойнай аласың». Бұл қатаң ереже ата-анаға түсінікті болғанымен, бала оны толық түсінбеуі мүмкін. Ол экран алдында отырғанда ақпаратты қабылдап, қорытуға қабілетсіз. Бір сөзбен айтқанда, баладан ұялы телефонды күштеп тартып алу – оның жан-дүниесін күйзелтуі мүмкін.

brother and sister with touch pad at home

Бұл мәселені қалай шешеміз?

Изабель Филлиоза тәсілі:

  • Балаға электронды құралды қолдануға берілген уақыттың тәмам екенін айтып, бірден тоқты суыруға асыққан дұрыс емес. Алдымен оның күйіне енген абзал. Бала теледидар көріп не ұялы телефонда ойын ойнап отырса, жанында жарты минут отырып, іс-қимылдарын бақылау керек.
  • Кейбір балаларға «Не көріп отырсың?» десек жеткілікті, ал біреулеріне «Бұл ойынның қай деңгейіне жеттің?», «Мынау қызықты кейіпкер екен! Оның есімі кім?» деген сұрақтарды арты-артынан жаудыра берген жөн. Бала ата-ананың мұндай қызығушылығына қуанып, әңгімеге тартыла бастайды.
  • Ол ата-ананың қойған сұрақтарына жауап бере келе, виртуалды кеңістіктен өз әлеміне ерікті түрде оралады. Сұрақ қойғанда бала жылдам әрі нақты жауап бермеуі мүмкін. Ол белгілі бір уақытты қажет етеді. Дегенмен, осылайша ата-ана мен бала арасында берік көпір тұрғызылады. Баланың назары біртіндеп үлкенге ауысады. Мұндай сәттерде дофамин күрт төмендемей, бала өзінің қалыпты жағдайына біртіндеп келе бастайды. Яғни, ол үлкендердің айтқанын жанжалсыз, бұлжытпай орындауға тырысады. Оны виртуалды кеңістіктен сабырмен шақыртып алғандықтан, бала ақпаратты естуге, қорытуға қабілетті. Ол ата-ананың қызығушылық танытқанына қуанып, тіпті электронды құралды өзі сөндіріп кетуі мүмкін.

Қорыта келе, әрбір ата-ана ұялы телефон немесе компьютердің алдында отырған баласын көргенде ең алдымен ойлануы керек. Бала дәл қазір нені ойлап отыр, оның басында не болып жатыр? Тек осы сұрақтарға жауап алып, ары қарай баланың тілін табуды ойластыру керек. Изабель Филлиоза ұсынған тәсілдерді қолданып көрген жөн. Бұл шынымен мәселені едәуір жеңілдетеді.